Бүгінде әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жұрт жаппай Дженнифер Лопестің Астанада өткен концертін талқылап жатыр. Шынын айтсақ, жартылай жалаңаш ән шырқап би билеген әртісті күстаналағандардан гөрі оның өнері мен күш-қуатына тәнті болушылардың үні басымырақ сияқты.
Билет құны 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін
Концерт өткен «Астана-Арена» 30 мыңдай адамға шақталып салынған екен, «іші лықа толды» деп айтылып жатқанына қарағанда тамашалаушылар саны соны шамалаған болса керек. Бұл деген біздегі Төлеби ауданының орталығы Ленгір сияқты шағын бір қалашық халқының санымен тең.
Лопестің концертіне еліміздің әр түкпірінен барғандар көп, тіпті көршілес мемлекеттерден, алыс шетелдерден келгендер де болыпты. Ал билет құны анау-мынау адамның қалтасы көтерердей емес: 40 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін. Олар 15 санат бойынша бағаланып сатылған. Vip-зал билетінің құны 180 мың теңге, алдыңғы жақтардікі 120 – 160 мың, би алаңындағы орындардікі – 90 мың, артқы орын билеттерінің құны 40 мың теңге болған. Осынша билеттің бәрі өткен мамыр айының ішінде, сайт арқылы бір күнде, бар-жоғы 4 сағаттай уақытта сатылып кетіпті.
Алдын-ала айтылған «15 мың турист келеді», «салықтан 400 миллион теңге кіріс түседі» деген болжамдардың қаншалықты тура шыққанын білмедік, анығы – билетке баға қойғандар мен көрермен санын шамалағандар қателесе қоймаған сияқты.
2 күнгі азығына — 37 мың доллар…
Бүгінде Дженнифер Лопестің 3-тамызда Армения астанасы Ереванда өткен концерті төңірегінен қызықты деректер тарап жатыр. Ақпарат құралдарының жазуынша, оған шет мемлекеттерден 15 мыңнан астам адам барған. Лопес осы концерттен 2,5 миллион доллар табыс тауыпты деседі. Оның Ереванда болған екі күнде ішкен-жегеніне 37 мың доллар шығындалған көрінеді. Командасында жүрген 100-ге тарта адамның қонақүйдегі шығыны 185 мың доллар болған. Техникалық директордың қызметіне 76 мың 400 доллар, продюсерінің қаламақысына 15 мың доллар жұмсалыпты. Бұдан басқа мынадай шығындар да есептелген: көлік, логистика және қабылдау тобының жалақысы – 26 мың 800 доллар, көлік жалдау және жабдықты тасымалдау – 22 мың 100, заңгерлік және бухгалтерлік кеңестерге – тиісінше 11 мың 400 доллардан, сатып алу бойынша кеңестерге 15 мың 600 доллар жұмсалған.
Байлығы 450 миллион долларға тең
Дженнифер Лопестің осыншалық танымалдығына негізінен әншілігі жол ашқан десек болады. Оның жасы таяуда ғана 56-ға толды. 4 мәрте тұрмыс құрған. Үшінші күйеуінен егіз баласы – ұлы мен қызы бар. Олардың жасы қазір 17-де. Бүгінде Дженнифердің өзі бойдақ. Шетелдік ақпарат көздерінде оның байлығы 450 миллион долларға тең деп жазылып жүр. Шоу-бизнестен бөлек, киноға түседі, ән альбомдарынан түсетін кірісі бар, жылжымайтын мүлік, киім, әйелдер іш киімі, аяқ киім, косметика саудасы, инвестициялар салу сияқты бизнестермен, қайырымдылық іс-шараларын өткізумен айналысады.
Апалар фитнесті ойлай бастады…
Бүгінде жұрт Дженнифер Лопестің дене сымбатын жас күйінде сақтай алғанын аузынан суы құри айтып жүр. 2 сағатқа созылған концертінде 7 мәрте киім ауыстырып, «купальниктің» түр-түрін көрсеткен әншінің энергиясына тәнті болушылар көп. Еркегі де, әйелі де «шаршамайды екен», «тіпті ентікпейді де», «фигурасы күшті екен!» деп сүйсінуде.
56 жастағы Дженнифердің бойы 1,64 – 1,67 сантиметрдей болады. Салмағы 60 килоның шамасында. 2-ші өлшемді төстартқыш киеді екен. Қазір жұрт осыған дейін, тіпті оның бөксесі мен санының өлшеміне дейін айтып, аузының суы құруда. Әйелдер арасынан «бәрін қойып енді өз-өзіммен айналысам, фигура сақтаймын» деушілердің үні жиірек шыға бастады. Кей ер-азаматтар: «Мына түрімен анау-мынау еркегіңді де шыдатпас!» — деп те жатыр.
Қысқасы, жасы 60-ты алқымдап қалған Дженнифер Лопес жұртты шынында да таңқалдырды. Бұл өзі халық талғамының мәдениетті терең түсінердей биік өскенінің белгісі ме, әлде қызылды-жасылды топ-әуенге ессіз еліктейтін тобырлық түйсіктің тамыр жая бастағанының көрінісі ме?
Қалай болғанда да бізде Дженнифер Лопестің өнерін құрметтейтіндер қатары артып тұрғанға ұқсайды. Оның алдағы, 10-тамыз күні Алматының орталық стадионында өтетін концертіне де билеттер әлдеқашан, алдын-ала сатылып қойыпты. Шамамен 25 мыңдай көрерменге есептеліп салынғанын ескерсек, ол стадион да лық толғалы тұрған сияқты.
Бір жаманы бұл концерттің Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына қабаттасып келгені болып тұр. Бұған басшылардың, мәдениет саласын басқарып отырғандардың мән бермегені қынжылтады. Дегенмен ол халқымыздың дана ойшылының деңгейіне көлеңке түсіре алмайтын шығар.
О. ТҰРАР.
