Шымкентте Ұлы Отан соғысы кезінде жаудың пулеметін өз кеудесімен жапқан батыр Александр Матросов атындағы көше бар. Ал дәл осындай ерлік жасаған қандастарымыздың атында неге көше жоқ? Мәселен, Сұлтан Баймағамбетов, Сабалақ Оразалинов, Сүндетқали Сейтқалиев, Иманғали Балтабанов, Боран Нысанбаев, Ақәділ Сухамбаевтар осы ерлікті қайталаған.

Батырдан батырды бөлмейміз, әрине. Дегенмен «бізге А.Матросовтан гөрі өз қандастарымыз жақын емес пе?» деген ойдың келетіні рас қой. Кеңес Одағындағы идеологияның әсері деп ақталуға да негіз жоқ. Өз алдымызға тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл өтті емес пе?!
Неліктен «Матросов ерлігі» атанған?
Ұлы Отан соғысының 1941 жылғы 22 маусымға қараған таңда басталғаны мәлім. Сол қаралы күнге таяуда 85 жыл толғалы отыр. 1418 күнге созылған осы соғыста біздің қазақтың да небір ерлері қаһармандықтың нағыз үлгілерін көрсетті. Солардың бірі – Сұлтан Баймағамбетов.
С.Баймағамбетов – Қостанай облысының тумасы. Соғысқа 1941 жылдың маусымынан бастап қатысқан. 1943 жылы, 23 жасында Ленинград облысының жерінде өшпес ерлік жасаған. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі, аға сержант С.Баймағамбетов Синявино деген елді мекен маңында болған шайқаста біздің жауынгерлерге оқ жаудырып тұрған жау пулеметінің оқпанын өз кеудесімен жауып, қаза тапқан. Сол арқылы шабуылдың сәтті болуына жол ашып, көптеген қаруластарын пулемет оғынан аман алып қалған. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Жалпы, өмірдің өзі қайшылықтардан тұрады ғой. Шабуылға шыққан әскерге оқты қарша боратқан жау пулеметінің амбразурасын өз кеудесімен алғашқы болып Александр Панкратов деген азамат жапқан екен. Оқиға 1941 жылдың тамыз айында Ресейдің Новгород облысында болған. Ал Александр Матросов мұндай ерлікті 1943 жылы ақпан айында Калинин облысында жасапты. А.Матросов есімінің бірінші болып аталу себебі – дәл сол кезде майдан шебінде болған журналист бұл ерлік жөнінде газетте мақала жариялап, содан кейін ол «Матросовтың ерлігі» атанып кеткен. Қазақ батыры С.Баймағамбетов мұндай ерлікті 1943 жылдың шілде айында қайталаған.
Тірі қалғандар да болған
Ұлы Отан соғысы тарихында «А.Матросов ерлігін қайталаған» деп 450-дей жауынгердің есімі аталады екен. Осы азаматтардың 166-сына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Басым бөлігіне басқадай орден, медальдар беріліп, кейбірі тіпті ескерусіз қалып та кетіпті. Мысалы, қазіргі Жетісу облысының тумасы Сабалақ Оразалинов мұндай ерлікті 1944 жылдың қараша айында, 19 жасында Эстония жерінде жасаған екен. Темір-бетон құрсанған жау пулеметінің оқпанын өз денесімен жауып қалған қазақ жігіті біздің жауынгерлердің шабуылға шығуына мүмкіндік жасаған. Бірақ өзі өлімші болып жараланып, шайқас болған жерде қалып кеткен. Өйткені оны жұрт қаза тапты деп ойлаған. Бірақ ол тірі қалыпты. Қаза болғандарды жерлеушілер оның тірі екенін біліп, госпитальге жөнелткен. Ол екі апта бойы ес-түссіз жатқан. Кейін беті бері қараған. Соғыстан аман оралып, Алматыда тұрған, 1988 жылы қайтыс болған. Міне, осы батыр қазақтың ерлігі ескерусіз қалып кетіпті. Оған 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені Ұлы Жеңістің 40 жылдығы тойланған 1985 жылы ғана берілген екен.
Жалпы, осындай қаһармандық көрсеткен 450-ге тарта жауынгердің ішінде С.Оразалиновтан басқа 13 адам тірі қалған екен. Біреуі тіпті де бала, 13 жаста екен. Петр Филоненко деген «Полк баласы» 1944 жылдың маусым айында Орел-Курск бағытындағы шайқастардың бірінде жау пулеметінің аузын өз кеудесімен жауып, ерлік жасаған. Өлді деп бауырластар зиратына жерлегелі жатқанда біреулер оның мұрнынан аққан қанның көпіршіп тұрғанын байқап қалған. Яғни оның жүрегі ақырын соғып жатыпты. Солдаттар оны тез арада медсанбатқа жөнелткен. Бұл батыр да соғыстан аман оралған екен.
Ұлы Отан соғысы кезінде жау пулеметінің үнін өз кеудесімен бүркеп өшірген батырлардың ішінде қазақ азаматтары — батысқазақстандық Сүндетқали Сейтқалиевтің, атыраулық Иманғали Балтабанов пен Боран Нысанбаевтың, жамбылдық Ақәділ Сухамбаевтың есімдері де аталады. Бұлардың барлығы соғыста қаза тапқан, бәріне де Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Матросов – лақап ат
Кейінгі жылдары А.Матросовтың ұлты башқұрт, Башқұртстаннан екені жөнінде айтылуда. Шын аты-жөні Шакирьян Мухамедьянов (Шәкіржан Мұхаметжанов) екен. 19 жасында қаза тапқан. Соғысқа дейін балалар колониясында болып, Саша, Александр атанған, үнемі теңізшінің ала жейдесін киіп жүретіндіктен фамилиясы Матросов болып кеткен деседі. Ендеше, «Матросов» деген – лақап ат болып шығады. Демек, Шымкенттің бір көшесі батырдың лақап атымен аталып тұр деген сөз. Мүмкін оны батырдың шын аты-жөнімен «Шәкіржан Мұхаметжанов көшесі» деп атау керек шығар? Не болмаса ал көше атауын жоғарыда аты аталған ұлты қазақ алты батырымыздың бірінің есімімен алмастыру керек болар?
Сіз қалай ойлайсыз?
Х. АСАН.
