Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Тастұмсық ауылдық кітапханасы мен Қабанбай ШЖНОМ бірлесе ұйымдастыруымен «Тау тұлғалы қаламгер» атты әдеби талқылау сағаты өтті. Әдеби-танымдық сағатқа жазушының құрдастары, ауданымыздың қадірлі азаматтары – Қалаубек Анашов пен Төребек Күзенбаев, Тастұмсық ауыл округі әкімдігінің қызметкерлері, Түлкібас аудандық аналар кеңесінің мүшелері, М.Лермонтов және О. Кошевой атындағы білім мекемелерінің кітапханашылары мен оқырмандар қатысты.

Тау тұлғаның құрдастары жазушының ғұмыры мен шығармашылығына қатысты тың деректерді ортаға салды. Оқырмандар өз мақамымен әдебиетте із қалдырған Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі», «Киікоты», «Бір дорба диплом», «Әпкенің ауылы», «Интернаттың баласы», «Түркілер төрі – Түркістан», «Дауыстың түсі», «Іштарлық пен құштарлық», «Абайды оқы, орында!» атты туындыларынан үзінділер оқып, шығармаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Жазушы шығармаларының негізгі ойы – адамзаттың адамдық үшін өмір сүру, қоғамдағы бүгінгі адамдардың жақсы көру, сыйластық, мейірімді қажетсінуі, туған өлкенің табиғатын қорғау, болашақ ұрпақ үшін сақтау.

Адами қасиеттерді оятуға арналған шығармаларынан қысқа қойылым қойылды. Іс-шара барысында білім мекемесінің директоры Мақсат Абдрахманов сөз сөйлеп, жазушының шығармашылығын насихаттау – бір тұтас тәрбиенің қайнары екенін атап көрсетті. Білім мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоқтасын Сейтмұратова «Мейірім мен махаббат шыңы — Мархабат» баяндамасымен таныстырып өтті. Кітапханашылар Кәрім Гауһар мен Топанбай Мейірхан жазушы шығармашылығына арналған «Тағылымы мол тау тұлға» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Б.Иманбаев,
Түлкібас ауданы