Спорт

ӨЗБЕК ФУТБОЛШЫЛАРЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА АТТАНДЫ

Өзбекстан өз футболшыларын алдағы маусым айында өтетін Әлем чемпионатына аттандырды. Ташкенттегі «Бунёдкор» стадионында өткен салтанатты жиынға мыңдаған жанкүйерлер қатысты. Президенті Шавкат Мирзиёев сәт сапар тілеп, жанкүйерлер сырнайлатып-кернейлетіп, «Олга, олга, Узбекистон!» деп ұрандатып шығарып салды. Бүгінде Өзбекстан командасы ойын өткізетін қалаларға ала тақиялы ағайындар көптеп барып жатыр деседі.

Футболдан 23-ші Әлем чемпионаты алдағы 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Биыл чемпионатқа бұрынғыдай 32 емес, 48 команда қатысады. Олар 12 топқа бөлінген. Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде, Кот-д-Ивуар және Кюрасао командалары өз тарихында тұңғыш рет қатысқалы отыр. Матчтар АҚШ-тың, Канаданың және Мексиканың 16 қаласында өтеді. Жеребе бойынша Өзбекстан құрамасы Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы футболшыларымен бірге «К» тобына түскен. Алғашқы кездесуін 17 маусымда Мексика астанасы Мехикодағы 87 мыңнан астам адам сиятын «Ацтека» стадионында Колумбия құрамасымен өткізеді. Екінші кездесуі 23 маусымда АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өтеді. Осындағы 71 мыңнан астам жанкүйерге арналған «Эн-ар-джи» стадионында ол Португалия командасымен бақ сынайды. Үшінші кездесуі Конго футболшыларымен болады. Матч 27 маусым күні АҚШ-тың Джорджия штаты Атланта қаласындағы 83 мың адам сиятын «Мерседес-Бенц» стадионында болады.

Жалпы, Әлем чемпионатына оншақты мұсылман елдері қатысатын болса, соның ішінде Өзбекстан мен Түркия – түркі елдерінің өкілдері. Түркия футболшылары «Д» тобында өнер көрсетеді. Бұл топта олардан басқа АҚШ, Парагвай, Австралия футболшылары бар. Олардың кездесулері 13 маусым күні Австралия, 19 маусымда Парагвай, 25 маусымда АҚШ футболшыларымен өтеді. Өзбек пен түрік бауырларымызға сәттілік тілейміз!

———————-

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *