Мәселе

Сайрамдық ұстаз «Әділдік орнатамын деп әділетсіздікке ұшырадым» дейді

  

Түркістан облысында білім саласына қатысты мәселелер неге тиылмай тұр? Әділдік іздегендердің қудалауға түсуіне не себеп? 

Сайрам ауданы Қарасу ауылындағы Мардан Сапарбаев атындағы №14 мектептің директорлығына тағайындалған Айжанар Қуандықоваға бес айдан кейін жұмыссыз қаламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясын толық қолдап, өзі барған мектепке әділдік орнатпақ болғанда жергілікті басшылардан қолдау болар деп ойлаған. Өкінішке орай, жағдай керісінше өрбіген секілді…

Ащы болса да ақиқатты айтып, қитұрқылықты тоқтатамын деген әрекеті өзіне соққы болып тиген Айжанар Бекаманқызы бүгінде мектептегі балаларға емес, қорадағы малға қарауға мәжбүр. Оқырманға түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын назарларыңызға ұсыналық. 2023 жылдың 23 қазанында директорлыққа тағайындалған Айжанар Қуандықоваға аудандық білім бөлімінің басшылығы тарапынан осы жылдың 8 сәуірінде Сайрам аудандық прокуратурасының 6 наурыздағы ұсынысын негізге алып, білім сапасына және тәрбие істеріне ведомстволық бақылауды төмендеткені үшін «Қатаң сөгіс» береді. Ал араға 23 күн салып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін дәлелді себепсіз орындамағаны үшін қызметінен босатылған. Жөн, тиісті міндетін орындамаған басшының әрі қарай жұмысын жалғастыруға негіз жоқ. Алайда, құжаттарға көз сүзсеңіз бірқатар әділетсіздікке жол берілгенін байқауға болады. Айталық, аудан прокурорының 16.11.2023 жылғы қаулысында «тексеру кезеңі 2022 және 2023 жылдың өткен кезеңі» деп көрсетіліп тұр. Яғни, бұл А.Қуандықова басшылық қызметке келгенге дейінгі кезең. «Ия бұрын кемшіліктер орын алған, бұл менің заңбұзушылықты анықтауға кірісіп жатқан кезім еді, — дейді экс-директор А.Қуандықова. – Тағайындалғаннан кейінгі 18 күннің ішінде бірнеше заңбұзушылықты анықтап, шамам келгенше оны жоюға әрекет еттім. Алайда, мен қызметке келгенге дейін орын алған кемшіліктер үшін маған қатаң сөгіс бергенін түсінбедім. Өзге біреудің қате-кемшілігіне байланысты не үшін маған шара көрілуі керек? Бұл заңсыз әрекет. Осы заңсыз құжатты негізге алып, мені жұмыстан шығару арқылы тағы бір заңсыздыққа жол берілді. Бұл істің артында мүдделі топ тұр деген күдігім бар. Өйткені, «жұмыртқадан жүн қырқып» келгендердің жолын кесу оларға ұнамағаны түсінікті».

А.Қуандықова өзі айтқан қуғынға ұшырайтындай қандай былықтың бетін ашты? Экс-директордың айтқан сөзіне, көрсеткен құжаттарына сенсек, мектепте он шақты адам жұмыс істемесе де ай сайын жалақы алып отырған. Яғни «мертвые души». Қалай дейсіз ғой? Өзара келісім арқылы жұмыс істемейтін адамға жалақы аударылып, оны артынша кейде мектеп басшыларына, кейде олардың сенімді адамдарына аударған. Заңсыздық анықталған соң ол қаржы мемлекетке қайтарылыпты. Мектепте денсаулығына байланысты үйде оқытылатан 13 бала бар екен. Енді осы балалардың үйінде қалай оқытылып келгеніне назар аударсаңыз, тағы бір заңсыздыққа көз жеткізген боласыз. Мәселен, бір балаға бір күнде 5 түрлі пәннен 5 мұғалім сабақ өтуі керек болса, осы 5 мұғалімнің міндетін бір ғана мұғалім атқарып отырған. Айталық, информатика пәнінің мұғалімі үйінде оқытылатын балаға өз пәнінен бөлек сол күнгі болатын орыс тілі мен әдебиетін де, математика, қоршаған ортаны бағдарлауды да оқытып кете салады. Сол секілді ағылшын тілінің мұғалімі орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы мен георграфиядан дәріс береді. Мұны қалай түсінуге болады? Демек, оларға баланың білімі емес, мұғалімдердің сағат саны маңызды болып тұрғаны да. Әйтпесе, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі математикадан, географиядан қалай сабақ береді? Бұл дегеніңіз заңгердің науқасқа ота жасағанымен бірдей әрекет емес пе?

Тағы бір мысал. Шымкентте наубайханада жұмыс істейтін адамға, яғни мектепке мүлдем бөтен жанға жалақы жазылыпты. Бұл енді барып тұрған сорақылық. Дәл осындай «мертвые души» үшін басқа аудандарда кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылып жатқанда, бұл мектепте табель жазып, оны бекіткен адамға ескерту де берілмеген. Есесіне сондай заңбұзушылықты анықтап, жолын кескен директорды жұмыстан босату шектен шыққан емей немене?

М.Сапарбаев мектебіне қосымша ғимарат құрылысы жүргізіліп, ол 2022 жылы қабылданған екен. А.Қуандықова қызметке тағайындалған соң, нақты айтқанда 4 желтоқсанда «Жаңа мектепте түгендеу жұмыстарын өткізу туралы» комиссия құрады. Сол комиссия тізімде көрсетілген 227 заттың мектепте жоқ екенін анықтайды. Бір-екеу емес, 227 зат! Оның ішінде стол мен парталар ғана емес, өте қымбат заттар да бар екен. Машайықтан қашайық деді ме, әйтеуір осыдан кейін-ақ директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары «басқа жұмысқа ауысамын» деген сылтаумен тез арада жұмыстан шығып кетеді.

«Мектеп қорына» деп мұғалімдерден ай сайын қомақты ақша жиналып отырған екен. Оның қайда жұмсалып жатқанына қызығушылық танытқандарды «бор, тряпка, швабра сатып аламыз» деп сендірген. Алайда, аталған заттар мемлекет тарапынан тегін берілетінін біз тиісті адамдардан сұрап білдік. Осы қитұрқылықтың барлығы су бетіне шыққанда А.Қуандықоваға түрлі «ұтымды ұсыныстар» айтылған екен. Бірақ, экс-директор оған көне қоймаған. Артық ақша жинау тоқтаған. Бұл біреулерге жайсыз тисе керек, орынсыз арыздану, аяқтан шалу әрекеттері басталып кеткенге ұқсайды. Нәтижесі – небәрі бес жарым айдан кейін жұмыстан босатылды. Сонда біздің қоғамда әділдік жолындағы емес, әділетсіздіктің жолындағылардың мерейі үстем болғаны ма?  

А.Қуандықова редакцияға арызданып келгеннен кейін біз екінші тараптың да пікірін білмек оймен арнайылап Сайрам ауданына бардық. Алайда аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов А.Қуандықованың не үшін жұмыстан босатылғанына түсінік беруден бас тартты. Бәлкім алдағы уақытта ойланып, райынан қайтып, себебін түсіндіремін деп жатса, ол кісінің де уәжін тыңдауға әзірміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *