Әлеумет

«Қошқаратаны» қастерлей білейік

Кешегі сенбіде Шымкентке Ұлытау жақтан құдаларымыз келіп, оларды теміржол вокзалынан күтіп алған едік. Ол кісілердің Қошқаратаны көргісі келіп жүргеніне біраз болған, осы жолы «тиіп тұр екен ғой, осы бетімізбен бара салайықшы» дегесін Қошқаратаға үйлер арасымен тіке тарттық.

Қошқарата бұлағы теміржол вокзалына өте жақын, бес минуттық қана жер. Бұрынғы гараждар тұратын аумақтан шағын дүкендер ашып қойыпты. Жол бойы қиқы-жиқы болғанымен шашылып жатқан жоқ, таза екен. Төменнен шомылып жүргендердің жарқын-жарқын шыққан даусы естілгенде қонақтардың да көңілі көтеріле түскендей болды. Ал бұлақтың мөлдіреген салқын суын ішкенде: «Ғажап қой мынау!», «Керемет екен!» деп тіпті де шаттанып кетті. Осындай жағдайды өзіміз жасап қойғандай қоқиланып қалдық, расын айтқанда. «Бүгін күн бұлт болғасын шығар, шомылушылар аздау екен, күн ыстықта мына жерден аяқ алып жүре алмай қаласыз», — деп қойдым қызықтыра түскім келіп. Қатты қызыққан құда інісімен бірге Қошқарата суына бір-екі мәрте сүңгіп те алды.

Осы кезде таяу тұстан бір жағымсыз көріністі көзім шалды. Қолында жартылай ішілген бір «баклашка» сырасы бар екі жас әйел өздерін тәртіпке шақырған полицейлермен салғыласып тұр екен. Біреуінің бейпіл сөйлейтіні сонша, тыңдауға құлақ ұялатын небір анайы сөздерді күшеніп тұрып айтқанда… Құдалар мұны байқамай-ақ қойса, естімей-ақ қойса екен деп тіледім.

Содан құдалар суға түсіп алған соң үйге асықтық. Тағы да келетін адамдар бар, тойға дайындалу керек. «Жаяу шыға берейік» дегесін оларды Қошқарата бойымен «Ордабасы» алаңына қарай алып шықтым. Өзен бойының тап-тұйнақтай таза жатқаны, жағалауға бекітілген тасты габион торлары, көлеңкесін түсіріп тұрған алуан ағаш пен бұталар, арнайы жасалған киім ауыстыратын жерлер, жаттығу алаңшалары, сауда орындары, әр тұсқа қойылған орындықтар, қолдан жасап қойған сарқырама, өзенге жақын тұстан жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер – бәрі-бәрі ол кісілердің көңілінен шықты. «Алматыдағы «Терренкур» сияқты екен, тып-тыныш, жайлы, жүре бергің келеді. Мына үйлерден пәтер алып қойсаң, Қошқаратаға қысы-жазы шомылуға болады-ау. Сіздерге рахат қой, құда, қаланың қақ ортасында осындай өзендеріңіз бар», — деп көпке дейін сөздері Қошқарата төңірегінен шықпай қойды.

Ол кісілер Шымкентке тойға келген, кері билеттерін де алып қойған, той біткесін көп ұзамай қайтып кетті. Ал кешегі көргенім көпке дейін естен шықпай қойған мен жексенбі күні Қошқаратаға қайтадан бардым. Ойым тәртіп сақшыларынан Қошқарата бойындағы тәртіптің сақталуы қалай екенін білу еді. Бірақ оларға жолыға алмадым. Сол маңдағы тазалық сақтаумен айналысатын бір әйелмен аздап әңгімелесудің сәті түсті. «Машиналары тұр ғой, өзен бойын қадағалап жүрген шығар. Біздің шаруа – тазалық сақтау. Қазір қыздар анау киім ауыстыратын жерді жуып-тазалап, хлор сепкен шығар. «Бес саусақ бірдей емес қой», кейбіреудің киім ауыстыратын жерді зәр сасытып кететіні де бар», — деді ол кісі. Ол жерге барып арақ, сыра ішетіндерге енді қайтып бармайтындай етіп заң жүзінде тыйым салса да артықтық етпейтін шығар. Ішкен адамда жауапкершілік түгілі ар-ұят та қалмайды ғой. «Тысқа» ағаштардың арасына шыға салуы да мүмкін. Суды бүлдіруі де де ықтимал. Олай дейтініміз, суретке түсірмек боп қырлау тұстарға көтерілгенде мұрынға зәрдің жағымсыз иісі келіп тұрды. Әдебі, мәдениеті кем болса, кейбір сау адамның өзі де қалтарыстау тұсқа барып дәрет сындыруы да мүмкін. Негізі жағалаудың кей тұсына биоәжетханалар қойса да дұрыс болады-ау деген ой келді. Биоәжетхананың артықшылығы – оны арнайы көлікпен тазартып алуға немесе басқа жаққа апарып тазартуға болады, ішіндегілері жерге сіңбейді.

Тазалықшы апайдан өзен бойындағы «Қошқарата» кесенесінің шырақшысы Маратжан Есімбековтің телефон нөмірін алып, хабарластық. «Төлеби ауданындағы тауда Сусіңген деген жер бар, су сіңіп, осы біздің  Шымкенттегі бұлақтардан шығады. Құдайдың шымкенттіктерге берген несібесі ғой бұл. Жұрт бұлақ суын қысы-жазы ішеді, үйлеріне әкетіп те жатады. Жаз бойы салқын суға шомылып рахаттанады. Әсіресе шілденің кезінде адам көп болады. Қыста келіп шомылатындардың да қатары көбеюде. Жаздың кезінде басқа облыстардан да шомылуға, Қошқар атаға зиярат етуге келетіндер көп. Әрине, көпшілік болғасын тәртіптің де сақталуы маңызды. Мұнда тәртіпті учаскелік инспекторлар мен Ұлттық ұланның арнайы жасақталған сарбаздары бақылап жүреді. 40-қа жуық бейнекамералар қойылған», — деді ол.

Қошқаратадай суы бал, жағалауы жасыл желекке малынып жатқан өзен аумағының ауасы да мөлдіреп тұрса деген ой ғой біздікі. Қай-қайсымыз болсақ та суын ішіп, шомылғасын оны ластамай жүрсек, әдеп сақтасақ, тәртіпті, мәдениетті болсақ дейміз. Қошқаратадай өзгеше өзен еш жерде жоқ, оның қадірін білейік, қастерлейік дегіміз келеді.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *