Оқшау ой

Баламның боркемік болғанын қаламаймын

Басқада жұмысым жоқ. Бірақ мен ұлдарымның қолынан іс келмейтін енжар болып ержеткенін, қыздарымның боркемік болып бойжеткенін қаламаймын. Сол себепті үйде барынша тірлікке көп жұмсауға тырысамын. Егінге қарау, үйдің ауласын тазалау солардың мойнында. Бірақ бала болғасын ойнағысы келеді. Оған таңертеңнен кешке дейін селкілдеп ойнап жүретін көршілердің балалары да әсер етеді. Бала үшін өмірдің мәні, бар қызығы ойын секілді ғой. Бірақ өмір тек балалықпен шектелмейді. Есейгенде өз күніңді өзің көріп, отбасыңды асырауың қажет. Балалық шағын ойын ойнаумен ғана өткізгендердің дербес өмірге бейімделіп, жұмысқа араласуы қиын болады. Қазақ сол үшін де «баланы жастан» деп айтқан.

Жапон елінде балалардың мектепте еден жуатынын оқыдым. Оны озық үлгі ретінде Канада мен Ұлыбританияның кейбір мектептері тәжірибеге енгізіпті. Басқа да мемлекеттер бұл бастаманы қолдап жатса керек. Жапондар мұны өзгелерге үлгі болу үшін емес, өз ұрпағын еңбексүйгіштікке баулып, өзгенің еңбегін құрметтеуді үйрету үшін осы қадамға барып отырғаны анық.

Шетелдің жылт еткен жағымсыз жаңалығын жылдам меңгеруге әуес біздің жастарымыз неге осындай қасиеттерді бойларына сіңірмейді? Керісінше, еркектердің сырға тағып, сылаңдауы, әйел адамның нәзіктіктен ажырауы, бұрын-соңды болмаған қасірет – біржыныстылардың некесі белең алып барады. Бала құқы деп байбалам салып, отбасы құндылықтарына қол сұққан биліктегілердің осы қасіретке келгенде неге көзі соқыр?

Мен биылғы оқу жылының соңында болған ата-аналар жиынында «7 сыныптың оқушылары жаңа оқу жылынан бастап мектептің еденін жусын, мен бірінші өзім баламды ертіп келемін» дедім. Аз ғана топ мұны қолдады, көпшілігі қарсы шықты. «Балаңызды үйіңізде жұмысқа жеге беріңіз, біз олай ете алмаймыз» деді. Ең сорақысы, басшылықтан «таяқ жейтінін» айтқан мектеп басшылығы менің ұсынысыма үзілді-кесілді қарсы болды.

Иә, бұрынғылар баласын қалай тәрбиеледі? «Еңбек бәрін де жеңбек», «балаңды аясаң аяма» деді. Баланы еңбекке ерте жастан тәрбиеледі. Қазір ше? Еңбекке араласса, баланың құқығы бұзылады, «тәйт» десең, «детский травма» алады. «Сөткелеп сотка қарап жатқаны» ешкімді алаңдатпайды. Еңбекпен өспеген баланың ертеңін елестете алмаймын. Маңдай термен несібесін теріп үйренбеген бала өзгенің несібесіне жармасуға, оңай олжа табуға жуыр келеді. Ұрлайды, жымқырады, алдайды, арбайды, алаяқтыққа барады. Бізге керегі осындай ұрпақ па? Мен қуыскеуде, намыстан жұрдай, боркемік, жалқау ұрпақ тәрбиелегім келмейді. Баланы бүгін еңбекке араластырмасақ, ертең кеш болады.

Ержан Бектібайұлы,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *