Бірнеше аудан мен Шымкент және Арыс қалаларының ортасында орналасқан Ордабасы ауданын тоғыз жолдың торабында жатыр десек болады. Сондықтан оның әлеуметтік-экономикалық даму бойынша әлеуеті жоғары десек, сөзіміз қисынсыз емес. Ал аудан осы мүмкіндіктерін қалай пайдаланып жатыр, қандай жетістіктер көрсетуде? Осы тақырыптар аясында аудан әкімі Азат Оралбаевпен сұхбат құрдық.
– Азат Әбдіғалиұлы, аудан экономикасын дамыту бағытында қандай шаруалар атқарылуда? Алға қойған жоспарларыңыз жөнінде бөліссеңіз.
– Елімізде экономиканың құрылымын өзгерту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын білесіздер. Біздің ауданда да ауыл шаруашылығын дамыту, өнеркәсіпті өркендету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша шаруалар іске асырылуда.
Ауданымыздың жер көлемі 265,5 мың гектарды құрайды, тұрғындарының жалпы саны 130 мың адамнан асады. 10 ауылдық округ, 57 елді мекен бар. Биылғы жылдың 5 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 84,1 миллиард теңгеге жетті. Өсім – 37,6 пайыз, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 миллиардқа артық. Өнім көлемінің басым бөлігі сауда саласына тиесілі – 42,7 пайыз, одан кейінгі орында 34,8 пайызбен өнеркәсіп келеді. Ауыл шаруашылығы бағытындағы өсім 18,9 пайызды, құрылыс бағытында 3,6 пайызды құрайды. Бюджеттің жергілікті кірістері артуда. Биылғы жылдың бес айының кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард 533 миллион теңгеге арттырылды. Жалпы, кейінгі 3 жылда кірістер үлесі 39,7 пайыздан 65,3 пайызға дейін өсіп отыр.
Ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,4 пайызға артып, 29,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде қайта өңдеуге үлкен басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 26,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Былтыр құны 11,5 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылған болатын. Автоматтандырылған екі қыш зауыты, алюминий профилін өндіру, инновациялық темір-бетон бұйымдарын жасау, керемзит өндірісі жолға қойылған. Соның нәтижесінде 364 жұмыс орны ашылды. Биыл металл өндіру саласында 2 жобаны, жеңіл және қайта өңдеу саласында – 3, жиһаз жасау бойынша – 2, құрылыс материалдарын өндіруде – 4, химия өнеркәсібі бойынша – 2, құс шаруашылығын дамыту бағытында 1 жобаны, жалпы құны 28,5 миллиард теңгені құрайтын барлығы 14 жобаны жүзеге асырамыз деп отырмыз. Нәтижесінде 525 жұмыс орны ашылатын болады. Бұл жобалардан аудан бюджетіне жыл соңына дейін 25,8 миллион теңге салық түседі деп күтілуде.
Ауданға жыл басынан бері 20,9 миллиард теңге инвестиция тартылды, өсім 10,6 пайызды құрады. Оның көлемін жыл соңына дейін 55 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Шетел инвесторларын тарту мақсатында Қытай және Түркия мемлекеттеріне барған іссапардың және облысқа келген инвесторлармен келіссөз жүргізудің нәтижесінде жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Олар 549 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін аумағы 102,5 гектар болатын индустриялық аймақ құрылған. Онда құны 23 миллиард теңгені құрайтын 722 жұмыс орны бар 9 жоба іске қосылған. Темірлан, Шұбар, Шұбарсу елді мекендерінен және «Бадам» индустриалды аймағына іргелес жерден «Бадам» өндірістік паркіне жер телімі бөлініп, өндірістік парктер құру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан өзге, 6 ауыл округінде кіші өндірістік парктерін құру жоспарлануда.
– Аудан экономикасында басты сала ауыл шаруашылығы екені белгілі. Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 16 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,5 пайызды құрады. Өсімдік шаруашылығының үлесі басым – 43,2 миллиард теңге, мал шаруашылығына 23,5 миллиард теңге тиесілі.
Биылғы көктемгі егіс науқанында жалпы 71 мың 238 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 37,1 мың гектарға, майлы дақылдар – 5,3 мың, мақта – 7,2 мың, көкөніс, бақша, картоп – 5,3 мың, мал азығы дақылдары 16,2 мың гектарға отырғызылды.
Егістік жерлерді игеруде су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Бұл технология биыл 1595 гектарға ендірілсе, оның 1390 гектарын тамшылатып, 205 гектарын жаңбырлатып суғару жүйелері құрады. Бұл ретте, Жеңіс ауыл округінде «ПК Дала» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 612 гектар жерге қытайлық технологиямен мақта дақылын егіп, әр гектардан 50-55 центнер өнім алуды жоспарлап отыр.
2025 жылы ауданда жалпы 129,4 гектар жерде жылыжайлар орналасса, онда 11 646 тонна көкөніс өнімдері өндірілді. Жылыжай өнімдерінің көлемін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында Шұбарсу ауыл округінен арнайы жылыжай кешеніне 15 гектар жер телімі бөлінді. Жылыжай салуға ниет білдірген 30 азаматқа «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 250 миллион теңге бөлініп, кәсіп иелері жылыжай құрылыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда бірқатар азаматтардың жылыжайы іске қосылып, өсірген өнімдері нарыққа шығарылуда. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 ауылдық округтен 6 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, 143,2 миллион теңгеге қаржыландырылды. 2025 жылы ауыл шаруашылығында 15 миллиард теңге инвестиция тартылып, 31 жоба 55 жұмыс орнымен жүзеге асырылды. Ал, биыл құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба ашылып, 70 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар, жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу мақсатында «КазГарден» ауыл шаруашылық кооперативіне 10 гектар жер телімі беріліп, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны 400 миллион теңге, қуаттылығы жылына 1 мың тонна жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеуге мүмкіндігі бар.
– Бүгінде егінді ағын сумен қамтамасыз ету де – үлкен мәселе. Су жеткілікті ме?
– Бізде аудан бойынша жалпы 90 канал бар. «Боралдай», «Бадам» және «Ақдала» су қоймаларын салу жоспарлануда. Егістік алқаптарын тиімді пайдалану мен жоғары өнімділікке қол жеткізу мақсатында биыл 45 каналдың 134,4 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 9 каналды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына 9,5 миллиард теңге қаралған. Бүгінгі күнге, Найман мен Қараспан МК каналдарының жұмыстары аяқталды. Қосымша 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржыландыруға салалық басқармаға ұсынылды.
– Құрылыс қарқыны, инфрақұрылыммен қамту жағы қалай?
– Құрылыс жұмыстарының көлемін жыл соңына дейін 26 миллиард 796 миллион теңгеге жеткізу жоспарлануда. Биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 22,1 мың шаршы метрге орындалды, оны 49,3 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Үй кезегіндегі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін 2024-2025 жылдары арендалық 136 пәтер пайдалануға берілді. Былтыр Темірлан елді мекенінде жеке инвестордың есебінен екі қабатты 10 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Ауданымыздағы барлық 57 елді мекен сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Биыл Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген, Қарақұм ауылдарында ауыз су жүйелерін қайта құру, Спатаев, Амангелді, Ақпан, Тоқсансай, Ынтымақ, Жайылма, Көлтоған, Ордабасы, Арыстанды, Мамыр, Дербес ауылдарында ауыз су жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Табиғи газбен 44 елді мекен қамтылған. Былтыр Шұбарсу ауылына жеткізуші газ құбырының құрылысы басталған, осы жылдың соңына дейін толық «көгілдір отынмен» қамту жоспарлануда. Аққойлы, Ақпан, Ордабасы, Мамыр, Қарабастау елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Нұра, Ақбұлақ елді мекендерінің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Бадам, Дербес, Қалаш, Дихан елді мекендерінің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Аудан аумағында республикалық маңыздағы ұзындығы 73,3 шақырым, облыстық, аудандық маңыздағы 242,8 және 108,6 шақырым жолдар, 1022,4 шақырым ішкі көшелер бар. Барлығы 1447 шақырымды құрайды. Оның 983 шақырымына асфальт төселген. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекендегі 28 көшеге, 4 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 3 көпірге ағымдағы жөндеу және 14 елді мекеннің ішкі көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық үлесі 91,1 пайызға, ішкі жолдардың қанағаттанарлық үлесі 55,5 пайызға жетті. Биыл 40,3 шақырым 41 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп қанағатты жағдайдағы ішкі көшелер 60 пайызға ұлғаяды деген үміттеміз. Сонымен қатар, Елшібек батыр ауылына баратын аудандық маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Ауданның туристік әлеуеті қандай?
– Туризм саласында 2025 жылы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асты, 57 жұмыс орны ашылды. Биыл инвестициялық құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады. Сервистік қызмет, тамақтандыру қызметтерін көрсететін бұл нысандарда демалыс аймағында 66 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Жаңа оқу жылы басталғалы жатыр. Мектептер оқушы қабылдауға дайын ба?
– Ауданымызда 66 мемлекеттік, 11 жеке меншік, барлығы 77 мектеп жұмыс істейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақбұлақ ауылында 300 орындық, облыстық бюджет есебінен Шұбарсу ауылында 600 орындық, Төрткүл, Қызылжар ауылдарында 300 орындық мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жылы Елшібек батыр, Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық білім ұялары бала қабылдауды бастайды. «Реновация» жобасы аясында екі мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Биыл жалпы құны 321 миллион теңгеге 6 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Шатырын, жылу жүйесін жөндеу, ауыстыру, әжетханасын жөндеу, сыртын қаптау, трансформаторын реттеу, толығымен жөндеу сияқты жұмыстар атқарылады. Мұның барлығын жіті бақылауда ұстап отырмыз.
