Абай ауданының тұрғыны М.Төлегенова Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде осылай деп мәселе көтерді. Тұрғынның талап-тілегін ескерусіз қалдырмаған қала басшысы есептік кездесуден кейін айтылған аумаққа – «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысты.
Қала басшысына тұрғындардың өтінішін жеткізген М. Төлегенованың айтуынша жыл сайын халық саны артып келе жатқан елдімекенде мектеп тар. Жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап тұр. Бүгінде аталмыш аумақтағы № 95 жалпы орта мектепте 535 оқушы білім алуда. Оқу ордасының ғимараты ескі. «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына заманауи талаптарға сай келетін жаңа білім ордасы қажет-ақ. Қала әкімі тұрғындардың талабын қолдады. Ескі мектепті аралап, халықтың ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар бұл білім ошағының іргетасы мен қабырғасы сапалы екенін алға тартып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін де айтты.
Халықтың талабын ескерген қала әкімі Білім басқармасының басшысына мектепке қатысты тиісті сараптамалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, осы бағытта арнайы комиссия құруды тапсырды. Дегенмен оқушы саны артып отырған тұрғын алапқа қосымша жаңа мектеп қажет. Бұл ретте жауапты мекеме мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Міне, осылайша Мемлекет басшысының өз Жолдауында айтқан «Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс» деген тапсырмасының орындалғанының тағы бір куәсі болдық.