Біле жүріңіз

Ақсары адамдар абайласын

Қазір шілденің нағыз ортаңғы кезі, күн ыстық. Осындайда теріні шектен тыс күйдіріп алудан сақ болған абзал. Әсіресе, бұл Оңтүстік өңір тұрғындарына қатысты. Өйткені, бұл маусымда күннің ультракүлгін сәулелерінің қуаты күшті болады.

Біздің өңірде сағат 10.00 – 16.00 аралығында оның деңгейі өте жоғары. Мамандардың айтуынша, мұндайда әсіресе тері түсі ашық, аққұба, ақсары, шашы сарғыш немесе ақ түсті, денесінде меңі көп, терісінде жара бар адамдар абайлауы керек. Ультракүлгін сәулелер терінің күйіне жайсыз әсер етеді, қан тамырларын кеңейтеді, ауыр жағдайда меланома деп аталатын тері ауруын туындатуы да ықтимал.

Ал артық «күйіп» кетудің белгілері – терінің қызаруы, ашуы, кейде домбығып ісінуі, сулы көпіршіктер пайда болып, оның жарылуы, терінің сыдырылуы, онда қоңырқай түсті дақтардың көбеюі. Мұның бәрі ағзаның сусыздануына себеп, оның ішкі қалыпты температуралық режимін бұзады. Ультракүлгін сәуленің ұзақ әсері көзге де жайсыз тиетінін ұмытпау керек. Сондықтан, әсіресе, шілде кезінде күн астында көп жүрмеуге тырысқан жөн. Бас киімсіз жүруге болмайды, киімдер ашық түсті, матасы жайлы, кең болғаны жақсы. Күннен қорғайтын көзілдірік киіп, мүмкін болса, теріге арнайы крем жағып жүргеннің артықтығы жоқ.

Су көздеріне жақын, жағажайда жүрмін, тауда жүрмін деп те арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, ультракүлгін сәуленің әсері мұндай жерлерде де қауіпті. Күн сәулесін кері шағылыстыратын тұстары көп, биік жерлерде де ол қарқынды әсер етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *