Шымкенттің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифинг өтті. Жиында қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек шаһардағы өзекті мәселелер жөнінде баяндады.
Мүмкіндігі шектеуліге – мүмкіндік
Шымкенттегі психикалық-неврологиялық ауытқулары бар 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №6 әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөндеуіне 1,3 миллиард теңге жұмсалған ғимарат өз жұмысын жаңа типте, заманауи талапқа сәйкес жүргізуге кірісті.
18 жасқа дейінгі ерекше балаларға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін №5 «Аялы алақан» орталығына іргелес бос жатқан 1,14 гектар жерде төбесі жабық ойын алаңшасы салынып, абаттандырылады.
«Нұрсәт» шағынауданындағы «Астана» көшесінде «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жартылай стационарлық жағдай жасаумен жұмыс істейтін 4-ші бөлімшесі ашылды. Ол осы аумақта тұратын зейнеткерлерге қызмет көрсетеді.
Зейнет жасындағы азаматтардың қысқа мерзімде ем алып, демалуы үшін салынған 70 орындық «Ізетті зейнеткер» орталығындағы орындар қала әкімінің тапсырмасымен 120-ға ұлғайтылды. Бұрын 2000-дай адамға қызмет көрсетіп келген орталық үшін енді 3200 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі туып отыр.

Неврологиялық ауруы бар 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға стационарлық жағдайда арнаулы қызмет көрсететін №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (220 орындық) әкім тапсырмасымен 1,9 миллиард теңгеге қосымша 50 орындық ғимарат салынады, бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Бозарық» шағынауданында мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны 13 миллиард 871 миллион теңгені құрайды. «Қаржы жергілікті бюджеттен, қосымша республикалық трансферттен де қамтамасыз етілетін болады», — деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Балаңызға ваучер алыңыз
Шымкент мектептерінде балалардың ыстық тамақпен қамтылуы назарда. Орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендер баланың тамақ ішкен-ішпегенін анықтап беруде. Бюджет қаржысы нақты тамақ ішкен балаға ғана бөлінеді. Аталған бағдарлама орнатылуы нәтижесінде «Алақан» жүйесі бойынша қазан айында 122 миллион теңге үнемделген. «Е-Астана» жүйесінің үнемі – 91 миллион теңге.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бүгінде ваучермен және ваучерсіз тамақ ішіп жүрген балалар саны нақтылануда. Баласына ваучер рәсімдемегендер бар. Қараша айынан бастап ваучер балалардың барлығында да болуы тиіс. Ата-аналар «1414» нөмірі арқылы келген хабарламаға жауап беріп, баласына ваучер рәсімдегені дұрыс.
Д. ОРАЗ.
