Кейде түн ішінде немесе таң алдында Шымкенттің ауасында жағымсыз иіс пайда болады. Кешегі күні де солай болды. Жалпы, бықсып, шала жанған көмірдікі сияқты иіс бірде аздап сейіліп, бірде қоюланып, әсіресе желсіз күндері қатты сезіледі. Ал биігірек тұстан қарасаңыз, Бадам бойын шығыстан батысқа қарай ұзына бойы түтін немесе шаң-тозаң пердесі тұмшалап тұрады.
Бұл иіс пен тозаң қайдан шығады? Осы сұраққа жауап табу ниетімен қалалық экология департаментіне хабарласқанбыз. Олар жауапты кешіктірді.
Қазір жаздың кезі, жасыл желек бар, шаң-тозаңды басады, газды, иіс-қоңысты сіңіреді. Ал ертең күз келеді, ағаштар жапырағын тастап жалаңаштанып, қала сұрқай тартады. Сол кезде осындай иіс пен шаң-тозаң сол көңілсіз көріністі одан сайын қоюлатары анық. Оны жылда көріп жүрміз. Ресми деректер де қала ауасының ластанғанын жоққа шығармайды. Мысалы, Шымкентте өткен жыл қорытындысы бойынша ауаның ластану деңгейі «жоғары» деп бағаланған болатын. Бұған қалада жаңадан ашылып жатқан зауыт-фабрикалардың қосып жатқан «өзіндік үлесі» бары сөзсіз.
Қалалық полиция департаментінің дерегіне қарағанда, Шымкентте тәулігіне 1 миллионнан астам көлік қозғалады екен. Олардың арасында дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктер де бар. Кей-кейде қаланың қақ ортасынан қара түтінін будақтата ыңыранып бара жатқан ауыр жүк көліктерін көретініміз де рас. Мұның барлығы мегаполис ауасын аяусыз ластап жатқаны даусыз.
Жыл сайын «пәлен жерде пәлен кәсіпорын ашылды» дегенді естіп қалып жатамыз. Егер рас болса, бүгінде олардың жалпы саны 300-ден де асып отыр. Бұл экономикалық тұрғыда құптарлық жайт, дегенмен, олардың дені өз жұмыстарын газ, мазут, көмір жағу арқылы жүргізетіндіктен, бөлінген тонна-тонна зиянды заттар, түтін, азот пен күкірт тотықтары, көмірқышқыл газы, көмірсутегі, аммиак, бензол, қорғасын, формальдегид, шаң-тозаң ауаны ауырлатады. Жарияланған деректерге қарағанда, ауаны ластайтын мұндай заттардың көлемі өткен 2023-2025 жылдар аралығында 31,6 мың тоннадан 40,05 мың тоннаға дейін жетіпті. Экология департаментінің қызметкерлері биылғы қаңтар-мамыр айларының аралығында 26 мәрте тексерулер жүргізіп, нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалған. Экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындарға 90 миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты.
Заң талаптары бойынша кәсіпорындарға ауаға зиянды зат бөлуге шекті бір көлемде ғана рұқсат етіледі. Сол бөлінген заттар үшін олар өтемақы төлеуі тиіс. Зауыт-фабрикалар түтін құбырларына автоматты заманауи сүзгілер орнатуы керек. Дегенмен кей кәсіпорын басшылары өйтіп шығынданғаннан гөрі зиянды заттарды жұрттың көзін ала бере ауаға шашып жібергенді дұрыс көретін сияқты. Ал бұл қала тұрғындарына жайсыздық тудырып, денсаулығына зиянын тигізіп жатыр. Ағзаға мұндай заттар үнемі түсе берсе тыныс жолдарының, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйелерінің, тіпті асқазан-ішек жолдарының, терінің түрлі дерттері туындауына себеп болады.
Экологтарды да түсінуге болады, олар қай зауыт қай кезде ауаны бүлдірер екен деп аңдып отыра алмайды. Тіпті тұрғындар «міне» деп нақтылап көрсетіп бергенде де бірден шауып барып тексере де алмайды. Сондықтан көзге түсіп қалған саусақпен ғана санарлық кейбірі болмаса, кәсіпорындардың басым көбінің бұл тұрғыда қалай тыныстап жатқанын білу қиын. Есесіне солардың әрқайсысынан қала ауасына күнде дерлік зиянды заттар лақтырылады.
Ендеше бұдан құтылудың жолы қайсы? Тұншықтық деп шырылдаған тұрғындардың шағымынан кейін шара көрілген кәсіпорындар салынған айыппұлды төлеп қойып, арада біраз өткесін ауаны қайтадан ластап жүре бере ме? Тыныш қана бұғып отырып ауаны бүлдіріп жатқандарына ше, оларға қашан тыйым болады?
Негізі ауаны ластап жатқан мұндай зауыт-фабрикаларға тиісінше айыппұлдар салып, заманауи фильтр орнатуды талап ету қажет. Одан да нәтиже шығармағандарының жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатуға дейінгі қатаң шараларды қолданған жөн. Олай болмаған жағдайда ауаға будақтатып түтін тастайтын кәсіпорындар Шымкенттің тұрғындары мен қонақтарын улауды тоқтатпасы анық. Алайда, бұған тиісті бақылаушы органдардың шамасы жете ме? Мәселе сонда.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақалды еске алсақ, қанша жерден алпауыт кәсіпорын болса да ауаны аяусыз ластап жатқан кәсіпорындар халықтың талап-тілегімен санасуы керек емес пе?! Ата Заңымызда «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Ендеше, миллионнан астам шымкенттіктердің өмірі мен денсаулығын, конституциялық құқын қорғау күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы тиіс.
