Шымкент

Өрт сөндірушілердің ерлігі ұмытылмайды

 

Шымкентте қызмет бабында жүріп, ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ескерткіш бар. Абай саябағындағы осы ескерткішке жыл сайын сала мамандары Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында арнайы келіп, қаза тапқан әріптестерін еске алады. Салаға жаңадан жұмысқа орналасқан жас мамандардың ант беру рәсімін өткізеді. Биыл да қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшылары мен мамандары кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушылардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Аталған іс-шарада төтенше жағдайларды жою барысында қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға құрмет көрсетіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жас мамандардың ант беру рәсімі өтті. Іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қ.Базарбаев азаматтық қорғау органы қызметкерлерінің ерен еңбектері мен ерліктерін жиналғандардың есіне салып өтті.

Жалын ішінде мәңгілікке қалғандардың есімі ескерткіш мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Олар кімдер еді? Байырғы шымкенттіктер жақсы біледі, 1988 жылдың 25 ақпанында Шымкент мұнай өңдеу зауытында алапат өрт болды. Мұнай өнімдері төгілсе, бүкіл аумақ қара күлге айналары сөзсіз еді. Өрттің ауқымды болғаны соншалық, өрт сөндіруші мамандар қызыл жалынмен 20 сағат арпалысты. Сол оқиғаға куәгер ардагерлеріміздің айтуынша, барлық шара қолданғанымен арада 18 сағат өткенде табиғат тосын мінез танытып, құйынды қатты жел соғуының салдарынан мұнай өнімі сақталған қазандықты от шарпып өтеді де үлкен жарылыс болады. Қызыл жалын әп-сәтте өрт сөндірушілер тобын жауып қалған. Жалын ішінде – жеті жан. Әріптестерін құтқаруға жанталасқандар бет қаратпайтын от ішіндегі жігіттердің аман қалуына барын салады. Б.Алпысбаев, Р.Анарбаев, Б.Махановтың денелері тұтас күйді. Дәрігерлер кейін олардың жарақаттары өте ауыр деп бағалады. В.Елеусізов, К. Есімбаев, Ф.Хадиханов және Д.Битановтардың жарақаты жеңілдеу болғанымен, күйіктің аты күйік. Ұзақ ем-дом алуды қажет етті. Дәрігерлер әріптестері Бақыт Алпысбаевты ажалдан арашалап қала алмады. Небәрі 25 жасында қызыл жалынмен арпалыста алған жарақатынан ауруханада бірнеше күн жатып қайтыс болды. Артында екі қызы қалды.

Өртке қарсы қызмет аға сержанты Жұлдызбек Тұрарұлы Есенәлиев те жұлдыздай жарқ етті де ойда жоқта сөнді. Оны да қызыл жалын «жұтып» қойды. Шымкенттегі Байтулы баба көшесінде орналасқан фармацевтикалық заттар қоймасынан өрт шықты деген хабарды естігенде әріптестерімен әдеттегідей қызыл жалынмен күресуге шұғыл аттанған Жұлдызбекте «қайтып оралмаймын-ау» деген ойдың болмағаны анық. Әрбір өрттің ауқымдылығына қарай әрекет ететін өрт сөндірушілер дәрі-дәрмектер қоймасындағы өрт бойынша №3 рангті шақырту түскенін біледі. Жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құраған өртті сөндіру барысында қоймадағы заттарды да жалыннан сақтап қалу мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Алайда, тілсіз жау қойманың қабырға плитасы бекітілген тұсты балқытып-ақ жіберген екен. Жақтауынан ажыраған қабырға плита Жұлдызбектің үстіне құлап, басып қалған…

Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Бірақ, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің әрбір ісі ерлікпен пара-пар. Өзгені құтқару үшін бұл салада басын бәйгеге тігетін жігіттер көп. «Ақмешіт» шатқалында биіктіктен бір ер азамат құлап кетіпті деген хабар жеткенде көмекке аттанған шұғыл топ құрамындағы Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековтің бар ойлағаны қиындыққа тап болған жігітті аман-есен құтқару болатын. Оның үстіне мұндай операциялардың талайына қатысып жүрген тәжірибелі, «Жедел-құтқару жасағы» мекемесінің бас құтқарушысы, 1-сыныпты құтқарушы үшін басты міндет — адам өміріне араша болу. Шатқалға жеткенде Жомарт құлаған жігітті іздейді. Шатқалдың жарқабағында тұрып, төменде жатқан ер азаматты көреді де, көмекке әріптестерін шақырып, өзі әлгі жігітті алып шығуға төменге қарай бет алады. Әріптестері келгенде Жомарт төменде жатты. «Мені жоғарыға алып шыққан соң өзі абайсызда құлап кетті». Құтқарылған жігіттің айтқаны осы болды.

Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбеков те бұл кезде 30-ға жаңа толған-ды. Бұл 2016 жылдың 30 мамыры болатын. Артында бес баласы қалды. Олар бүгінде әкесіне қаза тапқан соң берілген «Ерлігі үшін» медаліне қарап ерлік деген ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғынып, ержетіп келеді.

Күн сайын тілсіз жаумен бетпе бет келетін құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің ерлік істері жайлы айтылар әңгіме көп. Ал өз қызметіне адал бола жүріп, өзгені ажалдан арашалап, өзі опат болғандардың есімдері ел есінен ешқашан шықпауы керек. Абай саябағындағы ескерткіш те сол үшін қойылған.

Ж.Жайлаубекқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *