Білім, ғылым

Білім мен саяхат үндестігі

Cайрам ауданындағы «Ухуд» және Кемел Тоқаев атындағы жеке мектептерінің өткен оқу жылындағы 76 түлегінің 52-сі түрлі грант иегері атанып, Сайрам ауданында жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл жетістікке қол жеткізуде аталған мектеп басшылығы оқушылардың оқу үлгерімін көтеретін түрлі ізгі амалдар жасауда. Соның бірі — оқушыларға түрлі тосын сыйлар жасау арқылы үздік оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.

Бұл жайында Кемел Тоқаев атындағы мектеп директоры Сайдакбар Абдурахманов мұндай игі дәстүр құрылтайшылар тарапынан жылда жасалатынын және ол алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты. Айталық, биыл мектеп бітірушілер арасындағы грант иегерлерін Өзбекстанның тарихи әрі көрікті қалалары – Самарқан, Бұхара және Ташкентке танымдық саяхат ұйымдастырылыпты. Бұл сапар оқушылар үшін жай ғана демалыс емес, тарих пен мәдениетті жақыннан танып, жаңа білім мен әсер алуға мүмкіндік берген ерекше саяхат болғаны айтылып жүр. «Саяхаттың алғашқы бағыты – әлемге әйгілі көне қала Самарқанд болды. Оқушылар қаланың тарихи орындарын аралап, түркі дүниесіне ортақ өркениетінің бай мұрасымен танысты. Әсіресе, сәулетімен таңғалдырған Регистан алаңы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Көне медреселердің әсем өрнектері мен биік сәулеті өткен тарихымыздың қаншалықты бай болғанын көрсетіп, оқушыларға үлкен әсер қалдырды. Сапар барысында оқушылар көне Бұхара қаласына да барып, оның тарихи және мәдени ескерткіштерімен танысты. Мыңдаған жылдық тарихы бар қаладағы көне ғимараттар, медреселер мен тарихи орындар оқушыларға өткен дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік берді. Бұл сапар жас ұрпақтың тарихқа, мәдени мұраға және ата-бабалардан қалған құндылықтарға деген қызығушылығын арттыра түсті. Саяхат барысында оқушылар бірге уақыт өткізіп, достық қарым-қатынастарын нығайтып, ұмытылмас естеліктер жинады. Бұл өздерінен кейінгі іні-қарындас, сіңлілерінің де үздік оқуға деген қызығушылықтарын оятқаны анық», — дейді директор Сайдакбар Абдурахманов.

Сапардың тағы бір маңызды бағыты – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласы. Оқушылар қаланың көрікті жерлерін аралап, оның заманауи келбетімен қатар тарихи орындарымен де танысқан. «Ухуд» және «Кемел Тоқаев» атындағы жеке мектептің бұл бастамасы – білімді, ізденімпаз және жан-жақты дамыған ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Білім – болашаққа бастар жол болса, саяхат – сол жолды жаңа әсерлермен толықтыратын үлкен мүмкіндік.

Шералы Сиддиков,

Кемел Тоқаев атындағы мектеп директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *