Шымкентте анау айтты қар әлі жауған жоқ. Десе де ала-жаздай қысқы маусымға дайындық қызу жүрді. Әсіресе, қар күрейтін арнайы техникалардың санын арттыру, ескісінің орнына жаңасын алу ісіне мән берілді. Нәтижесінде кешегі аптада Шымкентте қысқы маусымға 189 арнайы техниканың дайындығы паш етілді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда техниканың бұл түрі 34-ке көп. Мамандар былтырғы жылғы қыста 155 техникамен қар күрегендерін айтады. Техникадан бөлек, орталық көшелерді тазалауға мердігер ұйымдардың 2000-ға жуық қызметкері атсалысатыны тағы бар.
Шымкентте қазір жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральды көше бар екен. Бұл көшелердің санитарлық және механикалық тазалығына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым жауапты. Биыл Шымкенттің бес ауданында көшелерді қардан тазалау бірнеше ауысымда жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Мысалы, Абай ауданында тазалау жұмыстары сегіз бағыт бойынша ұйымдастырылады. «Жалпы ұзындығы 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральдық көшені тазалау үшін 37 арнайы техника жұмылдырылады» дейді сала мамандары.
Ал әл-Фараби ауданында дәл осындай жұмыстар бес бағытта жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 147,4 шақырым 109 магистральдық көшені тазалауға 39 арнайы техника тартылады деген жоспар бар. Еңбекші ауданында да алдағы күндері қар тазалау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 221,6 шақырымдық 83 магистральдық көшені тазарту үшін 38 арнайы техника тартылмақ. Тұран ауданында жұмыс алты бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 203,3 шақырымдық 111 магистральдық көшені тазалауға 36 арнайы техника тарту жоспарланған. Қаратау ауданындағы ұзындығы 181,1 шақырымды құрайтын 83 көшені тазалау бес бағытта жүргізіліп, 39 арнайы техника жұмылдырылады деген жоспар бар.
Қыста күрелген қарды қала сыртына шығару үшін арнайы орындар аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі. Атап айтқанда, шамамен 24 800 текше метр құм және 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қосымша келісімшарт негізінде сатып алынды.