Енді Шымкентте құрылыс материалдарын сататын арнайы 5 базар құрылады. Қазір қала аумағында заңсыз орналасқан құм, шағал тас, ағаш секілді құрылыс материалдары саудаланатын базарлар қала сыртына көшірілуде. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлерге ұсынылған Бадам бағыты бойындағы 77 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Әзімбердиев, аталған аумақта қала әкімінің кеңесшісі Б.Парманов, Абай ауданының әкімі Ш.Сұлтанхан бастаған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының және Көліктік бақылау инспекциясының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар қаланың шырайын бұзған келеңсіздіктерді жойып, қала ішінде көліктер мен жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың бес нүктесінде құрылыс материалдары сатылатын арнайы орындар ұйымдастырылуда. Олар — Алтынтөбе, Бозарық, Құрсай, Бадам және Қызылсай шағын аудандарында орналасқан.