Әлеумет

ӘБІРЖІГЕН ӘЙЕЛ,АЛАҚАН ЖАЙҒАН БАЛА…

Кешегі аптаның бейсенбі күні «Самал» базары төңірегіндегі жерасты өткелінде қайыр сұрап отырған әйелді көрдік. Жанында кішкене екі баласы бар. Өткен-кеткеннің көзі үйреніп кеткен бе, оларға тиын-тебен тастаған адам байқамадық. Бұл әйел мұндай күйге қалай душар болған? Күйеуі бар ма? Қайда тұрады? Неге қайыр сұрап жүр?

Осы сұрақтарды қоймақ әрекетімізден нәтиже шықпады, жауап бергісі келмеді. Мүмкін ұялған, мүмкін қорыққан болар. Сол маңнан өтіп бара жатқан жасы үлкен кісі: «Өз күнін көріп жүрген жанның мазасын алып қайтесіңдер? Адам қайбір жетіскеннен қайыр сұрайды дейсің?» — деген соң біз де бұдан әрі тұра беруге ыңғайсызданып, жөнімізге кете бардық. Қырғы базар тұсынан баласымен бірге қайыр сұрап отырған тағы бір жас әйелге де осы сұрақтарды қойғанымызда: «Ағай, ештеңе сұрамай-ақ қойыңызшы», — дегесін азын-аулақ ақша тастап, жөнімізге кеттік.

Шымкентте осындай қайыр сұрап отырған әйелдер көбіне мешіттер маңынан кездесіп қалып жатады. Әсіресе жұма намазына барғанда көзге жиірек шалынады. Бірі баласын жетектеп, бірі қоларбамен сүйреп, енді бірі көтеріп алып жүреді. Жұртқа алақан жаяды. Құдай деген, мейірімі түсіп, аяушылығы оянған намазхан азаматтар садақа тастап жатады. Міне, осындай көрініске бүгінде көптің көзі үйреніп кеткен сияқты. Адам тағдырына алаңдайтындар сирек. Мұндай күйді адам өз басына тілеп алмайды ғой. Мүмкін сол қайыр сұрап жүрген әйелге психологиялық немесе заңгерлік көмек қажет болар? Мүмкін ол баспанасыз шығар, бәлкім біреулерден қандай да бір қысым көріп жүрген шығар? Тіпті, әлдекімдердің тұрақты бизнесі болса да таңқалмаймыз. Күйеуі қайтыс болған немесе ажырасып кеткен де болар? Мүмкін құжатын жоғалтып, жұмысқа тұра алмай жүрген бейбақ шығар? Әйтеуір бір себебі болуы керек қой. Әйтпесе жап-жас адам неге қайыр сұрайды, тығырыққа тіреліп, шығар жол таппай жүр ме, кім біледі…

Біздіңше, басқасы – басқа, осындай күйде жүрген жас әйелдерді тиісті мекемелер қарауына, қамқорлығына алуы керек сияқты. Мынадай жүрісінің нақты себебін анықтау керек. Шамасы жететін, қолынан келетін, жеткілікті жалақысы бар жұмыс тауып беру керек қой. Мамандығы болса, мамандығына сай орналастырған дұрыс. Мамандығы болмаса, күнкөрісіне жарайтын кәсіпке оқытып жіберу керек. Кімнің де болса қатарынан қалмай өмір сүргісі келеді. Сол өмір қайыр сұраумен, аш жүрумен, жылаумен өтпеуі керек қой. Ал бала ше? Кішкентайынан көргені қайыр сұрау болған баладан ертең қандай азамат шығады? Қайыр сұрау өмірлік дағдысына айналып кетпесіне кім кепіл? Ол қайтіп білім алады, жұртпен қайтіп араласады, өмірден орнын қалай табады?

Осының бәрі ойлантарлық жайт. Құдайға шүкір, қазір елімізде бәрі бар ғой. Мемлекеттің әлеуметтік көмек көрсетуге қауқары молынан жетеді. Қиналып, жол таппай жүрген осындай жандарға қол ұшын беріп, демеп жіберсе, олар да қатардан енді қалмауға жанталаса әрекетін жасайтын шығар. Жолы болып, ілігіп кетсе, жәрдемі тиген жандарға өмір бойы алғысын жаудырумен өтер.

Шымкент сияқты жылдан-жылға көркейіп, әлеуеті артып келе жатқан қалада кей жас әйелдің баласын ертіп қайыр сұрап жүргенінің несі жақсы? Қала атына сын емес пе? Сондықтан Шымкент бойынша олардың тізімін алып, жай-күйін, себеп-салдарын анықтап, қажетінше көмек көрсетуді ұсынғымыз келеді. Қала көшелерінде әбіржіген әйел, алақан жайған бала қайыр сұрап отырмаса екен дейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *