Шымкент

Су мен өрт – тілсіз жау!

Оның алдын алуда салғырттыққа салынбаған жөн. Шомылу науқаны басталып кеткелі су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтамаудан зардап шеушілер саны артуда. Соңы қайғылы жағдайға душар ектен оқиғалар да аз емес. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өзен-көлге, рұқсат етілмеген су айдындарына шомылуға балаларды жалғыз-жарым жібермеуді ескертеді. Ата-аналар балалардың қала орталықтарындағы фонтандарға шомылуына да рұқсат бермеуі керек. Себебі, субұрқақтың сәнін келтірген түрлі жарық шамдары мен музыкалық сүйемелдеу құрылғылары арқылы ток тарту қаупі басым. Фонтан шомылатын жер емес. Көшеге сән беретін, салқын самал сыйлайтын нысан.

Сала мамандары қазір жазғы шомылу маусымы аясында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде шамамен 1875 тұрғын, 8 тұрғын алап, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған 13 орын ақпаратпен толық қамтылып, 2500 үнпарақ таратылды. Төтеншеліктер  ӘҚБтК-тің 412 бабына сәйкес заң бұзған азаматтарға қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырып, 90454 теңге айыппұл салған.

Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Еңбекші ауданы полиция қызметкерімен бірлесе отырып аудан аумағында орналасқан «Бадам-Рахат» демалыс орнында демалушыларға «Жазғы маусымда судағы жүріс-тұрыс ережелері» тақырыбында үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Десе де әрбір ата-ана өз баласына судағы қауіпсіздік ережелері туралы айтып отыруы қажет дейді төтеншеліктер. Тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды. Тереңдігі белгісіз суға сүңгімеңіз. Қалқымалардан аса жүзуге болмайтынын да әркез жадыңызда ұстаңыз деген сала мамандары мас күйінде суға түсетіндердің де жазатайым қайғылы жағдайға душар болатынын айтуда.

Су айдындарындағы қайықтарға жақындап жүзіп бару да қауіпті. «Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болғыңыз келсе, судағы қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтаңыз» дейді мамандар. Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Ә.Серік, Жедел-құтқару жасағының басшысы О.Туртбаев бұл жайында БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг те өткізді. Шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қауіпсіз демалуды ұйымдастыру шаралары туралы егжей-тегжей түсіндірді.

Төтеншеліктердің қазір жарғақ құлақтары жастыққа тимеуде. Олар жер-жерде сақтық шараларын ұстануды насихаттап жүр. Әсіресе өрттің алдын алуға мән беруде. Абай ауданы ТЖБ қызметкерлері жақында аудан аумағында орналасқан «Темірші ата», «Диханбай», «Ният» жеке кәсіпкерлік нысандарының егін алқаптарында басшыларымен бірге дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мақсат — егін алқаптарында өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіру. Өткен аптада Тұран ауданы ТЖБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының «Жоғары қабатты тұрғын үй кешендерінің өрт қауіпсіздігіне қарау жұмыстары» тапсырмасына сәйкес аудан аумағындағы «Биік тұрғын үй кешеніне» қарау жұмыстары жүргізілді. «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбында үгіт-насихат түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға насихаттық шаралар ұйымдастырылды.

Десе де өрт шығу оқиғалары болмай тұрмайды. Мысалы, жақында әл-Фараби ауданында кафеге жапсарлас салынған ас үй бөлмесінің бірінен өрт шықты. Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында 12 ш.м. алаңдағы өрт толығымен сөндірлген. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертуде.

Дала өрттерінің орын алу қаупі басым бүгінгідей ыстық маусымда шаруа қожалықтарына да барып, дихандарға түсіндіру, ескерту шараларын ұйымдастырудан төтеншеліктер қашпауда. Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Жұлдыз, Базарқақпа аймағында орналасқан егістіктердің басына ерінбей барып қайтты. Шаруашылық иелерімен егістік алқаптарында орын алуы мүмкін өрттің жәй-жапсары, оны болдырмаудың жолдары туралы ақпарат беріп, қауіпсіздік шараларын қолға алуды ескертті. Мысалы, егістік алқаптарына арнайы минералды жолақтар салу, техникаларды талапқа сай келтіру қажет. Осындай түсіндірме жұмыстары төтенше жағдайдың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *