Бесіктің қасиеті – тазалықты таныту екенін әрбір ана білетіні, әрине, шүбәсіз. Қазіргі қолданып жүрген жөргектің (памперс) зияны туралы ғалымдар айтып-ақ берген. Ал әжелеріміз не дейді, ол туралы тыңдайсыз ба?
Хадуба деген әжеміз бар, балаға қатысты айтарын дәлелмен айтады. «Памперс баланың жиіркену сезімін жояды. Бала өз боғынан жиіркенбей өссе бойындағы тітіркену сезімдерін жоғалтады», — дейді ол кісі.
Біздің қоғам еуропашыл болып алғалы ата-бабаның бұрынғыдан бүгінгіге жеткен ой-толғамдары теңіз түбіне батқандай жоғалып барады, есесіне батысшыл батпақтан көрінбейді. Ғылымға келгенде шетел ғалымдарынан ғаламат жаңалық іздейміз. Жан-дүниемізге етене жақын қазақ ұлтының әрбір отбасында ғалым баба, әже, апа барын бағалай алмай жүріп дүниені шарлап дүбәра оқымысты болғысы келетін ұрпақ болмысы қалыптасуда.
Төрт-ақ кластық білімі бар анам марқұм көрсеткен үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие өміріме үлкен сабақ болғанын сәт сайын жадымда жаңғыртып тұрамын. Шай үстіндегі әңгімені де сәбиі бар үйде абайлап айту керек екенін осы Хадуба әжеден естідім. Бала – сезімтал, «пәленше жолға шықты, үйге келеді» десеңіз, балаға қонақтың қамшысы тиіп мазасызданады екен.
Балаға жастайынан ненің ұят екенін үйрету үшін «кәкәй» деген сөзді қолданбайтын ата-әже бар ма екен? «Кәкәйінің» үстінде отырып каша жейтін балаға не үйретеміз?
Ақмарал Леубаева,
Шымкент қаласы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының аға ғылыми қызметкері.
