басқарма басшысы оны орындамайды
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қызметке кіріскеніне бір жылдан енді асты. Бұл еліміздегі үшінші мегополистің тұралап қалған жұмысын жандандыру үшін әлі жеткіліксіз мерзім. Қаншама кедергілерің кездесетіні айпаса да түсінікті. Соған қарамастан қалада ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Ғабит Әбдімәжитұлының көпшіліктің көңілінен шыққан жұмысының бірі деп тұрғындармен бетпе-бет өткізіп жүрген кездесулерін айтуға болады. Ғ.Сыздықбеков тұрғындармен кездесу форматын өзгертіп, жалпы көпшілікке қолжетімді ету мақсатында көшелерде өткізіп жүр. Әкімнің келетінін дауыс күшейткішпен хабарлап, «айтатын мәселелерің болса аулаға шығыңдар» деп арнайылап шақырғанды алғаш көруіміз. Алда да осындай әрекеттер жалғасады деген сенім бар.
Ел арасында «іскер әкімнің қасында іскер орынбасарлары мен басқарма басшылары болу керек» деген сенім бар. Әрине, әкім қанша жерден іскер болғанымен, қарамағындағылары алға басқан қадамды кері тартар болса, іскерліктің де ұзаққа созылмасы белгілі. Міне шымкенттіктерді алаңдатып отырған осы мәселе. Әкімнің жанына топтасқандар кімдер?
Біз Ғ.Сыздықбековтың тұрғындармен кездесуі кезінде тапсырмалар өзінің тікелей бақылауында болатынын айтады. Алайда, қала үлкен, жұмыс ауқымды болғандықтан, әр кездесуде айтылған тапсырмаларды бірін қалдырмай бақылау қиын. Міне осы жерде әкімнің көмекшілері, кеңесшілері, басқарма басшылары мен орынбасарларының іскерлігінің қандай екені белгілі болады. Өкінішке қарай, Шымкенттегі басқарма басшылары арасында әкімнің халық алдында айтқанын орындаудың орнына оны ұмытып, екінші ол мәселеге оралмауын қалайтындары бар секілді.
Біз қала әкімінің Қаратау мен Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуінің бәріне болмаса да, бірнешеуіне қатыстық. Тұрғындарға ортақ жайтты жеткіздік. Нақты айтсақ, қаңғыбас иттердің көбейгенін мәселе етіп көтеріп едік, ертесіне ит аулау жұмыстары жанданып, тіпті нәтижесін бізге де баяндап отырды. Бұл қаладағы ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының іскерлігін көрсетсе керек. Ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы кездесу кезінде айтқан мәселелерді орындамақ түгілі ұмытып та кеткен сыңайлы. Біз жолдағы жасанды кедергілердің тым көптігі, олардың арасында заңсыз, ретсіз қойылғандары да аз емес екенін, бұл жүргізушілерге қиындық тудыратынын айттық. Әкім зерделеуге және реттеуге тапсырма берді. Басқарма басшысы Ролан Ибрагимов тапсырманы қабыл алды. Алайда, тапсырма орындаусыз қалды. Дәлірек айтқанда, Ролан мырза оны сектор меңгерушісіне, ол өзінен кейінгі тағы біреуге сілтеді де ақырында мәселе баяғы жартас сол жартас күйі қалды. Қазақта мұндайда «ит итті, ит құйрығын жұмсайды» деуші ма еді? Әкім тапсырмасының орындалуына басқарма басшысының өзі тікелей жауапты емес пе? Бірақ, автомобиль жолдарына келгенде бұл тәртіп жүрмейтін секілді.
Тізе берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біздің негізгі айтпағымыз, әкімнің жұмысын жандандырып, абыройын асқақтататын оның айналасындағы кадрлары. Ал әкімнің тапсырмасын орындаусыз қалдыратын орынбасарлары мен басқарма басшылары тұрғанда жұмыстың ырғақты жүруі, халықтың талап-тілегінің толық орындалуы қиын-ау.
Балқы БАЗАР.