Шымкент

Тағы бір ауылға газ жетті

 

Мегаполис болса да Шымкентте ауыл кейпіндегі тұрғын алабтар жетерлік. Көбі қала орталығынан шалғай орналасқан. Десе де орталыққа жақын болса да коммуналдық инженерлік жүйелердің шарапатынан құр қалып келгендері де баршылық.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әкім болып тағайындала салсымен сондай ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Көбі «қалада тұрсақ та әлі күнге көмір жағып, күл шығарамыз» деп налыған еді. Тұрғындардың талап-тілегін қабыл алған әкім сала мамандарына тез арада зерделеу жұмыстарын жүргізіп, газ құбырын тарту ісін жеделдетуді тапсырған-ды. Міне, сол тапсырманың нәтижесі – кешегі аптада 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ тұрғын алабына газ берілді. Тұрғындар осыған дейін газ балонын сатып алып келген. Ал қыста түтіндетіп пеш жағатын. Негізі бұл аумаққа газ құбыры 2022 жылы тартыла басталған. Созбалаңға салынған іс толық аяқталмай сиырқұйымшақтанып кеткен-ді.

Қала әкімі халықты сапалы қызметпен қамтуды, газ құбырын ертерек пайдалануға беруді тапсырғаны сол екен, тиісті сала мамандары да жұмысты қарқындата түсті. Нәтижесінде абоненттердің 60 пайызы көгілдір газға қол жеткізсе, қалған 40 пайызы қараша айының соңына дейін қосылады. Биыл, жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай, Бозарық және Көктөбе шағын аудандарының тұрғындарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Алдағы күндері жарықтан да мәселе туындамауы керек. Себебі, қала әкімі сапалы энергиямен қамтамасыз ету мәселесін сала мамандарымен арнайы талқылап, күрделі проблемаларды шешу жолдарын қарастыруда.                                                                                                                                                                                                Ал жақында Шымкентте 110 кВ кабельдік желімен жабдықталған 36 МВт қосалқы станция іске қосылды. Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор екенін атап өтті.

– Шымкент қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, инвесторлар есебінен салынған қосалқы станция жаңа тұрғын үйлерді және коммерциялық нысандарды тұрақты және сапалы электрмен қамтамасыз етеді. Станцияны қосу халық саны өсіп келе жатқан қаланың энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етудегі басты қадам болмақ, — деді ол.

Бірінші кезеңде 5 221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қосалқы станция 7500-ден астам абонентті қосып, тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады.

Станция стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін озық технологиялар мен жабдықтар пайдаланылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *