Немесе ұрпақтар сабақтастығы үзіліп бара ма?
Таяуда Сауран ауданына жолымыз түсіп, сондағы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болдық. Мамандарының айтуы бойынша орталық күнделікті бірнеше ондаған адамға қызмет көрсетеді екен. Яғни зейнеткер қарияларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмектеседі.
Біз осындағы массаж кереуетінің қызметін пайдаланып жүрген Қатира есімді кейуананы сөзге тартып көрдік. Кейуана орталықтың қызметін, көмегін, қызметкерлерінің жақсылығын айтып, бірден мақтай жөнелді. Апаның сөзінен бұл жердің ұнайтыны аңғарылады. «Бұл жерде ем алуға, демалуға, бос уақытты мағыналы өткізуге, өзіміз қатарлы қариялармен әңгіме-дүкен құруға қолайлы жағдай жасалған. Массаж кереуеті керемет, бел омыртқаға пайдалы екен», – деді.
Қарт адамның жағдайын жасаған жақсы ғой. Бәлкім, қызметкерлері күліп қарсы алатын осындай аурасы жайлы жерге олардың да жиі-жиі келгісі келіп тұратын шығар. Мүмкін болса, қалған өмірінде тұрақтап қалғысы келетін де болар…
Әже көрген баламыз ғой, еске өзімізді арқалап жүріп өсірген әжеміз түсе кетті. Ол кезде мұндай арнайы орталықтар жоқ, ата-әжелеріміздің күні үйде өтетін. Олар балаға, бау-бақшаға, малға қарайтын, әйтеуір пайдасы молынан тиетін еді. Ертегі, аңыз, батырлар жырларын айтып беретін, ақ-қараны ажыратып, жақсы-жаманды танытатын. Әжеміз той-томалаққа барса нымшасының қалтасына міндетті түрде тәтті-пүтті салып әкелетін еді. Бар зейіні бізде болатын. Әжем қайтыс болғанда алғашында «тойға кетті» дегенге сеніп, кейін «әжемді шақырыңдар, той біткен шығар» деп әке-шешемнің мазасын алғаным есімде. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп қазақ тектен-тек айтпаған ғой, біздің бала кезімізде ата мен әженің отбасында ойып аларлық өзіндік орны бар еді. Осынау бір сәттік тәтті ойдың әсерімен: «Апа, немерелеріңіз бар шығар?
Негізі мұндай жерде демалғаннан гөрі үйдегі қарадомалақ немерелерді арқаласаңыз, ертіп көрші-қолаңды аралап жүрсеңіз, нағыз массаж, нағыз жаттығу сол емес пе? Үйде сиыр сауып, құрт қайнатып, күбі пісу — демалудың көкесі емес пе?» – дедік әзіл-шынын араластырып. Апамыз келіскен сыңай танытқанымен, жауап қайтармады.
Дискотекада – кексе әйелдер…
Жуырда «Сарыағаш» шипажайында ем алып, демалып қайтқан інімнің әңгімесі еске түсті. «Еркектің көбі ертерек өмірден өтіп кетеді-ау деймін, шипажайда – қаптаған кексе әйел. Кешкі дискотекада жалаңбас, шалбар киіп алып билеп, мәз болып жүреді. Дүкендерде сыра жеткілікті сыңайлы, кей еркек төрт-бесеуі бас қосып алып, сыраны «сыңғытады» екен-ай кеп. Жанымда жасы 80-ге таяп қалған бір қария жатты. Сөз арасында «Немерелеріңіз бар ма, ата?» – деп сұрадым. «Немереге біздің, бізге немеренің керегі шамалы болып қалды ғой. Адам бірінші кезекте өзінің жағдайын жасауы керек. Өзі үшін өмір сүруі керек», – деді атам өз пәлсапасын сездіріп. Балалары қаладан бір бөлмелі пәтер әперіп қойыпты. (Бұл Қарттар үйіне дейін бір қадам қалғанын білдірсе керек). Аудан орталығындағы зейнеткерлерге арнап ашылған орталыққа күнде баратынын, тренажерлерде жеңіл жаттығып, теннис, бильярд ойнап, уақытының көбін сонда өткізетінін айтты», – деген інімнің әңгімесі көңілімді құлазытып жіберді.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген. Біздің кезіміздегі қариялар немерелерінің қызығын айтып, күнін солармен өткізіп, көңілін солармен алдандыратын. Қазіргі ата-әжелердің көбі үйде немереге қарағаннан гөрі өзінің жайлы өмір сүргенін артығырақ көретін сияқты. Бұл дұрыс па, бұрыс па?
Санамызда сандалған осы сауалды көзтаныс, көнекөз қарияларға қойып көрдік. «Қартайғанда демалу, денсаулыққа көңіл бөлу керек әрине, мен жыл сайын шипажайға барып тұрамын. Бірақ, өздерің айтып отырған ауданда ашылған орталыққа барған емеспін. Ол жақта уақытымды өлтіргенше, қариялық жолыммен жастарға білген ақылымды айтып, жиған тәжірибемді жеткізіп отырғаным жөн емес пе? Әрине, бұрын кез келген ата-әжеге немересін арқалап жүруі арман болатын. Қазір ол үрдіс өзгерген тәсілді. Әркім өзін ойлайтын болып барады. Сосын «маған бала мен немере қарамайды» деп жылап жүреді. «Балам қарамайды» деп сотқа жүгінгендерді де білеміз. Саған біреу қарауы үшін бірінші кезекте сенен оған мейірім болуы керек қой. Сол кемпірлер массаж кереуеті дегенше, расында да немересін арқаласын. Біріншіден, немересі тәрбиелі өседі, екіншіден мейірімі сіңеді. Мейірім көрген баладан ертең мейірім күтуге болады. Қазір ата-әже, әке-шешенің бақылауынсыз қалған балалар телефонға әуестенді. Бақылаусыз қаралған телефон баланы қатыгездікке, мейірімсіздікке, жалқаулыққа тәрбиелейді. Соны біле тұра «жастар жалқау, қатыгез, мейірімсіз болып барады» деп налимыз. Жастарға бірінші өзіміз үлгі болуымыз керек», – дейді Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Мекенбай Атабаев ақсақал.
Расында немереге қараудың өзіне тән рахаты бар емес пе?! Ұрпақ жалғасының тәй-тәй басқаны, былдырлап тілінің шыққаны, әр нәрсеге қызығып, үйренгенін көріп, сезінудің өзі бір бақыт қой. Оған өміріне пайдасы тиетін білім, өнер үйрете алсаңыз, үйренуіне жағдай жасай алсаңыз, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре алсаңыз қамсыз қарттығыңыз мәнге, мағынаға тола түспей ме? Немере жалғызсыратпайды, жалықтырмайды, көңіліңізді көтереді. Оның тіпті денсаулығыңызға, өміріңіздің ұзаруына септігі тиюі де мүмкін-ау. Өзіне мейірім төккен атасын, әжесін ол да жақсы көретін болады. Жүзінен әр тайып, бойынан қуат жоғалып, қолынан күш кеткенде оларға қамқор болады. Ал немере өміріне, тәрбиесіне араласпайтын қария немереге, немере ата-әжесіне жат болып кетпей ме? Мұндайда кім кімге өкпелегендей? Немере тәрбиелеудің орны бөлек, маңызы зор, қария адам сол арқылы өмірге араласады, отбасына, әулетіне пайдасын тигізеді.
Әрине, қарияларға қамқорлық жасап отырған мемлекеттің бағдарламасын қажетсіз демейміз. Пайдасын тигізіп жатыр. Дегенмен ол «адамды өзімшілдікке, өзінің қартайғанын міндет етуге, тегінді пайдалануға құмарлыққа да үйретіп жатқан жоқ па, үйдегі «кесе-шәйнектің сылдырын» көтере алмай, қит етсе «кетемге» басатын әйелдер шоғырын қалыптастырып, олар «жайлы жерлерге» үйір боп жатқан жоқ па?» деген де жағымсыз ой сананы сығалайды. Қанша дегенмен, мемлекетіміз үшін отбасы беріктігі маңызды, ал ол ерлі-зайыптылардың, отбасы мүшелерінің қиындықтарды бірге көтеруімен қалыптасатыны – құбылмайтын қағида.
Зейнеткерлерге, отбасын қолдауға арналған мұндай орталықтарға мемлекет қыруар қаржы бөліп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде облысымыздың барлық аудан, қалаларында 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді екен. Оларда жалпы 261 штаттық бірлік қызмет атқаруда. Орталықтарды ұстауға 2025 жылға жергілікті бюджеттерде 1 063,4 млн. теңге қаралған.
Қазығұрттағы жақсы үрдіс
Баламалы түрде айтар болсақ, мәселен, Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылының қариялары әр жексенбі күндері бас құрап, кезектесіп қымыз гәп ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Жаңабазарлық Шәріпбай қарияның сөзіне қарағанда, онда ауылдың ортақ, түйткілді мәселелері, мұқтаждарға көмек мәселесі талқыланады екен. Өзара жанжалдасып, араздасып, алакөзденіп, ауылдың берекесін қашырып, отбасын ойран етіп, шаңырақтың шырқын бұзып жүргендер болса, жарастырып, сауап іске себепкер болады. Тіпті шөп шабу, су бөлу секілді ауылдағы ұсақ мәселелерге дейін сол гәпте талқыға түседі екен. Мемлекеттен бұл бастамаға бір тиын да бөлінбейді. Осындай басқосулар әлгіндей орталықтардағы кездесулерден әлдеқайда маңызды емес пе?
