Біле жүріңіз

БРУЦЕЛЛЕЗДЕН САҚТАНАЙЫҚ!

Бруцеллез (сарып) – малда, адамда созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ең басты белгілерінің бірі – ол ауырған малдың іш тастауы және шуының түспеуі. Бұл ауру сиыр, қой, ешкі, түйе, шошқа малының арасында жиі кездеседі. Адамдар үшін оның қой, ешкі малының арасында болатын түрі өте қауіпті саналады.

Таралуында ұсақ және ірі қара мал маңызды рөл атқарады. Адамға жұғу жолы ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, тамаққа зарарсыздандырылмаған сүт, сүт өнімдерін, етті қолданудан болады. Сол себепті сақ болыңыз және кездейсоқ сауда орындарынан азық-түліктерді алмаңыз, әрдайым сатушыдан өнімге сапа куәлігін (сертификат) көрсетуді талап етіңіз.

Аурудан сақтану үшін мына жайттарға мән беріңіз:

* Тағам пісіргенде шикі еттің дәмін көруге болмайды;

* Жүкті, бала емізіп жүрген аналарға мал союға қатысуға болмайды;

* Ауру мал тұрған жерді міндетті түрде дезинфекциялау керек.

* Ет шикізаты кәсіпорындары жұмысшылары, ет шабушылар жылына бір рет бруцеллезге тексеріліп отыруы қажет;

* Ауру малдар анықталған отбасы, әсіресе балалар міндетті түрде емдік-профилактикалық мекемелерде медициналық тексеруден өтіп, бруцеллезге тексерілу қажет.

Сондай-ақ мал қожайыны малдағы іш тастаудың, төлдің өлі туылуының әрбір жағдайын мал дәрігерлеріне хабардар етуге міндетті.

Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жылына екi рет бруцеллезге диагностикалық тексеру жүргiзiледi.

Бруцеллез бойынша ветеринариялық iс-шаралар жүргiзу тәртiбiне сәйкес мал иелерi ауру жануарларды басқа жануарлардан оқшаулап, күнтiзбелiк 15 күннен аспайтын мерзiмде ет комбинаттарына немесе сою пункттерiне санитариялық союға өткiзуге мiндеттi. Малды санитариялық союға өткiзгеннен кейiн ауру мал тұрған қораны ветеринариялық қызмет мамандары дезинфекциялау үшiн қи мен жем-шөптен тазартуы қажет. ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25 бабында жеке және заңды тұлғалардың міндеттері көрсетілген. Осы заң талаптарын негізге ала отырып, сатып алынған, сатуға шығарылған малдың, еттің, сүттің саудаға шығарылған мал өнімдеріне малдың денсаулығы туралы мал дәрігерінің ветеринариялық анықтамасымен жүргізілуі тиіс.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, кез келген аурудың алдын алу үшін жеке бастың гигиенасына көбірек көңіл бөлуді, сонымен қатар мал ұстаумен айналысатын тұлғалар жылына республикалық бюджет есебінен жүргізілетін жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егілетін вакцинациядан малдарыңызды қалдырмай, туған төлдері туралы сатылған, сойылған немесе сатып алынған малдар туралы уақтылы мал дәрігерлеріне хабарлап, АШЖБ дерекқор базасына тіркетіп алудың маңыздылығын ескерсеңіздер.

У. Байымбетов,

ТО ВБ «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК Сауран ауданы филиалының басшысы міндетін уақытша атқарушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *