Жылдағы дәстүр бойынша 1-сыныпқа оқушы қабылдау үшін өтініш беру 1 сәуірден басталды. Құжаттарды қабылдау, өтініш беру ісі 31 тамызға дейін жалғасады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, балалар 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы немесе қағаз түрінде тапсыруы керек.
Ол үшін мына құжаттар қажет болады:
- Ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші.
- №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты.
- Өлшемі 3х4 см екі фотосурет.
Ал біздің елде тұрып жатқан шетел азаматтары үшін талап басқа. Баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұратын болу керек. Олар Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы мен тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы қажет.
«Құжаттарды соңғы күндерге қалдырмай, балаңызды мектепке қабылдау мәселесін алдын ала шешуді ұсынуға шақырамыз!» – дейді министрлік. Орайы келгенде айтайық, 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа еліміз бойынша 351 176 бала қабылданды. Оның 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген.