Басты жаңалықтар Білім, ғылым

Абайдың «Толық адамы» және бүгінгі жастар

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Аударма ісі және шетел тілдері кафедрасы доцентінің м.а., педагогика ғылымдарының кандидаты Қалия Қиясова «Толық адам – саналы, білімді, жауапты тұлға» тақырыбында кафедраның жас мамандары мен білім алушы жастарға дәріс өтті. Дәрістің негізгі мақсаты – толық адам ұғымының мәнін түсіндіру және оның күнделікті өмірмен байланысын көрсету.

Қазақ философиясы мен әдебиетінде толық адам мәселесін терең қарастырған ойшылдардың бірі – Абай Құнанбайұлы. Абайдың көзқарасы бойынша, адамның кемелденуі үшін ақыл, қайрат және жүрек бірлікте болуы қажет. Толық адам идеясының үш мәніне жеке тоқталып, білім алушыларды белсенді қатыстыру мақсатында олардың да пікірлері тыңдалды. Ақыл адамға ойлануға, білім алуға, жағдайды талдауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бірақ ақыл ғана жеткіліксіз, өйткені адам ненің дұрыс екенін түсінсе де, оны орындауға әрдайым батылы жете бермеуі мүмкін. Қайрат – адамның жігері, табандылығы және бастаған ісін соңына дейін жеткізу қабілеті. Мысалы, студенттің жақсы нәтиже көрсетуі үшін мақсаты болғанымен қатар, күнделікті еңбектенуге де ерік-жігері болуы керек. Ал, жүрек адам бойындағы мейірімділік, әділеттілік, ар-ұят сияқты қасиеттерді білдіреді. Егер адам ақылды әрі табанды болғанымен, өзгенің құқығын ескермесе, оның әрекеті адамгершілікке сай болмауы мүмкін.

Сондықтан Абай идеясының негізгі мәні – осы үш қасиеттің үйлесімін қалыптастыру. Бұл көзқарас бүгінгі күні де өзекті, себебі қоғамға білімді ғана емес, ақылын ізгі мақсаттарға бағыттайтын адамдар қажет. Бұл ой оның «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген жолдарынан көрінеді. Дәрісте жастар Абайдың осы өлеңін жатқа айтып, сабақты жандандыра түсті.

Білімді тұлға дегеніміз – тек ақпаратты есте сақтайтын емес, оны түсініп, талдап және тәжірибеде қолдана алатын адам. Білім алу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен адам жаңа ақпаратты меңгереді. Одан кейін оның мағынасын түсініп, басқа біліммен байланыстырады. Келесі кезеңде алған білімін нақты жағдайда қолданады. Ал талдау арқылы ақпараттың мәнін тереңірек түсінеді және өз көзқарасын қалыптастырады. Мысалы, университетте шет тілін үйреніп жүрген студент грамматикалық ережелерді жаттап қана қоймай, оларды сөйлеуде, жазуда және аударма жасауда қолдана білуі керек. Сонда білім теориялық деңгейде қалмай, нақты дағдыға айналады.

Білімді тұлғаның тағы бір маңызды қасиеті – үздіксіз ізденіс. Қазіргі әлем үнемі өзгеріп отырғандықтан, бір рет алған біліммен шектелу жеткіліксіз. Адам жаңа ақпаратты меңгеріп, өз қабілеттерін дамытып отыруы қажет. Сонымен қатар өзін-өзі бағалау да маңызды. Адам «Мен нені үйрендім?», «Қай тұста қиналдым?», «Нені жақсартуым керек?» деген сұрақтарды өзіне әрдайым қоя білуі керек.

Жауапкершілік – адамның өз міндеттерін түсініп, сөзі мен әрекетінің нәтижесін мойындай білуі. Жауапкершілік ең алдымен адамның өзіне деген қатынасынан басталады. Мысалы, денсаулығына көңіл бөлу, уақытын тиімді пайдалану, оқуына жауапкершілікпен қарау және алдына қойған мақсаттарына жетуге ұмтылу – осы қасиеттің көріністері. Толық адам болу үшін білім мен жауапкершіліктен бөлек, адамның бойында адалдық, әділдік, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты берік құндылықтар болуы қажет. Өйткені, Құндылықтар – адамның өмірдегі таңдауына, көзқарасына және мінез-құлқына бағыт беретін қағидалар. Олар адамның қандай әрекетті дұрыс, ал қандай әрекетті бұрыс деп қабылдайтынына әсер етеді.

Сабақ соңында «Бүгінгі тақырыптан қандай жаңа ой түйдік? Толық адамға тән қасиеттердің қайсысы біз үшін ерекше маңызды? Өзімізді дамыту үшін қандай нақты қадам жасай аламыз?» деген сұрақтар арқылы кері байланыс жасалды. Сабақ көңілді жастардың Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындауымен аяқталды.

Рүстем Әуелбеков.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *