Құдайдың құдіреті шексіз. Оны өз өлшемімізбен тану үшін қоршаған ортаны, соның ішінде жәндіктердің тіршілігіне үңілсеңіз таңқалдыратын әрі ой салатын жайлар өте көп. Мысалы, белгілі бір тәртіппен сап түзеп, ертеден кешке дейін илеуіне азық тасумен болатын құмырсқаларға қараңызшы. Оларда қазір қызу еңбектің кезі, қысқа дайындалуда.
Денесі шыны сияқты сынады…
Бұл ғажайып жәндік жайында қасиетті кітабымыз Құранда жеке аяттың болуының өзі адам баласына ғибрат. Ол жөнінде, мысалы, «Ән Нәміл» сүресінің 17-18 аяттарында айтылған екен. Былай баяндалады: «Сүлейменнің (ғ.с.) жыннан, адамдардан, құстардан болған әскері жиналды. Олардың бәрі бір сапта келе жатыр еді. Олар құмырсқаның илеуіне жақындаған сәтте бір құмырсқа шығып: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен және оның әскерлері сендерді білместікпен жаншып кетпесін!» — деген». Осы аятты тәпсірлеуші ғалымдардың түсіндіруінше, «жаншып кетпесін» деген сөздегі «жаншу» ұғымы «сындыру» мағынасын береді, ал ескертуді айтқан құмырсқа әйел жынысты мағынасында қолданылған екен. Ал ғалымдар бүгінде құмырсқа денесінің мыжылмайтынын, шыны сияқты сынатынын дәлелдепті. Сондай-ақ құмырсқа илеуінің басшысы ұрғашы жынысты болатыны да дәлелденген. Бұған таңқалмай көріңіз енді!

Жалпы саны —
10 000 000 000 000 000…
Құмырсқа бүгінде ғалымдардың толыққанды зерттеп біте алмай келе жатқан тақырыптарының біріне айналған. Ғалымдар неге көз жеткізді, енді соған келейік.
Жан-жануарлардың түрге, класқа, тұқымдасқа, отрядқа бөлініп қаралатыны мәлім. Құмырсқа туыстық жағынан арамен «ағайын» боп келеді екен. Ғалымдардың есебінше, әлемде құмырсқаның 15 мыңдай түрі бар, олар бүкіл тіршілік иесі атаулының бестен біріне дейінгі бөлігін құрайды. Олардың жалпы саны 10 квадриллионнан (10 000 000 000 000 000) кем болмайды.
Ең кішкентай құмырсқаның дене тұрқы 1 миллиметр ғана, ал ең ірісінің ұзындығы 5 сантиметрге жетеді. Әрбір құмырсқа өз салмағынан 50 есе ауыр жүк тасымалдауға қауқарлы. (Кей ғалымдар тіпті «5 мың есе ауыр салмақты тасымалдайды» деп те тұжырымдайды). Бір илеудегі құмырсқалар негізінен төрт әлеуметтік топқа бөлінеді. Олар — басқарушы патшайым, түрлі міндеттерге «маманданған» жұмысшылар, жаудан қорғайтын әрі күзет қызметін атқаратын әскер және ұрықтандырушы топ. Әрқайсының өзіне бекітілген айнымас міндеті бар, құмырсқа өмірінде сол міндет шегінен шықпайды. Патшайымдары 20-30 жылға дейін өмір сүреді, оның жұмысы тек жұмыртқалау ғана. Ішіп-жемінің бәрін өзгелер жеткізіп, қамтамасыз етеді. Жұмыртқадан шыққан кішкентай құмырсқалардың ісімен арнайы «тәрбиешілер» айналысады. Қатардағы құмырсқалардың өмірі әрқалай, бірнеше айдан 3 жылға дейін барады.
Құмырсқалардың өзіндік иістері болады, бір-бірін, бөтенді сол иіс арқылы ажыратады. Олар кейде бөтен илеудің құмырсқасын немесе оның жұмыртқасын әкетіп, өз илеуіне жұмыс істете де алады. Құмырсқаның азыққа жарайтын қозықұйрық сияқты белгілі бір өсімдік түрін немесе уақ жәндікті өсіріп-баптаумен айналысатын түрлері де болады.
Арамтамақ, масыл атаулысы мүлдем жоқ
Құмырсқаларда дені сау жәндік азық болатын нәрсе іздеп табуы, азық дайындауға үлесін қосуы тиіс. Егер қандай да біреуі илеуге қатарынан бірнеше мәрте бос орала қалса, ол жазаланады. «Солдаттар» оны өлтіріп тастайды, ол енді қысқы азыққа айналады. Ал кей құмырсқа қандай да бір себеппен еңбекке жарамсыз, мүгедек болып қалса, өзгелері оған қамқорлық көрсетеді. Мүгедек құмырсқа сау құмырсқаның белгілі бір нүктесінен мұртшаларымен түрткілеп, өзіне азық қажетін білдіреді. Ал ол көмек сұраған құмырсқа жәрдемге мұқтаж бауырын міндетті түрде азықтандырады. Илеудегі азықты олар ешқашан рұқсатсыз, бейберекет пайдаланбайды, әр нәрсенің қалыптасқан өз есебі бар.
Кейінгі жылдары ғалымдар илеуде ештеңемен айналыспайтын құмырсқалар да болатынын анықтапты. «Олар еңбекке жарамсыз, қартайғандары болуы мүмкін» деген болжам айтылады. Енді бір ғалымдардың пікірінше, «олар илеуге қандай да бір еңбегі молынан сіңгендері» болуы мүмкін. Енді ғалымдар осының себебін нақтылап анықтау үшін ізденуде.
Құмырсқалар өз илеуінен қаншалықты қашыққа ұзаса да адаспайды, тауып келеді. Ғалымдардың пайымынша, олар бұл істе өздерінің ізін, иісін ғана емес, Жердің магнит өрісін де қатесіз пайдаланады.
Міне, осылай. Мұның бәрі адамға бір ойдан шығарылған қиял-ғажайып ертегі сияқты әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл – алтын уақытын құмырсқаларды зерттеуге арнаған ғалымдардың зерттеу нәтижесінде анықтағандары. Тағы бір таңқаларлығы, құмырсқалардың жолында кездескен арық, жылға, өзен сияқты су кедергісінен өздерінен жабыла «көпір» түзіп өтетін түрлері де бар. Бұл істе біреулері туысының қажетті жерге өтуі үшін жанын қияды.
Құмырсқалардың кейде бөтен илеудегі тұқымдастарымен бірігіп, қауымдасатыны да болады. Сондай аса ірі бір илеу-қауымдастық Еуропада анықталған. Аумағы 6 мың шаршы шақырымдай жерді алып жатқан бұл илеу-қауымдастықта 1 миллиардтан астам құмырсқа тіршілік етеді екен.
Құмырсқалар илеуде сақталатын дәнді міндетті түрде екіге бөледі. Себебі бүтін күйінде болса, ол ылғалы жеткілікті жылы жерде өніп, өсіп кетеді. Бөліп қойса, өне алмайды. Ал, кориандрдың (кинза, қытай ақжелкені) дәнін төртке бөледі. Себебі бүтін қойса немесе екіге бөлсе, ол өніп кетеді. Кей өсімдіктің көп адам мүлде бейхабар осындай ерекшеліктерін осы бір тіршілік иесіне кім үйретті? Санаға салып, ойланып көріңіз.
Құмырсқа илеу салу арқылы топыраққа ауа, су баруын жеңілдетеді, оны органикамен тыңайтады. Өсімдіктерге пайдасы мол, олардың ұрығын таратады, тозаңдануына жол ашады. Құмырсқа зиянкес жәндіктерді жоюда да жәрдемші. Өздері азық болуы арқылы құстар тіршілігіне де үлесін қосады. Кейбір түрлерінен бөлінетін құмырсқа қышқылы халық емшілігі мен медицинада қолданылады. Осылайша, құмырсқаның экологиялық жүйеге де қосатын үлесі ұшан-теңіз.
