Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Біз білмейтін БАНГЛАДЕШ

     Сонымен, саяхаттап көрмекке ниет еткен 57-ші елім болып таңғажайып Бангладеш бұйырыпты. Ғажабы несі дерсіз, мысалы, мен туған Жамбыл облысында 1 млн 220 мың адам бар. Ал сол Жамбылмен жері біп-бірдей Бангладеште кемі 172 млн адам тұрады. Тегіс жер болса мейлі, картадан қараңызшы, үш үлке-е-е-ен өзеннің теңізге құяр тұсындағы атырауында тұр. Жылда су тасиды, циклон ұрады, дауыл соғады, әйтеуір, тыныштық жоқ бұл бейбақтарға.

Бәрі мұсылман. Әй, жоқ,  92% — мұсылман, ал 98% халқы — бенгал жұртынан. Бангладеш сөзі «Бенгал елі» деген мағына береді. Сол себепті де Пәкістанмен сыйыспады ғой. Әйтпесе, ағылшындар Үндістанды босатып бергенде, Пәкістан екеуі бір отау боп шыққан еді. Бангладешке Шығыс Пәкістан деп ат берді, «мұсылманбыз ғой бастысы, ар жағын бірдеңе қыламыз» деген. Қайдағы, 24 жылға шыдап берді ол «некесі». Пәкістан көрпені өзіне көбірек тартты, жалғыз мемлекеттік тіл урду болсын деп. Бұлар оған келіспеді. Бенгал тілі де «хәләм-бәләм» емес, 250 млн адам қолданатын тіл ғой. Қысқасы, 1971 жылдан бері тәуелсіз. Ал 1984 жылдан бері Олимпиададан қалмай жатса да, бір жез медаль бұйырмай келеді. Ең атақты тұлғасы — Рабиндранат Тагор. Біз оны Үндістанның әйгілі жазушысы деп білеміз. Негізі, ол Үндістанның да, Бангладештің де қазіргі әнұранының мәтінін жазған. Тәк, сосын не бар еді, қазір әлемде киім тігуден 2-орында. Сіз шай ішіп отырғанда, мұнда 4 млн әйел, оның ішінде баласы да көп, бүкірейіп, H&M, Zara-ны тігіп жатыр. Болар-болмас пұлға. Жемқорлықтың деңгейін айтуға келмейді.

             ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ЕЛ

«Мұсылман қауым әділдіктен ауса, Құдайдың өзі көмектеспей қояды, ал діннен алыс қауымның өзі әділдікте болса, Құдай жәрдемін тоқтатпайды». Осы сөздің шындығына әр саяхат сайын көзім жетіп келеді. Мысалы, біз жүрген Бангладештің ең басты проблемасы – коррупция. Өте қарапайым мысал — Даккадан 320 шақырым алыстағы Сундарбан деген әйгілі джунглиінде қарапайым балықшылармен үнемі кезігіп отырдық. Бәрінің айтатыны – «біз аулаған балықтың 12 келісін көрші Үндістанға өкімет 500 такаға сатады. Ал өзімізге сол балықты 2000 такаға сатады». Така дегені теңгелері бұлардың.

Халықтың үштен бірі күніне 500 теңге ($1) тапса, мәз. Қалған үштен бірі күніне $5 тапса, жағдайы кәтте жақсы. Мұнда халықтың үштен екісі ауыл шаруашылығында еңбектенгенімен, бюджетке 85% түсімді алып келетін киім-кешек тігу саласын алайық. Еңбекақымды көтерші деп арызданса, ол жұмысшыны, ал 500 адам бірге жазса, бәрін жұмыстан шығарады. Енді ол бейбақты қара тізімге енгізеді де, Бангладеш территориясындағы ешқандай фабрика жұмысқа алмайды. Кәсіподақтарға біріктірмейді, біріксе, басшысын жалдамалы бандиттер өлімші етіп сабап кетеді райынан қайтарғанша.

Кірпіш зауыттағы жас балалар ше? Кедейлердің ұрланып, құлдыққа сатылған 10-12 жасар қыздары ше? Олардан әлемдегі ең үлкен жезөкшелер қаласы — Дәулетдия пайда болды. Бәрін полиция қарап, билік біліп отыр, бірақ, бір қалтадан жем жейді. Читтагонгтағы кеме бұзатын жер ше – әр кемені талқандап біткенше кемі 2 адам өледі дейді. Адамдар аштан өлмес үшін ең қауіпті жұмысқа да келіседі, себебі, сен болмасаң, ар жағында 172 млн адам тұр. Иә, бізде де коррупция бас ауруымыз ғой, бірақ, мұнда бізден 100 есе асқынған түрі. Айтпақшы, феминистерге сүйінші – Бангладештің басшысы 14 жылдан бері шейх Хасина. Тұңғыш президенттің қызы.

               ЖЕЗӨКШЕЛЕР АУЫЛЫ

Бангладеште мұсылман басым болса да, әлемдегі ең үлкен жезөкшелер үйі, пәшти қаласы Дәулетдия барын білетінмін. Ресей блогері Илья Варламовтың осы қаланы тәптіштеп түсірген репортажы бар YouTube-та, керек болса табарсыз. Ал біз бұл елге келгенде дәл сол жезөкшелердің хал-ахуалымен танысайық деген жоспар мүлдем болмаған. Бірақ, жолбарыс іздеген Сундарбан джунглиінен қайтар жолда жезөкшелер ауылына гидіміз Ясин кеме басын бұрды. «Қызық контент болсын» деп. Сөйтсек, әлгі жезөкшелер қаласы жалғыз емес екен ғой. Осы Банья-шанта секілді Бангладештің 18 жерінен ауыл ашыпты өкіметі. Қапшағайдағы казиноларымыз сияқты керек адам іздеп келсін деп. Себебі, өкіметі 2000 жылы жезөкшелікті заңдастыруға мәжбүр болған. Жарайды, бұл жезөкшелер қайдан келеді, сонымен? Өз еркімен келетіні бар, ол аз — 10% шамасы. Озбыр күйеуінен таяқ жеп, қашып, барар жер, басар тауы қалмаған соң, жезөкшелер үйін паналайтыны бар, ол да көп емес. Ең көп контингент — балалар. Иә, сутенерлер аңдып жүріп, кедейлердің 10-12 жасар қыздарын ұрлап кетіп, осында секс-құлдыққа сатып жібереді. Кедейлердің іздеуге шамасы жоқ.

Осындай ауылға кеткенін білсе де, «енді ол жезөкше» деп одан күдер үзеді көп жағдайда. Әлде сутенерлер ауыл-ауылды аралай жүріп, кедейлердің қыздарын ата-аналарынан сатып алады. Мысалы, $1000-ға. Он жыл бұрын баға үш есе қымбат болған екен, бірақ, адам құнсызданып жатыр ғой, осы сомаға түскен. Кедейге тамақ керек, қыз емес. Сосын қыздың жасауын апару керек бенгал салтымен. Ал жоспарланбаған қыз бала дүниеге келсе, кедей бангладештік үшін бұл екі есе проблема. Бірақ, негізінен ата-аналар қыздарын өздері тапсырады екен. Себебі, тағы да қу кедейлік. 8-10 баланы туып тастаған. Енді соның 1-2 қызы ең болмаса тамаққа таласпасын, қарны ашпайтын, қарауылы бар жерде жүрсін деп сутенердің қарамағына береді. 2-3 жылда қайтарып аламын деп алдайды өздерін. Қайдағы, 10-12 жасар қыздарды ойнатып қойсын ба, бірден еркектің астына салады. Күніне 10-12 еркектің. Он жасар қызда әлі мықын жоқ, кеуде жоқ қой еркек қызығатын. Денесі сәл біліну үшін сиырды бордақылау үшін беретін ұнтақ стероидтарды пәшкілеп ішкізеді. Содан да денелері ісініп кетеді. Енді қараңыз, Бангладеште жезөкшелікпен айналысуға тек 18 жастан асқан соң рұқсат береді өкімет. Сонда 10 жасар қыздар ше? Бәрі оңай — коррупция. Полицияға $500 пара беріп, ол балаларды балиғатқа толған бойжеткен деп жаздыртып қояды. Енді масштабты біліңіз, ЮНИСЕФ дерегінше жасырын секс-қызмет жүйесіне халықтың кемінде 6% тартылған дейді.

Ең жүрегімді ауыртқан факті не дейсіз ғой, әлгі бала жезөкшелер дегенмен бала ғой әсілінде. Алғашқы бес жылда ақшаны түгел сутенер алады. Бірақ, анда-санда сутенер «мадам» тиын-тебен бергенде, оны жинамай, тәтті алып жейді екен көбі. Кола ішеді, сникерс жейді. Басқа не істейді енді? Кейін өскенде ата-анасына қайта алмайды, басқа өмірді қалай сүру керегін білмейді. Сондықтан, жезөкше өкімет белгілеп берген ауылдарында қала береді. Бала туады олар да. Ұл өссе, сутенер болады, қыз туса, жезөкше. Қасындағы қарапайым ауылдармен араласа алмайды, себебі, қоғамның дені дегенмен қарсы. Осындай тұйық шеңбер.

Біз жүрген Бангладештің мемлекеттік тілі — бенгалда 3 деген дыбыс па, әріп пе, жоқ. Zero дегенді жиро, зумды жум деп күнелтеді. Астанасы Дакканың қақ ортасын бөле Буриганга деген өзен ағып жатыр. Суының түсі мұнайдай қап-қара, қоймалжыңдау тарта ма кей тұсында, сондай шатыс. Қос жағасы да ұзыннан-ұзақ бір қабат үйдей қоқыс. Ғалымдар бұл әлдеқашан өлі су деп тапқан. Неге бұлай болды дерсіз? Демесеңіз де, жазайын: Даккада қаншама зауыт бар киім тігер, тері илер, солардың бояуы, химикаты еш өңдеусіз осы өзенге құйылады.

Заң бойынша сүзгіден өткізіп барып құюы тиіс еді, бірақ, бұл қай ел екенін ұмытып қалмаған шығарсыз. «Коррупция решает все». Жағалай млн-даған тұрғын жайлаған, олардың боқ-сідігі тікелей осыған ағады. Санақ бойынша Даккадағы канализация суының 85%-і сүзілмейді. Ал бұл қалада кемі 21 млн адам тұрады. Сосын тоқтаусыз жүзіп жатқан кемелердің майы, жануарлар өлігі, тағы не бар еді, бәрі осында — улы сорпа ғой, қысқасы. Бірақ, маңайдағы адамдарға бәрібір — шомылады, тісін жуады. Басқа не амал? Кемітіп айтқанда, 4 млн адам кемінде соның кесірінен ауруға шалдығады, мысалы, тері ауруына…

Бангладеш тұрғынының портретін қабыл алыңыз!

         Мына суретке мұқият қараңызшы, қандай өңді қатын.  Бірақ, сол қолы мен оң аяғы жоқ. Табиғи кемістік, әлде әдейі шабылған. «Миллионер из трущоб» фильміндегі сахна естеріңізде шығар, сау балалардың әдейі көзін шығарып, қолын шауып, кемтар қылатын…

Processed with VSCO with kp3 preset

Қайыр сұрап отыр кесене алдында, осы фотоны түсіруге себеп табу үшін 1000 така (4500 теңге) беріп кеттім қолына. Сосын қанша жерден битін сыққан кедей болса да, тұнжырап тұрмайды ешбірі. Жанарларында қатігездік жоқ. Қазақта «Малымды алсаң да, пейілімді алма» деген сөз бар ғой. Біздің де пейіліміз кең, ниетіміз кіршіксіз кездерді сағынамын, еһ. Тіл маманы, аудармашы Назгүл Қожабек жазды-ау деймін, «біз аш емеспіз, ашкөзбіз» деген ауыр пікір әлі есімнен кетпейді. Бізді мына Бангладешке көшіріп жіберсе, қалай күн көрер екенбіз?

Өркен Кенжебек,

Медиамаман, контентмейкер, саяхатшы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *