Елімізде ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінеді. Ал, жазы ұзақ Түркістан аграрлы облыс саналады. Демек, елімізде қанша адам осы салада тер төгіп, нәпақасын тауып жүр деген сөз. Олардың өнімін тұтас ел азаматтары пайдаланып, экспортқа да жөнелтіледі. Қысы-жазы тыным таппайтын сол диқандардың бүгінгі жай-күйі қалай? Оларды не толғандырады, олар нені армандайды?
Біздің міндет – осыларды естір құлаққа жеткізу. Сол арқылы шаруаға титімдей болса да қолғабысымыз тисе екен дейміз. Осы орайда Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында тұратын белгілі диқан Самат Сұлтановты (суретте) сөзге тарттық. Сәкең бақша өнімдерін өсіреді, өз бетімен әрекет етіп, тамшылатып суғаруды да үйреніп алған. Өзі еңбек етіп жүрген сала болғандықтан диқаншылықтың проблемаларын жақсы біледі. Кейіпкеріміз біздің қойған сауалдарымызға орай бірқатар мәселе жайын сөз етті.
Арықтарды жөндеу керек
Ауыл шаруашылығында, соның ішінде егін шаруашылығында жұртты толғандырып жүрген мәселе аз емес. Әсіресе, ағын су жайы жұртты көп уайымдатады. Бұл жөнінде Сәкең былай дейді: «Су жетіспегеннен кейін диқандар еккен көкөністі қандырып суғара алмайды. Тіпті, мал азығын өсірумен айналысатын кей азамат бүгінде егістігіне толықтай су жеткізе алмай әбіржіп жүр. Осыны бір ретке келтіру керек. Бұрынғы, кеңестік кезеңде салынған тас арықтардың көбі тозған, құлаған, шөп басып кеткен, тесілген тұстары көп. Каналдан бұрылған су ауылға, диқанның егістігіне жеткенше жол-жөнекей көп ысырап болады. Бас жағынан «пәлен текше метр жіберілді» дегенмен ол қажетті жеріне сол күйінде жетпейді. Арықтың соңғы жағына, тіпті, жартысы ғана жететін кездер болады. Сондықтан оларды заманауи етіп жөндеу керек. Шығынды болдырмаудың амалын жасау қажет».
1 гектарға
400 мың теңге қажет
Бүгінде шаруалар егістігін тамшылатып суғаруға көшуі керек екені жиі айтылып жүр. С.Сұлтанов оны қолдайды. Өйткені өзі де оны жүзеге асырып көрген. «Дегенмен, тамшылатып суғару жүйесін ендіруге кез келген диқанның шамасы жетпейді, — дейді ол. — Өйткені оған қомақты қаражат қажет. Мысалы, бір гектар аумақты тамшылатып суғару құрылғыларымен қамтамасыз ету үшін 400 мың теңгеден аса ақша керек. Оны қарапайым шаруаның қалтасы көтере бермейді. Үкімет осы тамшылатып суғаруға субсидия бөліп жатыр. Өзім алмаймын, естуімше, бір гектарға 800 мың теңгедей ақша есептеледі дейді. Бірақ ол кімдерге қолжетімді? Ол біз сияқты бір-екі гектар жері бар ұсақ шаруаларға да қолжетімді болуы керек. Қанша гектарға ексе де 1 гектардан жоғарыға есеп жасап, шаруалардың бәріне бірдей қолжетімді етуді қарастырса дейміз. Сонда ғана шаруалар осы тамшылатып суғару технологиясына ақырындап көшіп алар еді».
Шаруа өз өнімін өзі сата алуы тиіс
Тағы бір мәселе – шаруаның өз өнімін тікелей өзінің сата алмауы. «Шаруалар ала жаздай еңбек етіп, пісіріп-жетілдірген өнімдерін саудаға шығарған кезде баға төмендеп, алушылар азайып, шығынға батады. Ондай жағдай болмас үшін үкімет шетелдерден әкелініп жатқан арзан көкөністің көлемін шектеуі керек сияқты. Өзіміздің диқандар өніммен қанша қаланы, облыс, аудан, ауылды қамти алады – соның бәрін есептеп, жетпей жатқанын ғана елге кіргізу керек-ау. Өз шаруаларымыздың өнімі елді толық қамти алатын болса, онда шетелдің химиямен өсірген өнімдерінің бізге қажеті қанша? Өнімді өткізу жағы жеңілдесе ғана біздің шаруалардың жағдайы оңала түсер еді», — дейді диқан бұл жөнінде.
Өнім берушіден делдалдың табысы көп
«Делдалдар жағы тағы бар, — дейді С.Сұлтанов. — Мысалы, мен қияр өсірдім. Піскен кезде халыққа тікелей сата алмағандықтан амалсыз алыпсатарларға беремін. Алыпсатар менен килосын 200 теңгеден алса, үстінен 50 теңге, 100 теңге қойып дүкендерге сатады. Дүкеннің иесі де өзінің пайдасы үшін әр килоның үстіне 50 теңге, 100 теңгесін қояды. Тұтынушыға жеткенше өнім сөйтіп қымбаттайды. Бұл жерде өндірушіден делдалдар әлдеқайда көбірек пайда көреді. Үкімет осыны да реттесе өнімдер халыққа қолжетімді бола түсер еді.
Үкімет өнімді шаруаның тікелей өзі сата алатындай жағдай жасауы керек деп ойлаймын. Мысалы, бізде қазір ашық жерде өсірілген қызанақтың көтерме бағасы килосына 60-100 теңге аралығында болып тұр. Басқа қалаларда бес есе, тіпті кей жерде он есеге дейін қымбат болып жатыр. Делдалдардың әрекетімен осынша қымбаттап кетеді. Үкімет диқаншылықпен айналысатын ауылдарға арнайы көлік ұйымдастырып берсе, апарған жерінде жәрмеңке ұйымдастырса, сонда диқан өз өнімін тұтынушыға тікелей өзі қолжетімді бағада сата алар еді. Сонда басқа қалаларда килосы 600, 800 теңгеге сатылып жатқан қызанақ 200, 300 теңгеге сатылған болар еді».
С.Сұлтановтың қыстай өсірген көшеттері жақсы өнім беріпті. Қынжылтатыны – өнімді сатар кезде баға төмен болған. Яғни, қыстай-жаздай қимылдап егіп алған өнімді ойдағыдай өткізе алмағандықтан бір отбасының табысы төмен болып қалды деген сөз. «Осы айтылғандарды үкімет дұрыстап бір қолға алса, шаруалардың жағдайы біршама жақсарып қалар еді. Халықты шетелдік арзан өнімге үйретпей, отандық таза өнімге қолдау білдірсе, бұл шаруаларға кәдімгідей қомақты көмек болар еді», — дейді Сәкең.
Еккен қауыны жиі жауған жаңбыр себебінен шіріп кеткен мақтааралдық диқандардың шырылы есімізде. Дыбысы шықпай, үнсіз кіжініп жүргендері қаншама десеңізші. Оларға мардымды көмек керек. Әсіресе шаруашылықтарды ірі, ұсақ деп бөлмей, субсидияны бәріне де жер көлеміне шақтап берген дұрыс сияқты.
