Құқық

ҚАЗАҚ  ТІЛІН  ЗАҢНАМА ТІЛІНЕ АЙНАЛДЫРУҒА КҮШ САЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Атам заманнан сан ғасырлық тарихы бар қазақ елінің төл байлығы, құдіреті, мәртебесі тілінде жатыр.  «Тіл – ұлттың жаны» деген сөз осыдан қалса керек. Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет. Ал құқықтық мемлекеттің басты тіректерінің бірі – сот билігі. Сот төрелігі қоғамдағы әділеттіліктің өлшемі болса, сол әділеттің халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы – мемлекеттік тілдің қолданылуына тікелей байланысты. Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі тек мәдени немесе әлеуметтік бағыттағы міндет емес. Бұл – мемлекеттік саясаттың, ұлттық тұтастықтың және ең бастысы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі.

1995 жылдан бері Қазақстанда қазақ тілі – заң жүзінде мемлекеттік тіл. Алайда, іс жүзінде банк, байланыс, бизнес, қаржы, көлік, құқық, салық, сот салаларында орыс тілінің үстемдігі басым. Оған кінәлі өзіміз десем, оған ешкім ренжи қоймас.                                                                             Қазақстан Республикасындағы (бұдан әрі – ҚР) «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсін жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Сонымен қатар, ҚР Азаматтық-процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерінде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп анық көрсетілген. Тек қажеттілік, мәжбүрлік болған кезде ғана орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады.   Алайда, еліміздің азаматтарына жоғарыда аталған заңдарда жазылған талаптарды дұрыс түсініп және оны күнделікті өмірде (практикада) дұрыс қолдану жағы 30 жылдан бері өзекті мәселе болып келе жатқаны белгілі. Тәуелсіздік алғанымызға 34 жылдан асса да заңдардың барлығы дерлік алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне аударылады. Әрине, ол заң аударма болған со, сөздері түсініксіздеу, яғни сапасыздау болады. Содан кейін қазақ тіліндегі заңдарға қатысты сыни пікірлердің көп айтылатыны да сондықтан. Сондай-ақ Кодекстерде қолданылған заң терминдері әр Кодексте әртүрлі мағына береді. Мұның бәрі айналып келгенде, қазақ тілін сот және құқық салаларында қолдануға көп кедергі келтіреді. Қазақ тілінің сот-құқық жүйесіндегі бүгінгі жағдайы осындай. Қорыта айтқанда, қазіргі кезде сот-құқық жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі алаңдатарлық жағдайда. Оның үстіне, қазіргі қолданыстағы заңдарға сәйкес, іс сотқа қай тілде түссе, сол тілде қаралады.

Бұрын да, қазіргі уақытта да сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен, әлі де болса кейбір кемшіліктер орын алуда. Соттарда қаралатын істердің басым бөлігі орыс тілінде. Ондай ахуалдың орнығуына мемлекеттік тілді дамытуға салғырт қарап, қазақ тілін жетік білмейтін немесе білсе де қолданбайтын тергеушілер мен инспекторлардың, адвокаттар пен прокурорлардың, тағы басқа да заңгерлердің қазақша құжат толтыруға құлықсыздығы (бейімсіздігі) немесе мемлекеттік тілге мән  бермеуінің себеп-салдарынан орыс тіліндегі дайын үлгілерді қолдануынан болып жатады. Ойым орнықты болуы үшін, дәлел ретінде екі жыл бұрынғы еліміздегі сот статистикасын келтіргенді жөн көрдім. 

2023 жылы соттарда барлығы 942121 іс қаралған екен. Соның ішінде, мемлекеттік тілдегі істердің үлесі – 316428 (33,6%). Статистикаға үңілсек, барлық сот процестерінің  үштен бірі ғана қазақ тілінде өтіпті. Халқымыздың 70 пайыздан астамы қазақ ұлтының өкілдері болғанымен, сот-құқық жүйесінің қазақшаланбауы – жанға бататын жағдай болып тұр.  Айтпақшы, соттар тілге қатысты көзқарасын (позициясын) жеке қаулы шығару арқылы көрсете алады. Мәселен, 2022 жылдың 11 айында тіл заңнамасын бұзғаны үшін соттар мемлекеттік мекемелердің басшыларына, прокурорларға, тергеушілер мен адвокаттарға қатысты 433 жеке қаулы шығарған.

1995 жылы қазақ тілі заңмен бекітілген негізгі функциясын толық атқара алмай отыруының негізгі себептері мынадай дейді сарапшылар:  Біріншісі, Заңдардың қазақ тілінде әзірленбеуінен, олардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының түсініксіз, шұбалаңқы болуы. Осының салдарынан заңгерлер заңдардың орыс тіліндегі нұсқасына көбірек жүгінеді. Яғни, орыс тіліндегі заңдардың нұсқасына басымдық беріледі. Екіншісі, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін бірқатар заңгерлеріміз қазақ тілін үйренуге құлық танытпай келеді. Оларға өз бетінше қазақша оқып, үйренгеннен гөрі, алдына келген адамға қолындағы орысша дайын мәтінді (шаблонды) бере салу оңай болып тұр.  Үшіншісі — құқық қорғау, сот жүйесіне кадрларды іріктеу кезінде мемлекеттік тілдің талап етілмеуі.

Әлбетте, мұның барлығын Жоғарғы Соттың (бұдан әрі – ЖС) басшылары біледі және орын алған осындай олқылықтарды жою жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, тиісті құқық қорғау органдарымен түрлі деңгейде жиындар ұйымдастырып, аянбай еңбектеніп келеді. Жоғарғы Сот басшылығы тарапынан соңғы үш жылда мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстардың атқарылғанын айта кеткенді жөн санаймын. Соның нәтижесінде еліміздің соттарында қазақ тілінде қаралған істердің үлесі 5 пайыздай өсті. Ал сот жүйесіндегі ішкі құжат айналымы мемлекеттік тілде қамтамасыз етілген.

Биыл маусым айында ЖС Төрағасы А.Мерғалиев «Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану: проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында ведомствоаралық кеңес өткізген болатын. Жиынға ЖС алқаларының төрағалары Сот әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Судьялар одағының төрағасы Д.Әмір, жергілікті соттардың судьялары (БКБ арқылы), мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен заң қоғамдастығының басшылары қатысты. Мен де осы жиынды БКБ арқылы көріп, тыңдадым.

Кеңесті Төраға А.Мерғалиев ашып, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану мәселесі шын мәнінде  сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етудің, азаматтардың құқықтарын сақтаудың және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтудың маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.

Талқылау барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі, Ішкі істер, Әділет министрліктері басшыларының орынбасарлары Алмас Наймантаев, Қайрат Бижанов, Санжар Әділов, Бекболат Молдабеков және Бас Прокуратураның қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбеков, Республикалық Адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев сөз сөйледі. Олар азаматтардың мемлекеттік тілде сотқа жүгіну құқығын қамтамасыз ету және оның құқықтық салада қолданылуын одан әрі кеңейту мәселелеріне қатысты ойларын ашық айтып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Досжан Әмір, Дәулет Ақылбеков, Санжар Әділов сотқа дейінгі тергеу материалдары мен процессуалдық құжаттарды мемлекеттік тілде дайындау сапасын арттыру, ортақ интеграциялық база құру, сондай-ақ құқық қолдану қызметінде мемлекеттік тілді қолдану практикасын жетілдіру қажеттігіне баса назар аударды. Айтпақшы, С.Әділов тергеу жүргізу кезінде аудармашыға және құжаттарды бір тілден екінші тілге аудару үшін бірнеше млрд. теңге жұмсалатынын жасырған жоқ.

Алматы қалалық сотының судьясы Айгүл Мәлікова сот сараптамаларының мемлекеттік тілде дайындалмай, тек орыс тілінде жазылатынын қынжыла жеткізді. Ал, Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығы директорының орынбасары міндетін атқарушы Аслан Алитурлиев сот сараптамасын қазақ тілінде дайындайтын маманның тапшы екендігін, сарапшы  қазақ болғанымен, оның орысша оқығандығын айтып ақталғандай болды. Сонда Әділет министрлігі 35 жылдың ішінде сот сараптамасын мемлекеттік тілде әзірлейтін маманды дайындамағанын қалай түсінуге болады? Сот сараптамалары судья үшін өте маңызды, тіпті, стратегиялық мәселе екендігін А.Мерғалиев қадап айтты. Алдағы уақытта Әділет министрлігі осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс.

Жиын барысында сөйлеген басшылар кейбір істер бойынша бірқатар адвокаттар, тергеушілер, түрлі салалардағы заңгерлер мемлекеттік тіл мәселесіне мән бермейтінін, соның себеп-салдарынан қазақтілді азаматтардың құқы бұзылып жатқанын тілге тиек етті.

Сот әкімшілігінің мемлекеттік тілді дамыту бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина құқықтық құжаттардың мазмұндық және тілдік дәлдігін арттырудың, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын айтып өтті. 

Кеңесте сөйлегендер тарапынан сот-құқық салаларының кейбір қызметкерлері қазақ тілін жетік білмейтіні айтылып қалды. Сондықтан олар көп жағдайда, аудармашылардың көмегіне жүгінеді екен. Алайда, кейбір аудармашылардың деңгейі төмен екендігі белгілі ғой. Мәселенің бір ұшы осыған келіп тірелуде. Ендеше, тіл білмейтін заңгерлер жедел түрде  мемлекеттік тілді оқып, үйренсе дұрыс болар еді!                                     Кеңес қорытындысы бойынша сот ісін жүргізуде және құқықтық салада мемлекеттік тілді қолдануды одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді. Солардың қатарында Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында ведомствоаралық комиссия құру мәселесі де бар.

 Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері,  сот жүйесінің үздігі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *