Мәселе

Мақтааралдағы қатыгездіктің соңы – қасірет…

13 мамыр күні кешкі мезгілде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте оқыс оқиға орын алғаны белгілі. Еске салар болсақ, қоғамдық орында әйел, бала-шағасының көзінше шапалақ жеген жігіт ашуға булығып, қасақана көлігімен адам қаққан. Бұл даудың не себепті туындағаны туралы толыққанды мәліметті ресми орындар таратқандықтан, біз ол жағына қайтара тоқталғымыз жоқ.  

Біз оқиғаның салдарына үңілгіміз келді. Жалпы, кім болса да осындай келеңсіз жағдайға тап болса не істеу керек? Бірін бірі тап осылай аяусыз жазалау керек пе, әлде басқа жолы бар ма? Болған жәйтқа қатысты халықтан кешірім сұраған Абай Достаев (көлікпен қаққан адам) өзін әйелі мен балаларының көзінше ұрғанын, сол себепті қатты намыстанғанын айтады. Әрине, өте қолайсыз жағдай, дегенмен, мұндай сәтте ашу-дұшпанға ерік бермей, заң жүзінде шешуге болмас па еді? Мұны көрген балалары әкесінің қылығын дұрыс көріп, ертең есейгенде бұдан да сорақы әрекетке бармасына кім кепіл? Қатыгез буын осылай қалыптаспайды ма? Үлкендер жағы өзіміз «үлгі» көрсетеміз де, артынан «кейінгілер қатыгез болып барады» деп байбалам саламыз.

Әлеуметтік желіде таралған бейнетүсірілмде А.Достаевтың өзін шапалақпен ұрған Тахир Жүсіпбаевты көлікпен қалай қаққаны көрсетілген. Енді осы оқиғаға байланысты оқырмандар пікіріне құлақ түріңіз. Көлікпен соққан адамның қылығын өрескел санағандар да бар, дегенмен, «балаларымның көзінше ұрса мен де тап солай істер едім», «намысты екенсің», «ана кісіге де сол керек» деген секілді қатыгездік әрекетті қолдау, қолпаштау, ақтап алу, жәбірленушіні даттау, қаралауға саятын пікірлер жиірек жазылыпты. Осы пікірлерден-ақ бір адам емес, тұтастай қоғам қатыгезденіп алғанын байқауға болады. Мұндай көзқараспен ұрпағымызға қандай тәрбие бермекпіз? Әйтпесе, бұл екі азамат бір-біріне жат немесе жау емес, ағайынды адамдар екен. «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, ашуға ырық бермейік, кешірімді болайық, ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген секілді татуласуға, араздасудан аулақ болуға шақыратын жанашыр, оңды пікірлердің не себепті аз айтылатынын түсіну қиын.

Мемлекеттің қаржысына жасалған дүниені таптап, қоғамдық орындағы ерсі қылығы үшін бір тарап екіншісін тәртіпке шақырған. Сол кезде басшысына дөрекі сөйлегенін естіген Т.Жүсіпбаев інісін тәрбиелемек мақсатта бір шапалақ берген. А.Достаев мұны қорлау деп есептеп, дереу көлігіне мінген де көпшілік ортада ойран салады. Салдары не болды? Жәбірленуші айтарлықтай дене жарақатын алып, ауруханаға түсті. Өзі болса темір тордың арғы жағынан «өткен іске өкінетінін» айтып, ағасынан да, көпшіліктен де кешірім сұрап отыр. Орын алған оқиға бойынша аудандық әкімідік «БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралған Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінің орталық алаңында болған оқиға бойынша қазіргі таңда екі азамат бір-бірінен кешірім сұрап отыр. Алдағы уақытта тергеу амалдары заң аясында шешімін табатын болады», – деп мәлімдеді.

Ашу – дұшпан, сабыр – сары алтын. Сабырсыздың соры қалың. Өкінішке қарай, бүгінде басынан бір сөз асырмай, ашумен артық сөйлеп қойғандарды кешіре алмай, кектеніп, асып, атып, көлікпен басып, қатыгездіктің неше түрін жасайтын жастар қатары көбейіп барады. Басқа емес, бауырын да аямайтын болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылкөпір ауылында таяқ жеген жігіт Шымкенттен достарын ертіп барып, ауылда атыс жасаған. Ал Шымкенттегі М.Өтебаев атындағы колледж студенттері арасындағы әлеуметтік желіде туындаған түсінбеушіліктен басталған даудың соңы атысқа, адам өліміне ұласты. Бірін бірі төбелеп, аяусыз соққыға жығып жатқан оқушы қыздардың да, ұлдардың да қатыгез әрекеттері әлеуметтік желілерде толып жүр. Мұны көрген өзге оқушылар да осы қатыгездікті қайталауға құмартып тұрады. Абырой көреді. Өйткені, үлкендердің тәрбиесі осы болса, жастар қайда барады?     

Бұрын қандай еді? Бәріміз ата-ана мен ағалардың «тәк-тәгін» көріп, шектен шыққанда шапалақ қана емес, жұдырықтың да «дәмін татып» өстік. Қатарластармен бүгін төбелессек, ертесіне-ақ достасатынбыз. Бірде таяқ жедік, бірде таяқ жегіздік. Бірақ кек сақтау деген ұғым мүлдем болмайтын. Қайта көп төбелесіп өскендердің кейіннен достығы берік болатын. Бір ауылдың адамдары бір отбасының мүшелеріндей тату өмір сүретін. Шектен шыққан жағдайда үлкендер жағы бір-бірінен кешірім сұратып, қол алыстырса мәселе шешімін табатын. Қазір осындай кешірімнің, аяушылық сезімнің жоғалып, қатыгездіктің өршіп бара жатқанына қынжыласың.

Өз бетімен жазалау – қылмыс. Ол үшін де жаза бар. Біреу бұзақылық жасаса, құқыңызды таптаса полицияға жүгіну керек. Заң солай, ал батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәтіпке бағынған құл болмайды.

«Заң бойынша ешкімнің өз бетімен шара көруіне жол берілмейді. Бұл заңға қайшы. Заң бұзылса полицияны шақыру керек. Біздің қызметкерлер барып заң аясында шара көреді. Енді не болды, қызуқандылыққа салынған жігіт қамауда отыр. Егер сол кезде ол өзін ұрған адамның үстінен шағым түсіргенде, ол қазір бала-шағасының қасында болып, жәбірлеген адам кешірім сұрап жүрер еді», — дейді Мақтаарал аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Сержан Оспанов. Аталған оқиғаға байланысты екі азаматқа да қылмыстық іс қозғалған. Бірі уақытша қамау изоляторында отырса, екіншісі аурухана төсегінде жатыр. Т.Жүсіпбаевқа қандай ем қолданып жатқанын білу үшін біз «Мырзакент» ауруханасына барған болатынбыз. Емдеуші дәрігер сырқаттың жағдайы тұрақты екенін, бірақ тиянақты ем қабылдау үшін облыстық ауруханаға жіберу керектігін айтты.

Оқиғаға «Мырзакент қызмет» МКК директоры, әрі аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбековтың да қатысы бар деген сөз тараған болатын. Осыған орай Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы Қадыр Сәрсекбаевтан пікір білдіруді сұрадық. «Мен оқиғаның басы-қасында болғаным жоқ. Естігеннен кейін келдім. Қазір тергеу жүріп жатыр. Менің айтайын дегенім, кей мәліметтерде депутат Т.Адамбеков ұрды деп жүр. Бұл жалған мәлімет. Ол осы саябақтың басшысы. Қоғамдық орында тәртіп бұзып, доп ойнағандар Лэд экранды сындырып, гүлдерді таптаған. Т.Адамбеков осы жағдайға ба  йланысты ерегіскен екі адамды ажыратпақ болған. Менің журналистер мен блогерлерден өтінерім, әркімнен естігенді анық-қанығын ажыратып алмай жатып жаза бермей, өзіңіз секілді келіп сұрап, нақты мәліметті жарияласа деймін».

Мырзакенттегі болмашы даудан ушыққан оқиғаға қатысты ойымызды қорытындыласақ, адам қай кезде, қай жерде, қандай жағдайда болмасын қатыгездікке жол бермеу керек. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, бұл айналамыздағы басқа адамдарға да оңай жұғуы мүмкін. Ашу – дұшпанның айтағына ермей, сабыр – достың үніне құлақ асайық. Сонда көп бәледен аулақ боламыз. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүргендіктен құқық бұзушыларды заң орындарына тапсыру қажет. Оның жазасын сот береді. Кінәліні заң аясында емес, өзінше жазаламақ болғандардың өзі айыпталушының орнынан табыларына осы оқиға дәлел.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *