Түркістан қаласы тағы бір тамаша туристік нысанмен толықты. Дәлірек айтқанда, төрт қақпалы қалада «Есу арнасында» суға шомылуға арналған, ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайтын жаңа жағажай ашылды. Ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы жаңа демалыс орны тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асқанын атап өтті.
Демалыс аймағында демалушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында суға түсуге арналған арнайы орындар, 4 құтқару мұнарасы, киім ауыстыру бөлмелері, көлеңкелі шатырлар, балалар ойын және су сырғанақ алаңдары, жағажай волейболы мен воркаут алаңдары, катамаран және қайықпен серуендеу қызметі, банджи-батут секілді ойын-сауық нысандары қарастырылған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар тұрақты қызмет атқарады. Мамандардың сендіруінше, су сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және экология саласы мамандарының зертханалық тексерулерінен өткен.
Ендігі жерде түркістандық тұрғындар мен қала қонақтары жаңа жағажайда күнделікті сағат таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін шомылып, демалуларына болады. Жағажайға кіру құны да қымбат емес, 6 жасқа дейінгі балаларға тегін болса, 7-14 жастағыларға – 500 теңге, 15 жастан жоғары ересектерге – 1000 теңге болып бекітілген. Міне, қасиетті Түркістанда осындай жағымды жаңалықтар жиі орын алуда.
