Шымкент

«Таза өлкеден» «Мөлдір бұлаққа» дейін…

өнегесі мол акция болды

Республикалық «Таза Қазақстан» акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығына да шымкенттіктер өте белсенді қатысты. Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтың өзі бас болып, қазыналы қарттармен бірге қала көшелерін тазартуға атсалысты.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде сәуірдің 8-інен бастап мамырдың 11-іне дейін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Жалаң ұранға жол бермей, нақты жұмыстардың атқарылуы керектігі жобаланып, әрбір тұрғынның бойына өзі тұратын үйдің ауласын көркейту, таза ұстау қағидаттарын сіңіру жұмыстары жүрді. Акцияға қаланың қарапайым тұрғындарымен қатар қоғамдық мекеме, кәсіпкерлік нысан қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері атсалысты. Бәрі де өз мекемелерінің ауласын көріктендіруге жең түре кірісті.

Бес аптаға созылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының әр аптасы мән-мағынаға толы болды. Әр аптаның өз атауы белгіленіп, айшықталды. «Таза өлке» – бірінші аптасында елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады. Екінші апта – «Киелі мекенде» тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға күш салынды. Үшінші аптада – «Жасыл аймақ» бойынша көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары атқарылды. «Өнегелі ұрпақ» деп аталатын төртінші аптада жалғызілікті, қол күшін қажет ететін ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру жүзеге асты. Республикалық акцияның бесінші күні – «Мөлдір бұлақ» аталымымен  еріктілер мен туған өлкенің нағыз патриоттарына кәсіпорын, ұйым, мемлекеттік орган, басқарма мамандары да қосылып, қала аумағындағы өзен-көлдерді қоқыстан тазартты.

Әр аптаның атауына сай іс-шаралар қолға алынды. Мысалы, «Өнегелі ұрпақ» апталығында экологиялық шараға қатысушы қала жастары, мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтар қарттар үйіне барып, ауласын абаттандырды. Ал, демеушілер оларға қайырымдылық көмек көрсетті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бастаған азаматтар 100-ге келген ҰОС ардагері Нина Мосунованың үйіне барып, ауласын тазартып берді. Қалалық әкімдікке қарасты барлық басқарма мен аудан әкімдігінің қызметкерлері, қала жастары мен еріктілер қарттардың батасын алған күн болды. Қалада тұратын, көмекке мұқтаж қарттарға қолғабыс ету шарасында барлық қария қамтылуға тырысты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері сенбілікке шығып, әлеуметтік қызмет көрсеу орталығының маңын көгалдандырды. Әрі айналасына 100 түп ағаш отырғызды. Ал, Абай ауданының әкімдігі мен тұрғындары ішкі орамдық көшелер мен магистральді көшелерде тазалық жұмысын жүргізді. Нәтижесінде аудан аумағынан 13 тонна қоқыс шығарылды. Дін істері басқармасы және Тұран мен Еңбекші ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен бірқатар қала тұрғындары мазараттар маңын бей-берекет қоқыстан тазартып, 300 көшет екті. Қаратау ауданының тұрғындары көпқабатты 30 тұрғын үйдің ауласында шөп ору және ағаш қырқу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, мыңнан аса азамат 10 шақырымнан аса жол жиегін қоқыстан тазартты. Әл-Фараби ауданында ақсақалдардан бастап жас еріктілерге дейін жалпы саны 2000-нан астам адам сенбілікке қатысты. Олар ирригациялық жүйелер мен көшелерді қоқыстан тазартып, шөп қырқу, ағаш әктеу жұмыстарын жүргізді. Республикалық акция аясында тазарту, көгалдандыру жұмыстары «Мөлдір бұлақ» апталығымен қорытындыланды. Шымкент қаласын қақ жарып өтетін суы мың бір дертке шипалы Қошқар ата өзенінің бастауы күл-қоқыстан тазартылып, айналасы реттелді. Өзен бойы да тазартылды. «Су арнасынан 100 текше метрге жуық қоқыс шығарылды» дейді акцияға қатысушылар. Олар Республика даңғылынан бастап Ордабасы алаңы арқылы өтетін өзен бойын түгелдей тазалап шықты. Әл-Фараби ауданы бойынша тазалық акциясына тұрмыстық қоқыс пен табиғи қалдықтардан тазалау үшін 7 арнайы техника, 10 адамнан құралған 2 бригада жұмылдырылды. Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы Қошқар ата өзенін тазалау жұмысын күнделікті кестеге сәйкес жүргізуде. Ендігі жерде сала мамандары қала тұрғындарынан өзенге қоқыс тастамай, таза ұстауын сұрайды.

Бұл күні аудан аумағындағы Қошқар ата өзенінен бөлек тазалау жұмыстары Қарасу өзені аумағында да жалғасты. Акцияға ауданның тұрғындары,  ақсақалдар, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері белсенді атсалысты. Шөп ору, қураған бұталарды қырқу, әктеу, иригациялық жүйелер мен аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы санитарлық тазалық іс-шарасына 13 арнайы техника,  300-ден астам адам жұмылдырылды. Ал, Қаратау ауданының тұрғындары, табиғат жанашырлары Сайрам-су өзенінің бойын тазалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *