Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Естуші Үкімет» бағдарламасы аясына әсіресе, аймақтарда халықтың талап-тілегіне дер кезінде құлақ асу әкімдердің күнделікті дағдысына айналып келеді. Өйткені, тұрғындар кез-келген тұрмыстық түйіткілді әлеуметтік желі арқылы болсын қала әкіміне жолдай алады. Оның үстіне қала басшысы да елмен етене болуды құмбыл көретіндей. Шағынаудандар мен қала іргесіндегі елді мекендерді жиі аралап жүр. Тұрғындармен кездесіп, азаматтардың айтарына құлақ асуда. Көтерілген мәселені қағазға түртіп алып, бақылауына алып жүр. Нәтижесі де жоқ емес. Сала мамандарына өз бақылауындағы мәселе бойынша не атқарылып, не жасалғаны туралы ұдайы есеп беруді тапсырған. Содан да болса керек, бірқатар мәселе шешілуде.
Ауылға ауыз су жетті
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен кездесу барысында көпшілік тарапынан айтылған талап-тілектер мен мәселені аяқсыз қалдырмауға уәде етуде. Сондай уәденің бірі — мегаполистің іргесіндегі «Сайрам» тұрғын алабындағы ауыз су мәселесі болатын. Біршама уақыттан бері құрылысы жүріп жатқан құбыр толық тартылып біткенімен, тұрғындар әлі де ауыз суға жарымай отырғандарын айтқан. Осы ауылда тұратын 19 мыңға жуық тұрғын күн ыстықта су таппай сандалатындарын айтты.
Қала басшысы халыққа сапалы қызмет көрсетуді жеделдету мақсатында нысанды пайдалануға беруге шешім шығарды. Жазы ерте келетін өңірде суға деген сұраныс артуда. Ауыл тұрғындары бұған дейін ауыз суды жекеменшік компаниядан кесте бойынша тұтынып келген.
Дәл осындай қиындықты бастан кешіріп отырған «Құрсай» шағын ауданының тұрғындары да ауыз суға таяу күндері қол жеткізбек. Бұл мәселе де қала басшысының бақылауында.
Қаратауда да қарбалас
Апта басында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте Қаратау ауданына қатысты мәселелер талқыға түсті. Аудан аумағындағы елді мекендерде болған, елмен кездескен қала әкімі бірқатар проблеманы жазып алған. Соның шешілу жолдарын сала мамандарынан талап етті.
Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов халықпен кездесулерде көтерілген жол, қоғамдық көлік, инфрақұрылым, көгалдандыруға қатысты мәселелердің шешімін жеткізді. Қала басшысы халықпен кері байланысты нығайтып, аталған проблемаларды оңтайлы шешуді тапсырды. Ауданда бұрынғыдай емес, тұрғындардың сыны мен талабына дер кезінде назар аударылып, қарбалас жұмыстар жүруде.
Су айдындары тазарды
Мәжілісте Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ. Базарбаев су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл ретте жауаптыларға қауіпті су айдындарында арнайы белгілер орнату бойынша және қала аумағындағы барлық субұрқақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар берілді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Мекамбаев кенелерге қарсы санитарлық өңдеу шараларын жеткізді. Сала басшысына бұл ретте саябақтарда залалсыздандыру жұмыстарын атқару тапсырылды.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» республикалық акциясына Шымкентте 142 мыңнан аса адам, 962 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 603 әлеуметтік нысан мамандары қатысты. Оларға 6311 техника көмекке берілді. Науқан барысында 6 мың шақырымнан астам көше, 5 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланып, нәтижесінде 5671 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. Қала әкімі тиісті сала басшысына тазалық жұмыстарын тоқтатпай, алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жүйелі атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне халыққа берілген барлық уәделерді дер кезенде орындау қажеттігін ескертті.
Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте Еңбекші ауданы тұрғындары айтқан мәселелер де назарға алынды. Аталған аудан халқымен кездесу барысында 124 мәселе көтеріліп, бәрі де бақылауға алынған. Бүгінге дейін оның 64-і бойынша мәселе шешімін тапқан. 48-і бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. 12 мәселенің шешімі 2025 жылдың еншісіне еніп отыр.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ә. Оңғар қала аумағындағы субұрқақтарды қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қазір басқарма теңгерімінде 25 нысанда 37 субұрқағы бар. Бүгінде олар демеушілер есебінен іске қосылуда. Қала басшысы жауаптыларға бүлінген субұрқақтарын қалпына келтіріп, 1 маусымға дейін жаппай іске қосу керектігін ескертті. Әрі ол жаз айларында үздіксіз жұмыс істеп тұруы қажет. Сондай-ақ қала аумағындағы саябақтарды жарықтандыру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, демалушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша да нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е. Абдраманов мәжілісте «Соңғы қоңырау» бойынша қауіпсіздікті қамтуда қолға алынатын іс шараларды баяндады. Қала әкімі бұл ретте Білім басқармасының басшысына тәртіп сақшыларымен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды. Бұл күндері жалпы білім беру ұйымдарында, ойын-сауық орындарында, жастар көп шоғырланатын орындарда қоғамдық тәртіп күшейтіледі.
Көмек әлі тоқтаған жоқ
Шымкенттен еліміздің су басқан өңірлеріне жәрдем әлі де жөнелтіліп жатыр. Ондағы отандастарымыз тұрмыстық заттарға зәру. Жақында Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері бірігіп, құны 20 миллион теңгеден асатын заттарды батыс аймаққа жөнелтті. Оның ішінде азық-түлік, көкөністерден бөлек, киім-кешек, күнделікті пайдалануға қажетті тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық заттар, төсек жабдықтары бар. Кәсіпкерлер гуманитарлық көмек ретінде өздері өндіретін тамақ өнімдерінің ұзақ жолға шыдас беретін түрлерін жинақтапты. Тасқынның салдарын жоюға қатысты қолданылатын бұйымдар, су сорғыларын, құрылыс тауарлары бар гуманитарлық көмек жүгін көліктерге артып, жөнелтуге 100-ге жуық ерікті жәрдемдесті.
Ж.Шалабаева.