Көп жесеңіз зиянды болуы да мүмкін
Таяуда достарымызбен бас қосқан жиында «холодец» деген тағам жөнінде әжептеуір әңгіме болды. Омыртқасын зақымдап алған азаматқа осындай тағамды жиірек жеп тұру жөнінде кеңес берілді.
Жалпы, бұл тағамның қазақша атауын көп адам нақты біле бермейді екен. Дірілдек, салқын ет, ет желесі деп, әр өңірде әртүрлі айтылады. Оны негізінен ірі қара малдың бақай сүйектерінен қайнатып жасайды. Сүйек болғанда, сақырлаған құр сүйек емес, кәдімгі терісімен үйітілген малдың бақайы, еті, сіңірі, шеміршектерімен қоса баяу жанған отта ұзақ қайнатылады. Содан кейін оны біраз уақытқа суытып қояды. Ол кәдімгі мармелад сияқты боп қоюланып қалады. Түрлі дәмдеуіштер қосатындықтан дәмді болады, торт сияқты етіп кесіп-кесіп жей бересіз. Бастысы, ағзаны кальциймен, коллагенмен байытады. Буыны, сүйегі ауыратындарға, сүйегі сынғандарға шипалы деседі.
Дегенмен қай нәрсенің болса да ағзаға жағатыны, жақпайтыны, пайдалысы, зияндысы болатыны мәлім. Пайдалының өзін шамадан арттырып жіберсеңіз зиянға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан ашық дерек көздерінен осы «холодецтің» пайдасы мен зияны туралы қарастырып көрдік.
Пайдасы мынадай екен: онда шынында да буын, сіңір, шеміршек, терінің саулығына әсері бар коллаген деген ақуыз көп. Ол жүйке жүйесіне, қан құрамына, зат алмасуына жағымды. «А» дәрумені мен «В» тобының дәрумендері, ағзаға кальцийдің сіңірілуін оңайлататын лизин, ми жұмысын жақсартатын глицин деген амин қышқылдары, қан түзетін, бұлшық ет қызметін, иммунитетті жақсартатын темір, магний, калий, фосфор, цинк бар. Мұның бәрі күш түсіретін жұмыстардан кейін ағзаның қалпына келуіне, түрлі жарақаттар мен сынықтарды, теріні емдеуде пайдалы.
Бірақ тым жиі жемеу, қажетті шамадан асырмау керек. Өйткені онда май мен холестерин көп. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруынан, атеросклероздан зардап шегетіндер көп жемегені жөн. Ол гастрит, панкреатит, холецистит сияқты созылмалы ауруы барларға да жайсыз тиюі мүмкін. Онда пуриндер көп, олар ағзаға түскесін несеп жолдарында тас түзілуіне, зат алмасуының бұзылып, буындардың домбығуына себеп болуы ықтимал. Егер тым ащы тұздалған болса бұл да домбығуға, қан қысымының көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Ас қорыту жолдарында, бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамырлары жолдарында кінәрат бар адамдардың «холодецке» қатысты емдеуші дәрігермен кеңесе жүргені жөн болмақ.
