Құрметті редакция, менің осы пікірімді газеттеріңізде бассаңыздар екен. Өйткені бұл мәселе бүгінде талай жанды мазалап жүрген болуы әбден мүмкін.
«Бір уақыт белдеуіне келтіреміз» деп сағатты жылжытқанына да екі жыл болды-ау. Амал жоқ, адам бәріне де үйренеді ғой. Үйреніп келеміз. Қайтеміз енді…
Бәрінен бұрын ұйқының қанбайтыны қиын болды. Өз басым ұйқыбас емес едім, бірақ осы сағат ауысқалы бойымда бір жағымсыз өзгеріс бардай өзімді үнемі жайсыз сезінетін болдым. Ұйқының шала-шарпы болуынан-ау деймін осыны. Сіздер қалай ойлайсыздар? Сағаттың жылжытылғанына үйреніп кеттіңіздер ме? Өздеріңізді жайлы сезінесіздер ме?
Қазір жаздың кезі, күн ыстық, ұйқыға кеш жатамыз. Дұрыс тыныға алмаймыз, дөңбекшу басталады. Маған, мысалы, кеш батқан соң көп ұзамай-ақ бірден таң атып кеткен сияқты болады. Өйткені жастыққа басты қоя салысымен бірден ұйықтап кете алмаймын. Көз ілемін дегенше сағат түнгі он екі болады немесе одан да асып кетеді. Ал сағат төрттің шамасында ағараңдап таң біліне бастайды. Терезені тұмшалап қоймасаң жарық түсіп кетеді. Жарық түскен соң, әрине, ұйқының мазасы қашады. Дөңбекшіп, ұйықтай алмайсың.
Осының бәрі жылдар бойғы қалыптасқан режимнің бұзылуынан деп ойлаймын. Ал ұйқы толыққанды болмағасын ол көңіл-күйге де, денсаулыққа да әсер етері анық қой. Мұндай әсер жылдар бойы созыла берсе түгел ауру болатын шығармыз. Денсаулығы бұзылған адам дұрыстап тамақ та іше алмайды, жұмысы да қожырап кетеді емес пе? Осының несі жақсы?
Қыста тастай қараңғыда жұмысқа кетіп бара жатасың, ал жазда жұмысқа түсте бара жатқандай әсер аласың. Біртүрлі осы. Үйрене алмай-ақ қойдым.
Мен білмедім, мүмкін өзге жұрт бұған әбден бейімделіп те алған шығар. Мен сияқты аздаған адам үйрене алмай жүрген болар. Қалай болғанда да осыны ғалымдар жақсылап бір зерттеп көрсе екен.
Ал «жарық уақытты тиімді пайдалану», «электр қуатын үнемдеу» дегендер жай сылтау сияқты. Күннің жарық уақытын сол бұрынғыша пайдаланып жүрміз ғой. Токты бұрын қандай көлемде пайдаланған болсақ қазір де сол шамада қолданып жүрміз, меніңше.
Қысқасы, уақытты орнына қайтарайықшы деген тілегім бар. Сіздер қалай ойлайсыздар?
