Мәселе

ЖАСАНДЫ ЖАҢБЫР, ӘЛДЕ…

Шаруалардың болжамы шындыққа жанаса ма?

Биылғы көктем жаңбырлы, салқын болды. Жаз айлары жақындаса да жауын әлі
күнәра нөсерлетуде. Соның әсерінен кей аудандарда су тасқыны да орын алды. Сондықтан бүгінде ел ішінде ауа райының бұл құбылысына, жасанды жаңбырға қатысты түрлі әңгімелер айтылып жүр.

«Шөпті шірітіп, техниканы бүлдіруде»

Таяуда Түркістанда Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен жасанды жаңбыр технологиясына қатысты бірлескен жоба қолға алынғаны мәлім. Бұл жөнінде түрлі ақпарат көздерінде егжей-тегжейлі жазылды. Содан болса керек, жұрт арасында мамыр айында жауынның жиілегенін осы технологиядан болуы әбден мүмкін деп жүргендер бар екен. «Арамшөп қаптап кетті», «нағыз керек кезінде жауғызбай, енді жауғызып зиянын тигізіп жатыр», «шөпті шірітуде», «егінге зияны тиюде», «техникаға да жайсыз тиіп жатыр», «мақтаның шитін шірітетін болды», «жүгерінің түбін қатырып тастады», «бидайға күйе түсетін болды» деген сияқты наразы әңгімелер айтылуда. Әрине, біреу біліп айтса, бірі білмей айтады. Жұрттың сөзінің қаншалықты қисынды екенін білу үшін бірер аудан тұрғындарын, шаруаларын сөзге тарттық.

«Жаңбырдың көктемнің басынан мамырдың алғашқы күндеріне дейін ғана жауғаны пайдалы еді. Қазіргі жаңбыр тек зиянын тигізіп жатыр. Еккен жоңышқасын ора алмай отырғандар бар. Орғандарын кептіре алмай әлек. Кейбірі қарайып кетіп те жатыр. Жоңышқасын ормаған жұрттың қалған 30 пайыздайы орайын десе жаңбыр жауып кетіп, күтіп жүр. Жоңышқа ұйысып, қалыңдап кеткен, желмен жапырылған тұстары көп. Жер лайсаң болғасын шабындыққа шөп шабатын көлік те бара алмайды. Ылғал көп түскесін комбайн орағына зияны тиетін кейбір жатаған жұмсақ шөптер де шыққан. Соған орағын сындырып алғандар бар. Менің техникалық қызмет көрсететін шағын цехыма орағының тісін сындырып алғандардың келуі жиіледі. Шөп шапқаннан кейін оны кептіріп жинау керек, жиі жауған жаңбыр оған да мүмкіндік бермей жатыр. Кеппеген шөпті жинай алмайсың, шіриді. Сондықтан жаңбыр жауса қуанатын жұрт бүгінде енді жаңбыр жаумай-ақ қойса екен деп жүр.

Бүгінде жұрт арасында «арабтар жасанды жаңбыр жаудырып жатыр екен» деген сөз таралды. Осының жай-жапсарын да анықтап бір айтып беретін адам болса деп жүр жұрт. Қысқасы, бұл жаңбыр шаруаны әбіржітіп жатыр», — дейді Келес ауданындағы Жаңатіршілік ауылының тұрғыны Бауыржан Келесбаев.

«Пайдасынан зияны көп»

Ал Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тұрғыны Хасен Тұрлыбеков былай дейді: «Бұл жауып жатқан жаңбырдың пайдасынан зияны көп. Бау-бақша, әсіресе дарбызды гектарлап еккендерге қиын. Асты су болғасын мыңдаған дарбызды аударып тұруға үлгермейді, оған шамасы келмейді. Қауын мен дарбызға зияны бар. Жаңбыр әр жерде әртүрлі жауып жатыр ғой. Бір жерде бұршақ жауып, бір жерде тасқын, жел болып жатқанын жаңалықтардан естудеміз. Жиі жауған жаңбырдың қызанақ, қияр еккендерге де зияны тиеді.

«Сәуір болмай тәуір болмас» деп атам қазақ неге айтқан? Бұл жаңбыр наурыздың соңын ала, ары кетсе мамырдың алғашқы күндеріне дейін жауса, сол пайдалы. Мына жаңбырдың ешқандай егістікке пайдасы жоқ. Біз жақта мамырдың жиырмаларында жұрт жоңышқа орады. Мұндай кезде жауын жиі жауса, жоңышқа кеппейді, шіриді. Жүгері еккендерге де қиын. Топырақ бетін қатырып тастайды, жүгері шықпай қалады. Бұрын жұрт оны қолмен ашып жататын. Ал гектарлап еккендер қай жүгерінің түбін барып қопсытып жүреді? Мұндай жаңбырдың пайдасы тисе, мақта еккен қытайларға тиетін шығар. Ал егістік атаулыға зиян. Қарасора, алабота сияқты шөптерге пайдасы бар.

Бұл енді табиғи жаңбыр шығар. Егер жасанды жаңбыр жаудыратын болса, оны Аралға, аса қажет жерлерге ғана жаудыруы керек. Онда да ерте көктемде, мамыр айына дейін жауғызу керек. Әсіресе 25 наурыздан кейін бір айдың ішінде жаудырса, пайдасы болар еді».

Маусымда ауа райы қандай болады?

Біз тілдескен азаматтар осылай дейді. Шаруалардың мамырда молынан жауған жаңбырға аса қуана қоймағаны байқалады. «Жасанды жаңбыр жауғызып, зиянын тигізіп жатыр» деген сөздің шығуына осындай жайлар себеп болса керек.

Біз осы мәселе бойынша «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығының облыстық филиалымен де хабарласқан едік. Ондағы мамандар «мамыр айындағы түскен ылғал мөлшері Оңтүстік өңірі үшін қалыпты деңгейде болды» деген тұжырым айтты. Ал алдағы айдағы ылғал мөлшері қандай болмақ? Біз аталған мекемеден алдағы маусым айына қатысты алдын ала жасалған бір айлық болжамды алып, саралап көрдік. Онда айдың орташа температурасы қалыпты шектен 2 градустай жоғары болатыны туралы айтылыпты. Яғни маусым айы әдеттегіше ыстық болады деген сөз. Ал жауын ше? Маусымда да жиі жауа ма? Ауа райы болжамында бұған қатысты: «Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде норма шамасында, қиыр оңтүстік-батысында нормадан аз күтіледі. (Норма: 4-28, облыстың таулы аудандарында 16-53 мм). Өткінші жаңбыр, найзағай бірінші онкүндіктің басында және екінші жартысында, екінші онкүндіктің басында күтіледі» делініпті. Яғни аздаған жаңбыр маусымның алғашқы жартысына жауатын сияқты. Есесіне желді болатынға ұқсайды. «Екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететін жел жиі болжанады. Шаңды дауыл бірінші онкүндіктің соңында, екінші онкүндікте жиі, үшінші онкүндіктің басында және соңында күтіледі» деп болжанып отыр екен.

«Қазгидрометтің» маусым айына ауа райын болжау бюллетенінде «Маусым айына жауын-шашын солтүстiк облыстарда көбiрек, оңтүстiкте аздау жаууы тән» деп атап көрсетілген. «Маусым айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік жартысында, Ұлытау облысының батысында, Ақмола облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының қиыр батысында, Түркістан облысының қиыр оңтүстік-батысында нормадан аз болады деп болжанады» деп айтылған.

 «Бұл жасанды жаңбыр емес»

Біз кезінде метеорология саласында еңбек еткен тәжірибелі маманды да сөзге тарттық. «Жасанды жаңбыр жаудыртып жатыр деген сөз еш қисынға келмейді. Бұл — табиғи жауын. Жасанды жаңбырды жауғызса, қуаңшылық болуы мүмкін жерге, суды аса қажет еткен аумаққа, онда да шектеулі шағын аумаққа жауғызады. Онда да қажет деңгейде ғана. Сондықтан «жасанды жаңбыр жауғызып, зиянын тигізіп жатыр» деу орынсыз», — дейді ол кісі.

Иә, мамырдағы жаңбырдың жиі жаууы ешқандай да жасанды технологияның әсері емес, табиғи құбылыс дегеніміз дұрыс болмақ. Оңтүстік өңірде мұндай құбылыс кей жылдары болып тұрады. Ылғалдың мол түсуі біраз әбіржіткенімен оның топыраққа сіңіп, жерасты суларының, өзен-көлдердің деңгейі көтерілуіне, су қорын жинақтауға елеулі пайдасы тиерін де ойлап қойғанымыз дұрыс шығар. Бәрі де Алланың қалауымен болады ғой. «Әр істің бір қайыры бар» деген, қайырын берсін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *