Тосын сұрақ
Қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы уақыт қалды. Исі мұсылман асыға күтетін қайырлы айдың берері мен сауабы мол. Сондықтан да дүниедегі барша мұсылман қауым арасында Ораза ұстап, ауыз бекітуге құмбыл жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Рамазан айының талаптарын орындауға тырысатындар көп. Десе де біз өз оқырмандарымыздың арасында бірнеше азаматқа тұрақты айдарымыз «Тосын сұрақтың» кезекті сауалын жолдаған едік. Сонымен, Оразаға қандай дайындықпен келу керек және Сіздің дайындығыңыз қалай? Қасиетті айға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
Ақжол ҚАЛШАБЕК, Филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, «Мұхтартану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы ғалым:
«Аурасын сағынып қаламын»
– Рамазан айына деген дайындығым жақсы. Жыл сайын асыға күтетін айымыз. Оның ерекше аурасын сағынып қалатынымыз да рас. Құдай бұйыртса бұл менің ауыз бекітетін 24-ші Оразам.
Мүмкіндікке қарай ауызшар беруге ниеттімін. Кейде бір топ адамға, кейде бір адамға болса да дәм ұсынып, ауызашар беруге тырысамын.
Қалиолла МАДЖАН, «Ықылас» медресесінің төрағасы:
«Ауызашар ағайынды жақындастыратын үрдіс»
– Аллаға шүкір, өзім 30 жылдан бері ауыз бекітіп келемін. Биылғы Рамазан айына да отбасымызбен зор қуанышпен, үлкен дайындық үстіндеміз. Қажетті азық-түлігімізді алып, қам жасап жатырмыз. Ауыз бекітіп, Ораза ұстау мұсылман баласы үшін міндетті бес парыздың бірі. Балиғатқа, яғни 13 жасқа толғаннан бастап Ораза тұтқан жөн. Оның үстіне Оразаның адам ағзасына, денсаулығына пайдасы өте көп. «Ораза денсаулық кепілі» деген Пайғамбарымыз (с.а.с). Бір жыл бойы жиналған шлактан арылуға көмектеседі.
Рамазан айында көпті жинап, шаңырағымызда ауызашар беруді дәстүрге айналдырғанымызға да көп жыл болды. Осы үрдістен биыл да жаңылмаймыз деп отырмыз. Ауызашардың өзі адамдарды ынтымаққа, бірлікке, татулыққа шақыратын үрдіс. Қазақ айтады ғой, «айында көріспесе ағайын жат» деп, Рамазан айындағы әрбір ауызашар ағайынды жақындастыра түсетін, кемшілігі үшін кешірім сұрап, ренжіткен болса татуласатын шақ. Мейірім мен ізеттілікке үндейтін ай. Осындай айды қалай қуанып, қалай құшақ жайып қарсы алмасқа?!
Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі:
«Анамның ұдайы айтатын насихаты осы»
– Рамазан айына деген дайындық жаман емес. 2003 жылдан бері ауыз бекітіп, Ораза ұстаймын. Қайырымдылық пен ізгіліктің айында осы бір қасиеттерді мейлінше көпшілікке дәріптеу, насихаттауға тырысамыз. Түлкібас, Ордабасы аудандарын басқарған кезде де, қазір Түркістан қаласында да рамазан айында мүмкіндігінше мұқтаж азаматтарға көңіл бөлуге, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарға көмек көрсетуге басымдық беріп келеміз.
Ата-бабамыздың «Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы болады» деген даналығына ұйып жетілген ұрпақпыз. Жыл сайын әкім ретінде тұрғындардың бірқатарына ауызашар ұйымдастырсақ, жеке азамат ретінде ағайын-туыстың басын қосып, үйде ауызашар беріп тұрамыз. Төрде отырған ардақты анамның да ұдайы айтып отыратын насихаты осы. Оразада ауыз бекітіп, ізгілікті істермен жарысқанға не жетсін?!