| М |
емлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы мен «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру – бүгінгі күннің талабы ғана емес, әрбір азаматтың Конституциямен бекітілген міндеті. Прокуратура органдары ретінде біз бұл міндеттің орындалуына қоғамдық қадағалау жүргіземіз және заңдылық пен тәртіптің маңызын тағы бір еске салғымыз келеді.
«Таза Қазақстан» – бұл тек көше сыпыру, ағаш отырғызу емес, бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі, болашақ ұрпақтың денсаулығы, жеріміздің тазалығы үшін күрес. Ал «Заң және Тәртіп» – бұл қоғамда өмір сүрудің алтын ережесі. Заңды сақтамайтын қоғамда береке болмайды. Сондықтан кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» таныту – бүгінгі басты қағидатымыз.
Өкінішке қарай, осы жылдың жаз мезгілінде табиғат аясында, қоғамдық орындарда заң бұзу деректері көбейді. Таулы аймақтарда, көл мен өзен жағалауларында, саябақтар мен демалыс аймақтарында тұрғындар тарапынан рұқсатсыз «пикниктер» ұйымдастырылуда. Олардың артынан үйінді-үйінді қоқыс, сынған шыны, пластик қалдықтары қалады. Ең қауіптісі – азаматтардың ашық отты мангалға, тікелей көгалдың үстіне, су айдындары мен өзен жағалауларына жағатындығы. Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр: жасыл желектер жанып, топырақ қабаты бүлінеді, су көздері ластанады, ең бастысы – орман-дала өртінің шығу қаупі бірнеше есе артады.
Бір бөтелке тастау, бір ағаш бұтағын сындыру – бұл жай ғана «кішкентай құқық бұзушылық» емес. Бұл – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 344, 434-2, 434, 381-1, 505-баптары бойынша тікелей жауапкершілік. Қоқыс тастағаны үшін – айыппұл, ашық от жаққаны үшін мүлкі тәркіленіп, қомақты айыппұл салынады. Ал сіздің немқұрайдылығыңыз салдарынан өрт шығып, мемлекетке немесе жеке тұлғаға залал келтірілсе, бұл Қылмыстық Кодекстің 292-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
«Нөлдік төзімділік» дегеніміз – біздің бүгін көшеге тасталған қағазға көз жұмып, ертең біреудің саябақтағы орындықты сындыруына жол беретіндігімізді білдіреді. Сондықтан прокуратура органдары кез келген құқық бұзушылық фактісіне жедел ден қойып, заң аясында қатаң шара қолданатын болады.
Сондықтан әрқайсыңыздан сұраймыз:
1. Табиғатқа шыққанда өзіңізден қалған қоқысты өзіңізбен бірге алып кетіңіз. Қоқыс жәшігі болмаса, бір сөмкені артық көтеріп кеткен ауыр емес.
2. Отты тек арнайы белгіленген, қауіпсіз жерлерде ғана жағыңыз. Көгалдың үстіне, ағаштың түбіне мангал қою – өз қолыңызбен өрт тұтатумен тең.
3. Жасыл желекті, ағашты аялаңыз. Бүгін кескен бір бұтақ – ертеңгі ұрпақтың көлеңкесі.
4. Құқық бұзушылыққа куә болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. 102 немесе аудан прокуратурасына хабарласыңыз.
Таза аула – таза көше. Таза көше – таза қала. Таза қала – таза Қазақстан. Тәртіп орнаған жерде ғана даму, береке болады. Табиғатты қорғау – бір адамның емес, бәріміздің ортақ ісіміз.
Сауран ауданының
прокуратурасы.
