Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифингін өткізді. Ол қаладағы әлеуметтік мәселелер мен су айдындары және шомылатын арнайы орындар туралы баяндап берді. Баяндамадан төмендегідей жайлар белгілі болды.
Грантты мақсатсыз жаратқандар анықталған
Шымкетте 2025-жылы 49500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оған жыл басынан бері барлығы 9737 адам тартылып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызды құрайды.
Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтардың бизнес-жобаларын қолдау үшін 2019-жылдан бері 400 АЕК көлемінде гранттар беріліп келе жатқаны мәлім. Былтыр Шымкентте комиссия шешімімен 428 адамның әрқайсысына сомасы 1 миллион 476 мың теңгені құрайтын 400 АЕК көлеміндегі гранттар берілген. Дегенмен кейіннен 2024-жылы грант алған азаматтардың ішінде 36-сының ол қаражатты нысаналы мақсатқа жұмсамағаны анықталған. Қаражатты қайтаруға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мұндай жағдайдың 2023-жылы 138 азаматтың тарапынан жасалғаны белгілі болған. Олардан бюджетке 158 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылуы тиіс. Бүгінге дейін оның 45 миллион теңгеден астамы қайтарылған.
Ал биыл мұндай грант 260 адамға берілетін болып отыр. Грант азаматтардың өз кәсібін бастауына мемлекет тарапынан қамқорлық ретінде беріледі. Оны негізгі мақсатқа ғана жұмсаған жөн.
Солтүстікке қоныстану жалғасуда
Қала әкімдігі тарапынан тұрғындар аз қоныстанған өңірлерге қоныстандыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024-жылы Шымкенттен барлығы 159 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Олардың бірде-біреуі қайтып келген жоқ, сол өңірлерде тұрықтап, жұмыстарын жалғастыруда. Ал биылғы жыл басынан бері ол жаққа құрамында 6 адамы бар 1 отбасы көшкен. Көші-қон негізінен жаз бен күз айларында жанданатыны белгілі. Сондықтан бұл әзірге түбегейлі көрсеткіш емес. Таяу күндері солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша жәрмеңке өткізілмек. Оған Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының жұмыс берушілері келіп қатысатын болады.
Ваучерден айырылғандар бар
Шымкентте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған 4482 отбасыға тағайындалатын болады. Жұмыспен қамтудың арқасында өткен кезеңдермен салыстырғанда мұндай көмекке мұқтаждар саны 35,1 пайызға азайып отыр.
Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1,5 АЕК көлемінде бір реттік қосымша төлем беріледі. 2025-жылы жергілікті бюджет есебінен 3682 отбасыдағы 7135 балаға 80,9 миллион теңге төленеді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген 2636 адам қаладағы түрлі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Айта кетер бір жай – шымкенттік 228 отбасындағы 381 балаға басқа өңірлерде тұратынына қарамастан 2022 – 2024-жылдар аралығында атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп келгендігі анықталған. Бұл бойынша 84,2 миллион теңге бюджетке қайтаруға жатады. Бүгінге дейін 8,8 миллион теңгесі қайтарылған.
Заңға ендірілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша бүгінде балабақшаға баратын балалардың да тұрғылықты мекен-жайы сол мекеме орналасқан жерге сай болуы тиіс. Осыған байланысты жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Шымкент қаласында 4000-нан астам баланың тұрғылықты мекен-жайы жоқ екені анықталған. Ескерту берілгесін 3099 баланың ата-анасы баласының тұрғылықты жерін Шымкент қаласына тіркеген. Ал 1038 ата-ана баласын Шымкенттегі мекен-жайға қоймағаны үшін ваучерден айырылған. Осы 1038 баланың өткен төрт айдағы қаржысы 2 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайды. Ол қайтарылуға жатады, ваучер бойынша балабақшаға кезекте тұрған балаларға беріледі. Сондықтан бұл мәселеде де ата-аналар заң бұзбауы тиіс.
Былтырғы жылы отбасылық цифрлық карта бойынша «Д» және «Е» санатындағы өте аз қамтылған 64525 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Жұмыспен қамту және кәсіп ашуға грант беру арқылы мұндай отбасылардың санын азайту жоспары да дұрыс бағытта жүріп жатыр.
Басылымдарға жаздыртуға 25,8 миллион теңге қарастырылған
Шымкентте 41970 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін бюдждеттен биылғы жылға 14,2 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.
Қалада 97243 зейнеткер бар. Көпбалалы аналардың саны 69239 адам. Зейнеткерлер мен ардагерлерге санаториялық-курорттық ем қабылдау үшін жыл сайын 5500 адамға тегін жолдама беріледі. Ол үшін бджеттен 865 миллион теңге қарастырылған. Зейнеткерлер мен ардагерлерге қызмет көрсететін орындардың жағдайы жасалынып жатыр. 2180 ардагерді мерзімдік басылымдарға жаздыртуға жылдың екі жартыжылдығына арнап бюджеттен 25,8 миллион теңге қарастырылған.
Мерекелерге 147,1 миллион теңге бағытталған
9-мамыр – Жеңіс күніндегі шараларды іске асыру үшін 38 миллион теңге қаржы қаралған. Ұлы Отан соғысының Шымкентте тұратын екі ардагеріне 10 миллион теңге бір реттік әлеуметтік көмек қаржысы төленген. 7-Мамыр – Отан қорғаушы күніне және Жеңіс күніне орай ҰОС ардагеріне теңестірілген 166 ардагерге 45 АЕК, яғни 176943 теңге көлемінде көмек көрсетілетін болады. Қаралған жалпы қаржы 29,4 миллион теңге. Тыл ардгерлеріне, ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 15 АЕК немесе 58980 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Осы санаттағы 1826 азаматқа барлығы 107,6 миллион теңге көмек беріледі.
Жалпы алғанда, 7-Мамыр, 9-Мамыр мерекелері қарсаңында 1994 ардагерге бір реттік көрсетілетін әлеуметтік көмектің жалпы сомасы 147,1 миллион теңге болып отыр.
Әлеуметтік нысандар салынады
Азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметті арнайы лицензияға ие болған 9 мемлекеттік мекеме мен 4 үкіметтік емес ұйым көрсетуде. Биыл «Бозарық» шағын ауданында 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арнап 150 орындық оңалту орталығын салуға 5,4 миллиард теңге бөлінген. 5 гектар жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. №1 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы аумағынан қосымша 50 орындық ғимарат құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жұмысына бағытталған қаржы 1,5 миллиард теңгені құрайды. Ол жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. №2 орталықта күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 20 миллион теңге қарастырылған. №6 орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,3 миллион теңге қаралған. Жұмыс басталған, шілде айында аяқталады деп күтілуде. Психикалық-неврологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған 3 – 18 жас аралығындағы балаларға арналған 150 орындық орталық ашу жоспарлануда. 18-ден 35 жасқа дейінгі психикалық-неврологиялық ауытулары барларға 2025-жылы 50 жатын орынға арналған орталық ашу жоспарда бар.
Ыстық тамаққа 13,5 миллиард теңге бөлінген
Қалада 1-4-сыныпта оқитын балалардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Елімізде 5-11-сыныпта оқитын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған балаларды да ыстық тамақпен қамту бойынша заң күшіне енгені белгілі. Осыған орай қалада 1-11-сыныпта оқитын 132392 оқушыға 13 миллиард 538 миллион 38 мың теңге ыстық тамақ үшін бөлінген. Мұның ішінде 1-4-сыныпта оқитын 100425 оқушы үшін 9 миллиард 947 миллион 698 мың теңге және 5-11-сыныптарда оқитын аз қамтылған отбасылардан шыққан 31967 балаға 3 миллиард 590 миллион 339 мың теңге қаржы қала бюджетінен бөлініп отыр.
Аз қамтылған балаларға республикалық қайырымдылық акциясы аясында 46500 теңгеден 56400 оқушыға мектеп формасына деп жыл сайын арнайы қаржы бөлінетін. Ал бұған жоспарланған қаржының көлемі 2 миллард 623 миллион 995 мың теңгені құрайды. Бұл — жыл сайын орындалып келе жатқан меже. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың 9 мың баласы жыл сайын бюджет есебінен арнайы жазғы сауықтыру-демалу лагерьлеріне жіберіледі.
Науқастардың құқықтарын қорғау мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап әкімшілік квота ұйымдастырылған. Мүгедектігі бар азаматтарға медициналық көмек көрсетіледі. Дәрі-дәрмекпен қамту, амбулаториялық, стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі, қажет болса оңалту орталықтарына жолдама беріледі.
Тыйым салынған аумақтар саны 30-ға жеткізіледі
Шымкент қаласында 5 рұқсат етілген суға шомылу аймағы, 13 тыйым салынған аймақ бар. Тыйым салынған жерлерге өткен жылы 165 ескерту тақтайшалары қойылған. Таяуда қайтадан зерделеу жұмыстары жүргізілген, тыйым салынған орындар санын 13-тен 30-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл шешім мамыр айының алғашқы онкүндігіндегі қалалық мәслихаттың кезекті отырысында бекітіліп, ол жерлерге тиісті ескерту белгілері орнатылатын болады.
Осындай тыйым салынған аумақтарға шомылу барысында 2024-жылы 2 жазатайым оқиға тіркелген, оның біреуінде кәмелетке толмаған бала зардап шеккен. Сондықтан ата-аналар өз балаларына мұқият болуы керек. Тыйым салынған, шомылуға жатпайтын жерлерге баланы жіберуге немесе шомылдыруға болмайды.
…Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкілі Сәрсен Құранбек ақпараттық коммуникациялық орталықта өткізген брифинг кезінде осындай жайлар туралы егжей-тегжейлі айтылды. Әкім орынбасары бұдан кейін БАҚ өкілдері тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.
Д. ОРАЗ.