Біле жүріңіз

Мұхит сулары қызып жатыр…

Әлемді әбіржіткен аптап ыстық Тынық мұхит сулары температурасының да қалыптағыдан ауытқып, 5 градусқа дейін жылынуына тікелей әсер етуде. Соның салдарынан, мысалы, Солтүстік-батыс Еуропадағы Ұлыбритания осымен қатарынан үшінші мәрте ыстық ауа массаларының «шабуылына» ұшырап отыр.

Мұның бәрі «Эль-Ниньо» әскерінен. Ол – Тынық мұхиттың экватор аумағындағы судың беткі қабаты температурасының ауытқу құбылысы. Бұл – әрбір 2-7 жылда туындап, бір жылға дейін жалғасып отыратын табиғи құбылыс. Ол климатқа елеулі түрде әсер етеді. Бұл кезде судың қызған беткі қабаты шығысқа қарай ойысады, мұхиттың үйреншікті желі азаяды, кейде тіпті тоқтап та қалады. Мұхиттың шығыс аумағыдағы судың төменгі терең қабатының жоғары көтерілу құбылысы да біршама толастайды. Атлант мұхитынан келетін тропикалық циклондар да саябырлайды. Жел бағыты өзгеріп, батыстан көтерілген жел шөлейт аумақтарға ылғалды, қапырық ауа ағынын, нөсер жаңбыр жеткізеді, одан тіпті су тасқындары да орын алып жатады. Үнді мұхиты, Австралия, Индонезия жаққа қарай ауа қысымы артады. Тынық мұхитының орталық және шығыс аумақтарында қысым төмендейді. Бірер аптаны қамтыған құбылыс әлемдік деңгейде аса аңғарыла қоймайды, ал ол бірер айға дейін созылса бәрі қосылып климатта елеулі өзгерістер туындатады.

Дүниежүзілік метеорология ұйымының болжамынша, Эль-Ниньо алдағы қыркүйек айына дейін белсенді түрде дамиды. Оның шарықтау шегі қара күзде байқалып, әсері тіпті келесі жылдың ақпан айына дейін толастамауы мүмкін. Бұл өз кезегінде әлемнің көптеген елдерінде аптап ыстықтың болуына тікелей әсер етпек. Тынық мұхиттың шығыс бөлігінде, Үнді мұхитында және Атлант мұхитының тропикалық аумағында су соңғы жиырма шақты жылда болмаған деңгейде жылынады. Соның себебінен Оңтүстік Американың шығысында, Солтүстік Американың оңтүстік-батысында, Африкада Гвинея шығанағынан солтүстікке қарай жаңбыр жиі жауатын болады. Ал Австралияда, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орталық Америка мен Кариб теңізі бассейнінің кей аумақтарында, Оңтүстік Американың солтүстік-батыс бөлігінде аптап ыстықтар болып, қуаңшылық орын алмақ. Яғни Эль-Ниньо белсенділігінің әсерінен әлемнің кей аумағы үздіксіз жаңбырға шомылып, кей аумағын су басса, енді бір аумағын орман өрттері әбіржітпек, кей өңірлерде егін түсімі азаймақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *