Белгілі кәсіпкер-меценат YOKOHAMA компаниясының Қазақстандағы директоры Сырымбек Тау «Сәлем» мешітіне осыншама қаржы беріп, құрылысына демеуші болған. Бұл туралы «Сәлем» мешітінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылды. «Мешітіміздің құрлысына қаншама елім, жерім, дінім, қазағым деген азаматтарымыз көмек қолын созып, қазіргі жағдаймен үш қабат құрлысымыздың үш қабаты да толық құйылып бітті» дейді мешіт жамағаты.
«Сәлем» мешіті Моңғоляда. Баян-Өлгейде. Сырымбек Тау сонда туып-өскен. Десе де біршама уақыттан бері Қазақстанда тұрып, кәсіпкерлігін өз Отанында дамытып жатқан іскер азамат туған жеріне де қолғабысын беріп тұрудан қашпайды.
«Сырымбек Тауұлы мешітіміздің құрлысына 55.000 АҚШ доллары яғни 200.000.000 төгрөгпен қолдау көрсетті» дейді «Сәлем» мешітінің жамағаты.
Төгрөк (тугрик) – моңғол валютасы.

«Бұл – нағыз елін сүйген, жерін қадірлеген, дінін ардақтаған азаматтың ісі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Сырымбек бауырымыздың бұл игі қадамы – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да алғысына бөленер үлкен сауапты іс болды.
«Туған жерге туың тік» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Еліміз бен жеріміздің мерейін асырып, ата-бабамыздың аманатын орындап, халыққа мешіт салып беру – ең үлкен садақалардың бірі. Осындай азаматтарымыздың арқасында Алланың үйі бой көтеріп, имандылықтың шамшырағы жағылып отыр.
Осы орайда біз Тауұлы Сырымбек секілді жүрегінде елі бар, қолында мүмкіндігі бар жомарт жандарға Алла разы болсын айтамыз!
Жасаған қайырлы істері Қиямет күні алдынан нұр болып шықсын!
Алла Тағала осындай асыл азаматтарымыздың санын арттырып, мешітіміздің құрылысын аман-есен аяқтап, халқымыздың рухани орталығына айналдыруды нәсіп етсін!
Бұл – жай ғана ғимарат емес. Бұл – жүректер тоғысатын, жандар тыныштық табатын мекен.
Мешіт – Раббымызбен жалғасатын көпір,
Мешіт – күнәлардан тазаруға себеп,
Мешіт – мұсылмандардың бірлігі мен бауырмалдығының белгісі.
Адамдардың жүрегін бір жерге жинап, иман мен мейірімділікке бастайтын осы қасиетті орынды көркейту – әрбіріміздің ортақ міндетіміз»
«Сәлем» мешітінің ресми парақшасында осылай деп жазылған.
