Басты жаңалықтар Қоғам

Идеология ма, қаржы игеру ме?

Жылдың соңы жақындап, күз келгенде әкімдікке қарасты мекемелер төңіректі бояп, әрлеп, әлекке түседі. Айталық, қазір қаладағы көптеген үйлердің қабырғасына суреттер салып тастаған. Мұны біреулер әсемдік үшін десе, екіншілері идеология мақсатында екенін, ал енді біреулер қаржы игерудің көзі ретінде көреді. Бір қарағанда әуесіңді оятатын әдемі суреттер жыл толмай тоза бастайды. Енді оған жыл сайын қаражат жұмсап, суретті ұдайы жаңартып отырмаса, бүгінгі әдемі сурет ертең қорқынышты бейнеге айналатыны анық.

Адырбеков пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында салынған ырғақты субұрқақ туралы да әңгіме көп. «Мемлекеттің қаржысына жаным ашығандықтан айтамын. Тап сол жерге субұрқақ салудың қажеті жоқ еді. Төңірегінде адамдар серуендейтін де жер жоқ. Есесіне, қатты қойылған әуен тұрғындардың тынышын бұзатыны бар. Оны күтіп ұстауға, суға, электр энергиясына шығын аз жұмсалмайды. Одан да Адырбеков көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер өтетін жерасты өткелі немесе аспалы көпір салуы керек еді. Осы жолда көлік апатынан адамдар жиі зардап шегеді. Себебі оқушылар мен студенттер жолдың келесі бетіндегі «Жалын»,  Алтынсарин атындағы №65 мектеп пен университетке қатынайды. Таңертең үйден шыққан бала кешке қайтып үйге келгенше уайымдап отырамыз», – дейді сол жердің тұрғыны Әділбай Едігеев.

Қаланың ескі аудандарындағы көпқабатты үйлер тозып кеткен. Бір жұмыстармен қорғасын зауыты жақта тұратын танысымның үйіне бардым. Кіре берістен-ақ қолқаны қоламса иіс қабады. Бұл осы үй тұрғындарының денсаулығына да кері әсерін тигізетін шығар деген ой келді. Қалада мұндай құлаудың алдында тұрған, күрделі жөндеуді қажет ететін ескі үйлер аз емес. Қабырғаға сурет салғаннан осындай ескі үйлерді жаңартуға, жаңғыртуға қаржы жұмсау пайдалы емес пе?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *