Біле жүріңіз Өмірдің өзі

Сыры көп – Жапония

Әлем және біз

Бірден айтайын, әзірге Жапониядай таза мемлекет көрмедім. Мұнда Small talk деген атымен жоқ. Яғни, мұнда бос әңгіме айтпайды. Жапондықтар акустикаға сезімтал болып келеді. Барлық жерде тыныштық. Метро, поезға кіргенде тыныштықты сақтау керек. Жалпы, көшеде келе жатсаң ең алдымен сезілетіні тыныштық. Айнала тып-тыныш. Автобус, такси, машиналарда музыка қосылмайды. Әйтпесе, қаншама халқы бар ел ғой. Ол жайлы сәл кейінірек.

Туристерге мүлдем тәуелді емес, яғни, турист олар үшін бірінші орында емес. Бір дүкеннен көйлек алайын деп кірсем «Tourists are prohibited» (туристерге болмайды) деп есіктен сыртқа қарай шығарып салды. «Көйлектерді тек жергілікті тұрғындарға өз қыздарымызға сатамыз» дейді. Мұндай да шынында да біртүрлі болып қалады екенсің.

Көшеде бәрі де маска тағып жүреді. Маскасыз жүрген бірде бір жапондықты көрмедім.

Жапондықтардың ағылшыны онша емес. Мектептерінде бастауыш сыныптарында (1-6 класстар бастауыш болып саналады) тек жапон тілін оқиды. Ағылшын бастауыштан соң қосылады, оның үстіне онша тереңдете оқытылмайды.

Көшеде адамдар көбіне жалғыздан жүреді. Топ боп шулап жүрген жапондықтарды көрмейсің.

Жапония парламенті 4 күндік жұмыс аптасын енгізбекші. Неге? Өйткені Токио қаласының өзінде 1 млн $-дан астам ақшасы бар 1 млн. адам тұрады екен. Олар ақшаларын көп жұмсай бермейді, депозитте ұстайды. Ақша айналымға шықпайды, мемлекет үшін бұл үлкен проблема. Сондықтан, жапон парламентінің ойынша, халық жұмысты аз істесе, демалыс күндері ақшаларын жаратады деп, жұмыс күнін қысқарту жайынжа шешім қабылдамақшы.

Жапонияда 138 млн адам тұрады, Токионың өзінде 33 млн тұрғын бар. Бірақ көшеде хаос, кептеліс дегенді мүлдем көрмейсіз. Салыстырмалы түрде мысал келтірейін, Нью-Йоркта болдым, онда 18 млн адам тұрады. Қалада у-шу, кептеліс, күшігі де, мысығы да, тіпті атжалман тышқанына дейін көшеде шауып жүреді. Жердің үстінде (жолда) толы адам, жердің астында да (метрода) адамдардан кептеліс. Хаостың Отаны дерсіз.

Ал 33 млн адамы бар Токиода тыныштық. Күндіз «миллиондаған адам қайда кетті екен?» деп таң қаласың. Сенесіздер ме, Токиода 4 күн болып, бір рет те жол кептелісінде тұрмадық. Метроға түссек те, ұзын кезектер 30-40 секундта тарқалып кетеді. Көшеде қаңғырып жүрген бір жәндік, бір жануар көрмеппін. Нағыз еңбекқорлардың Отаны. Айта кету керек мұнда барлығы автоматизацияланған. Адамның күн тәртібі секундап жоспарланып қойған. Таңнан кешке дейін барлығы жұмыста. Көшеде беталды жүрген адам жоқ. Кешке барлығы шығып, метроға отырып үйлеріне қайтады. Болды. Токиодағы тіршілік осындай.

Тағы бір байқағаным көшеде орындық жоқ. Бізде көлеңкелі ағаштардың түбіне сәкі, демалып тыныстау үшін орындық орнатып қойған ғой. Мұнда көшеден ондай орындық таппайсың. Анықтап қарасақ, ондай орындықтардың мұнда қажеті жоқ екен. Себебі, жапондықтар көшеде отырып, дем алмайды. Олар әйтеуір бір жаққа асығыс кетіп бара жатады. Қол өусырып қарап отырған пендені кезіктірмейсіз. Дегенмен, халықтың әр түрлі әлеуемттік топтағы өкілдеріне барлық жағдайды жасап қойған. Мысалы ана мен бала бөлмелері көздің жауын аларлықтай құрал-сайманмен жабдықталған. Керектінің бәрі бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған күту бөлмелерінде де солай. Ұсақ-түйекке дейін табылады.

Жапондықтар өте тәртіпті. Айтылған уақытта келіп, жұмыстың бәрі де айтылған уақытта басталады. 5 минутқа кешігу бұларда авария, бір күндік жоспардың барлығы быт-шыт болады. Метро, тіпті таксидің өзі көрсетілген минут, секундына дейін дәл жүреді.

Кешкі сағат 10-нан кейін мұнда өмір жоқ сияқты көрінді. Кешкі 9-дан кейін барлық дүкендер мен кафелер жабылады. Орталықтың орталығы болып саналатын Гинзаның өзінде бүкіл кафе, мейрамхана, бар, дүкендер жабылады екен. Тек американдық 7eleven дүкендер жүйесі ғана тәулік бойына 24/7 мерзімде ашық. Түнде отырып шәй ішу, таңға дейін барда отыру деген мүлдем жоқ. Режимді қатты сақтайтын ел. Таңғы сағат 5-те тұрып, кешкі сағат 10-ға дейін бәрі де жатып қалады. Жас көрінетіні де осыдан болса керек. Жас көрінудің сыры 60% осы.

Интроверт халық. Жапондықтар көбіне жалғыз, бір-бірден жүреді. Тұйық, қоғамдық жерде сөйлеспейді. Тіпті балаларының өзі жыламайтын халық екен енді. Айқайлап, жылап жатқан бала көрмейсің.

Көшесінде қоқыс (мусор) тастайтын жәшіктер жоқ. «Ол жақта қоқысты өзіңмен тасып жүресің» дегенді бір жерден оқып күлгенім бар еді. Босқа күліппін, рюкзагымда мусор тасып жүрем деп ешқашан ойламаппын. О Жапония! Қоқыс тастайтын жәшік жоқ — бірақ тап-таза! Қызық иә? Бұл елде қоқысқа деген бөлек философия бар — әркім өз қоқысына өзі жауапты. Бұл тәртіп. Қоқысты жинаудың өзіне бір Нью-Йоркте жылына 500 млн долларға жуық ақша кетеді. Жапондықтар, ол бюджетті оптимизациялап, акцентті қоқысты әрі қарай қайта өңдеуге акцент қойған. Зауыттарын аралап көргім келген. Бірақ ол жерге 1 ай бұрын хат жазып, келісіп бару керек екен. Сәтін салса, тағы келерміз.

Жапондықтар әрбір кризистен үлкен сабақ алады. Болды — кетті деген философия жоқ. Бір рет болса, екінші рет те болады деген түсінікпен өмір сүреді. Мысалға, халықтың 95% маскамен жүр, шешпейді. Мүмкін, жер сілкінісі мен цунами деген табиғат катаклизмдері солай шынықтырған шығар.

автор

Парламент үйінде болдым. Ғимаратқа кірерде біздегідей қатаң тексерісті байқамадым. Бізде депутаттардың қас жауы сияқтындырып үсті-басыңды түгел тексеріп шағады ғой. Телефон, ноутбук, наушниктеріңді алып қалады. Жапонияда олай емес екен. Парламент үйіне досыңның үйіне қонаққак елгендей күтіп алды. Құжат тексеруден соң жер сілкінісі бола қалған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді. «Мұнда отыруға болмайды», «анда баруға болмайды» деген біздегідей тыйымдар мүлдем жоқ.

Жалпы алғанда мемлекеттік құрылымы біздегідей. Тек мұнда Мемлекет басшысы формальді түрде – Император. Қалғаны тура біздегідей.

Жапония Парламенті –мемлекеттік басқарудағы ең жоғарғы және мемлекеттік заң шығарушы орган. Екі палатаға бөлінген. 

1947 жылы заманауи Жапони Конституциясы қабылданғаннан соң Парламент мемлекеттегі ең жоғарғы билік органы болып есептелуде. 717 депутаты бар. Жоғары палатаның 242 депутаты 6 жылға сайланады екен. Мұнда 8 партияның өкілі бар. Кей мүшелері ешқандай партияның өкілі емес.

475 депутат төменгі палата мүшелері. Олар 4 жылға сайланады екен. Олар да 8 партияның мүшесі және еш ппартияға кірмеген азаматтардан құралған.

Мандаттың көбі (60-70 пайызы) либеральді-демократиялық партия өкілдері. Біздегі Аманат партиясы сияқты партия. Бұл Жапонияны соғыстан кейінгі жылдардан бері басқарып келе жатқан партия. Соңғы рет Парламент сайлауына тұрғындардың 52,04 пайызы қатысыпты. Жапония парламентінде әйел депутаттардың үлесі 10 пайыз. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 22 пайыз екенін естеріңізге сала кетейін…

Назым Жанғазинова, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *