Құқық

Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу маңызды

Мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілді қолдану, қолданыс аясын кеңейту – өзекті мәселе. Осы мақсатта Түркістан облыстық сотында мемлекеттік тілде сот төрелігін жүргізу және процестік құжаттардың сапасын арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Маңызды іс-шараға Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Р. Хасенов төрағалық етті. Оған облыстық соттың
судьялары, прокуратура, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, полиция департаменті және Сот сараптамалары институтының өкілдері қатысты.

«Жиын барысында ауданаралық тергеу сотының судьясы Н. Жораева мемлекеттік тілде сот төрелігін жүргізудің жай-күйі және тергеу материалдарын мемлекеттік тілде ресімдеу мәселелері бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, Түркістан қаласының ауданаралық сотының судьясы Б. Альшеров процестік құжаттардың сапасы, оларда кездесетін типтік кемшіліктер және оларды шешу жолдары жөнінде баяндама оқыды», — деп хабарлайды Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, аталған бағыттағы жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Түркістан облыстық сотында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Нұрия Оралжанқызы Сисенованың қатысуымен «Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істерді қараудың сот тәжірибесі» тақырыбында семинар өткізілді. Семинар барысында облыс судьялары соттар қараған нақты істердің мысалдары негізінде дәлелдемелерді және істің нақты мән-жайларын бағалау, тиісті жауапкерді айқындау, мемлекеттік бажды төлеу, сондай-ақ осы санаттағы істерді қарау кезінде туындайтын өзге де өзекті мәселелерді талқылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *