Бұл көне диірмен (келі) – әжемнің қолынан өткен, оның өмірімен сабақтасқан қасиетті мұра. Әжем мұны 83 жасқа дейін қолданған екен. Кезінде осы диірменмен дән тартып, отбасының қажетіне жаратып, маңдай термен келген астың қадірін білген. Оның сылдыраған үнімен бірге әжемнің қолының табы, маңдай тері, отбасының берекесі, сол дәуірдің тынысы сезіледі.
Бүгінде қол диірменнің орнын заманауи техникалар басты. Бірақ әжемнің қолының табы қалған осы көне дүниені жоғалтқым келмеді. Сондықтан оны қаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына табыстадым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі қуаныш болды. Себебі үйде ғана сақталған жәдігер енді көпшілікке ортақ рухани мұраға айналды. Бүгінде қайтадан қолданысқа қосылып, өзінің бұрынғы қызметін көрсетіп келеді. Орталық қызметкерлері келушілерге диірменнің құрылысын таныстырып, оның қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Қонақтар, студенттер мен оқушылар көне құралды өз қолдарымен ұстап, дән салып, диірменнің тасын айналдырып көреді.
Бұл дегеніңіз – тарихты қолмен сезіну, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізудің тамаша үлгісі. Бала тас диірменнің қалай жұмыс істегеніне көзбе-көз куә болып, өзі айналдырып көреді, дәннің қалай ұнтақталғанын түсінеді. Осы арқылы ата-бабасының тұрмысын, еңбегін, нанның қадірін тереңірек сезінеді. Бір кездері әжемнің қолымен айналған тас бүгінде оқушы мен студенттің қолымен айналып тұр. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі, тұтас бір дәуірдің тынысын жеткізетін үнсіз шежіре.
Ертеде үлкендер диірмен тартып отырып, бала-шағасына өмірдің қадірін үйреткен. Дәннің бір түйірі де ысырап болмай, маңдай термен келген астың қадірі жоғары болған. Осылайша диірмен маңындағы тіршілік ұрпақты еңбекке, ұқыптылыққа, берекені бағалауға тәрбиелеген. Осы үрдісті ұмыт қалдырмай, перзенттерімізді орталыққа әкеліп, диірмен жайын, бір ұнтақ нанның қадірін ұғындырсақ, қанекей! Әйтпесе, нанның қадірін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Салдарынан ас атасы – нан табан астында тапталуда. Дастарханның төрінен ғана табылатын нанымыз қазір әр қоқыс жәшігінің ішінен табылатын болды. Обалды ұмыттық па, қалай?! Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын ішім сезеді.
Нанды қадірлейік, ұрпағымызға да соны үйретейік!
Гүлжауһар ПАЗЫЛБЕКОВА,
Шымкент қаласы әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының тарих маманы.
