Әлеумет

ҚОЙ БАҚҚАНДАР ОЗЫП ТҰР…

Қазақ үшін төрт түліктің бірі – қойдың өзіндік орны бар. Бүгін Шопан ата тұқымы туралы бірқатар қызықты деректерді ұсынғымыз келеді.

Құны – 500 мың доллар…

Осыдан екі айдай бұрын Қырғыз елінің Шу облысына қарайтын Соқылық ауданында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы көрмесіне жеткізілген бір қошқардың бағасы 40 миллион сом болыпты. АҚШ долларына шаққанда бұл 500 мың долларды шамалайды. «Ханзада» деп ат қойылған жануар Жайыл ауданының бір ауылында өсірілген екен. Бойы 108 сантиметр, салмағы 180 килодан асады.

Осындай бір көрмеден Қазақстаннан барғандар 150 мың долларға қошқар сатып алған. Бұрынғы иесі оған «Франкель» деп ат қойған екен. Жаңа қожайыны, әрине, енді Франкельден тұқым алу үшін оның барша жағдайын жасап жатқан болар.

Арашан қойларын экспорттайтын болды

«Арашан» деп аталатын қой тұқымын Қырғыз ағайындар өсіреді. 3 жастан асқан ересек қошқарларының салмағы 150-200 кило тартатын бұл етті-майлы қойды қырғыз ғалымдары қырық жылғы селекциялық жұмыстарының нәтижесінде шығарыпты. Тәжікстаннан гиссар тұқымды қойдың қошқарларын алдырып, оларды жергілікті қойлармен будандастырған. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде қырғыздың өз қойының тұқымы пайда болған. Оның ресми түрде тіркеліп, тиісті патент алғанына биыл 5 жыл болды. Бүгінде бұл тұқымды қойға бүкіл әлем қызығады. Өткізіліп тұратын халықаралық көрмелерде олардың жүлделі орын алатындары көп. Биыл Қырғыз еліндегі олардың жалпы саны 50 мыңды шамалап отыр екен. Оларды алдағы екі-үш жылда 250 мыңға дейін жеткізбек ниетте.

Арашан қойлары табиғаттың жайсыз құбылыстарына төзімді, оларды далалы жерлерде де, биік тау жайлауларында да өсіруге болады. Табиғатқа тез бейімделеді. Төлдері тез жетіледі, алты айлығында-ақ салмағы 50 килодан асады, 1 жасында 90 кило тартады екен. Еті жұмсақ, балғын, дәмді, олар майды негізінен құйрығына жинайды.

Жалпы, гиссар тұқымдас қойлар біздің ел шаруашылықтарында да бар. Оны жергілікті қой тұқымымен қосып, ірі мал алып жүргендер кезігеді. Осындай жолмен алынып, өсірілген бойы 1 метрден, салмағы 175 килодан асатын қошқардың 40 мың долларға сатылғаны туралы осыдан бірер жыл бұрын ақпарат көздерінде жарияланғаны да есте. Бұл қошқар осы күнге дейін ондаған, тіпті жүздеген төлге «әке» болып та үлгерген шығар. Демек, ондай асылтұқымды мал өсіруге бізде де мүмкіндіктер бар деген сөз. Оның үстіне Қырғыз елі Арашан тұқымды қойларды экспортқа шығаруға рұқсат беріп отыр. Яғни биыл айыр қалпақты ағайындар Арашан қойларын Қазақстан мен Өзбекстанға және Ресейге экспорттайтын болып шешіпті. Ендеше осындай қойларды сатып алып, өзімізде көбейту біраз ақшалы азаматтардың ойында жүрген де болар.

Осыдан бірер жыл бұрын халықаралық көрмеге қатысып, ең ауыр салмақты деп танылған бір қошқар Қазақстанның рекордтар кітабына ендірілген болатын. Бойы 1 метрден асатын, салмағы 230 кило тартқан қошқарды түркістандық бір азамат өсірген екен. Бұл жөнінде теледидар жаңалықтарында айтылған еді. «Байсары» тұқымына жататын қошқарды Сарыағаш ауданының Қуаныш Мықтыбаев есімді тұрғыны өсірген. Кезінде 40 мың долларға сатып алған екен, қызығып сұрағандарға 100 мың долларға да бермепті.

2 миллион доллар тұратын долан

Қырғыз ағайындар өздерінің арашанын енді Қытайдың атақты «долан» тұқымдас қойынан да асырып түсіруді ойластырып жүр. Долан қойы Шыңжаңда, яғни Шығыс Түркістанда өсіріледі. Ол – әлемдегі ең қымбат қой тұқымы. Аса көп емес, бүкіл дүние жүзіндегі жалпы саны 1000 бас шамасында ғана. Біреуінің өзі 2 миллион долларға дейін бағаланады деседі. Ол да тез жетіледі, алты айлығында салмағы 90 килодан асады. Бүгінде оларды негізінен сән үшін өсіреді. Өйткені аса қымбат, саны да аз. Мысалы, 2016 жылы осындай 6 жасар бір қошқарға иесі 2 миллион 189 мың доллар сұраған екен.

Бір қызығы, әзірге бұл қойлардың ешқайсысы да әйгілі Гиннестің рекордтар кітабына ендірілмеген. Осы қарқынмен дами берсе, болашақта енуі де ғажап емес-ау. Ал адамзат тарихындағы ең ірі қой АҚШ-та тіркелген екен. Орегон штатындағы Шальбергер деген тұрғынның суффолк тұқымды қошқары 1991 жылы әлемдегі ең ауыр салмақты қой ретінде танылған. Оның бойы 109 сантиметр, салмағы 247 кило 200 грамм тартқан екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *