АЛУАН-АЛУАН
ЕЛДЕР БАР…
Футболдан биылғы Әлем чемпионаты жанкүйерлерге небір таңқаларлық оқиғалар мен сенсацияларды ұсынып жатыр. Аяқдоп додасына көпшілік жұрт бұрын атын естімеген кей елдердің ойыншылары да қатысуда. Сол мемлекеттердің кейбірі жөнінде танымдық деректер ұсынуды ұйғардық.
158 мыңдай ғана тұрғыны бар
Кариб теңізі аумағындағы Кіші Антиль аралдарында орналасқан шағын ғана Кюрасао елінің футболшылары чемпионатқа тұңғыш рет қатысып отыр. Бұл ел негізінен Нидерланды корольдігіне қарайды, «өзін-өзі басқаратын мемлекеттік құрылым» мәртебесі берілген. Ішкі істерін дербес өзі жүргізеді, қорғаныс пен сыртқы істер мәселелерін Нидерланды шешеді. Кюрасаоның өз Үкіметі, Премьер-министрі, Парламенті бар.
Еуропалықтар отарламай тұрғанда мұнда үндістің аравак, какетио деп аталатын тайпалары мекендеген. Бұл аралды 1499 жылы испан теңізшілері ашқан, 1634 жылы нидерландылықтар жаулап алған. Төңірегіндегі суларда маржан рифтері көп, аумағында екі ұлттық парк бар. Ерекше жануарлар мен құстарды кезіктіруге болады. Климаты тропикалық, жылы, жағажайлары көп, табиғаты тартымды болғандықтан туристер көп барады. Офшорлық бизнес дамыған, еркін сауда аймағына жатады.
Кюрасаоның құрлықтағы аумағы бар-жоғы 444 шаршы шақырым ғана, онда 158 мыңдай адам тұрады. Христиан дінін ұстанады. Халқы нидерланд, ағылшын және папьяменто (креол) тілдерінде сөйлейді.
Сөнген жанартаулардың үстінде отырған ел
Биылғы біріншілікке Батыс Африкадағы Кабо-Верде елінің футбол құрамасы тұңғыш рет қатысып отыр. Бұл ел Атлант мұхитындағы бағзы замандарда жанартау атқылауларынан пайда болған жиырма шақты аралдар шоғырынан құралған. Тіпті Ча-даш-Калдейрас деген қалашығы жанартау кратерінің тура үстінде орналасқан. Кабо-Вердеде жанартаудың соңғы рет атқылауы 2014 жылы Фогу деп аталатын аралда тіркелген. Жер сілкінісі жиі болып тұрады.
Бұл елде минералды су көздері көп. Жабайы табиғаты бай. Теңіз тасбақаларының бірнеше түрі осындағы аралдарда жұмыртқалайды. Әлемдегі жалғыз сұр түсті құлақты жарқанат осында мекендейді. Жақын суларынан кит, дельфин, акулаларды көруге болады. Климаты мұхиттар әсеріне тәуелді, құрғақ, тропикалық. Осыдан 570 жыл бұрын португал жиһанкездері ашқан, Португалиядан тәуелсіздігін 1975 жылы алған. Халқының басым бөлігі португал тілінде сөйлейді, «кабувердьяну» деп аталатын креол тілі де қолданылады. (Креол – еуропалық нәсіл мен жергілікті ұлт өкілдерінің ұрпағы).
Португалшадан аударғанда бұл елдің атауы «жасыл мүйіс» дегенді білдіреді. Жер көлемі 4033 шаршы шақырым, онда 500 мыңдай адам тұрады. Тұрғындары христиан дінін ұстанады. Бір палаталы Парламенті бар парламенттік республика. Саяси тұрақты, билік ашық сайлаулар арқылы ауысып тұрады, демократия, сөз бостандығы бар ел. Туризм дамыған, тұмса табиғатын тамашалау үшін өзге елдерден саяхатшылар жиі барады.
«Пілдері» допты шебер тебеді
Батыс Африкадағы тағы бір ел — Кот-д-Ивуар мемлекеті. Кезінде отарлаушылар піл сүйегін көптеп саудаға салғандықтан «Піл сүйегі жағалауы» деп те аталған. Тәуелсіз, унитарлық мемлекет, президенттік республика. Гвинея шығанағы арқылы Атлант мұхитымен шектеседі. Жер көлемі 322 мың шаршы шақырым, онда 3 миллион 150 мыңдай адам тұрады. 1960 жылға дейін Францияның отары болған. Бүгінде онда 60-тан аса ұлт өкілдері тұрады. Ресми тілі — француз тілі, одан басқа жергілікті дьюла, бауле, бате және тағы да басқа тілдер қолданылады. Халқы христиан, мұсылман діндерін, басқа да түрлі діндерді ұстанады.
Табиғи байлықтары мол. Аумағы екі климаттық белдеуге енеді, сондықтан жыл мезгілдері жағалауға жақын және орталық аумақтарында төрт маусымнан тұрғанымен солтүстік жағында екі-ақ маусымға бөлінеді. Піл, леопард, шимпанзе, ергежейлі бегемот сияқты ерекше жануарлар мекендейтін ұлттық парктері көп бұл елге де туристер жиі барады. Какао, кофе мен шоколадты көптеп шығарады.
Футболшылары — Африкаға аты шыққан спортшылар. Бұл елдің құрамасын «Пілдер» деп атайды. Африка ұлттарының кубогын 1995 және 2015 жылдары екі мәрте ұтып алған.
Үш президент бірігіп басқарады
«Кәрі құрлық» — Еуропада да ерекше мемлекеттер бар. Соның бірі – Оңтүстік-шығыс Еуропадағы Балкан түбегінде орналасқан м және Герцеговина. «Босния» сөзі ескіше «су» деген, «герцеговина» «герцогтың жері» деген ұғымдарды береді. Бұл елде христиандар мен мұсылмандар теңдей мекендейді. Аумағы 51 197 шаршы шақырым, 3 миллиондай адам тұрады.
Мәдениеті, дәстүрі, табиғаты бай ел. Онда негізінен босниялықтар, сербтер мен хорваттар тұратындықтан атқарушы коллегиялық орган – Президенттік құрам қалыптасқан. Елдің ресми тілдері болып аталған үш ұлттың тілдері саналады. «Интермеццо» деп аталатын мемлекеттік Әнұранының сөзі жоқ, тек құлаққа жағымды естілетін музыкасы ғана бар. Елді осы аталған үш ұлттан шыққан Президенттер бірігіп басқарады. Мемлекет Босния-Герцеговина федерациясынан, Серб республикасынан және бірігіп басқарылатын Брчко округінен құралған. Тағы бір ерекшелігі – бұл елдің кей аумақтарында осыдан екі ғасыр бұрын қалыптасқан заңдар да жұмыс істейді.
Елде ежелден сақталған табиғи және тарихи ескерткіштер көп. Бобияшко Око деп аталатын көлінде әлем бойынша тек сонда ғана мекендейтін, тері түсі адамдікіне ұқсас болғандықтан «адамбалық» атанған балық бар. «Перучица» — есте жоқ ерте замандардан, алғашқы кезеңдерден бері сақталған ғажайып орман. Осындай және басқа да ерекшеліктерін көруге, сондай-ақ қауіпсіз деп танылғандықтан Босния және Герцеговинаға да туристер көптеп барады. Онда автокөлік прокаты дамыған, туристер оны еркін пайдалана алады.
Футболды ұлттық ойыны еткен
Кариб теңізінің Үлкен Антиль аралдарында орналасқан Гаити республикасында футбол ұлттық ойын саналады. Бұл елдің аумағы 77 мың шаршы шақырымдай ғана. Онда 12 миллиондай адам тұрады. Тропикалық мәңгі жасыл ормандар көп. Қазір онда ылғалды маусым жүріп жатыр, тамыз айынан бастап тропикалық дауылдар көбейеді. Жануарлар дүниесі жұтаң, тек кеміргіштер мен жарқанаттар көп, жыртқыш аңдар атымен жоқ.
Бұл аралды Америка үндістерінің таино тайпасы мекендеген. Аралды 1492 жылы әйгілі жиһанкез Христофор Колумб ашқан, оны «Эспаньола», яғни «Кішкентай Испания» деп атаған. Испандардың, кейіннен француздардың отары болған. Африкадан құлдар көптеп апарылған. 1708-1803 жылдары онда көтеріліс орын алып, ел тәуелсіздігі жарияланған. Сол жылы әлемде тұңғыш рет қара нәсілділер мемлекеті пайда болды. Ол содан бері «Гаити республикасы» деп аталады. «Гаити» — үндістер тілінен аударғанда «Таулы ел» деген мағына береді. Халқы француз, үндіс және креол тілдерінде сөйлейді. Әлемдегі ең кедей, саяси тұрақсыз, қылмыс көп жасалатын елдердің бірі. Ресми жарияланған деректерге сенсек, халқының тең жартысы сауатсыз, жұмыссыз, 80 пайызға жуығы кедейлік шегінен төмен деңгейде тұрады.
Гаитиліктер музыкаға бейім келеді, онда музыканың бірқатар жанрлары өмірге келген. Сондай-ақ, онда африкалық, карибтік және христиандық ғұрыптар аралас вуду діні қалыптасқан.
Ең терең өзен жағасындағы ел
Әлемдік аяқдоп додасында атой салғандардың бірі – Конго демократиялық республикасының футболшылары. Бұл ел Орталық Африкада, ұзындығы 4800 шақырымға дейін созылып жатқан, 10 мемлекеттің жерін басып өтетін, тереңдігі 220 метрге дейін жететін әлемдегі ең терең Конго өзенінің жағалауында орналасқан. Жер көлемі 2 миллион 345 мың шаршы шақырымды құрайды. Жер аумағының басым бөлігін ормандар мен саванналар алып жатыр. Халқының саны 120 миллион адамнан асады. Еуропалық отарлаушылар барғанға дейін онда пигмей, банту және басқа да қара нәсілді тайпалар мекендеген. Кейін француздар, бельгиялықтар отарлаған. Тәуелсіздігін алғанына алдағы 30 маусымда 66 жыл толғалы отыр. Мемлекеттік тілі – француз, одан басқа жергілікті суахили, лингала және басқа да тілдерде сөйлейді. Онда 1998-2002 жылдары Азамат соғысы болған. 2022 жылдан бері көрші Руанда елімен арасында әскери қақтығыстар жиі орын алуда.
Жануарлар мен құстар дүниесі бай, дегенмен оны тамашалауға әлем елдерінен адамдар көп бара бермейді. Өйткені елде саяси тұрақсыздық бар. Табиғи байлықтары мол болғанымен, экономикасы нашар дамыған.
Әмірдің билігіндегі ел
Футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты өткен Таяу Шығыстағы Катар Әмірлігі әлемдік аяқдоп додасын алғашқы болып өткізген мұсылман елі ретінде тарихқа енген. Негізінен мұнайы мен газы көп, бай мемлекет. Катар футболшылары да бүгінде Әлем біріншілігінде өнер көрсетуде. «Ас-Салам аль-Амири!», яғни «Әмірге – тыныштық сәлемі болсын!» деп ұрандататын елдің мемлекеттік құрылымы – шексіз абсолютті монархия, оны қазір Тамим ибн Хамад әл-Тани есімді Әмір билеп отыр. Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алғанына алдағы күзде 55 жыл толмақ. Бұл елдің аумағы 11 586 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 2 миллион 800 мыңнан сәл асады.
Көріп отырғанымыздай, бұл елдердің кейбірінің жері ұлтарақтай ғана, ресурстары жоқтың қасы, кейбірінің халқы миллионға да жетпейді, кейбірі тіпті кедей. Соған қарамастан футболды дамытқан. Ал, біздің әлеуметтік-экономикалық ахуалымыз аталған елдерден көш ілгері болса да әлемдік доданың есігінен де сығалай алмай отырған жайымыз бар. Қашанға дейін? Әлде бұл арманымыз қиял күйі қалып қояр ма екен?
