Сақ болмасаңыз, оның тілсіз жауға айналуы әп-сәтте
Екі аптадан бері табылмай жатыр
Өкінішке қарай, Түркістан облысында наурыз айының соңын ала екі бірдей бүлдіршіннің суға кету оқиғасы орын алды. Оның бірі Келес ауданының орталығы Абай ауылында болды. 23 наурыз күні кешкісін ойнап жүрген 7-8 жасар балақай Келес өзеніне құлап кеткен. Баланы іздеуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен қоса «Барыс» республикалық жедел құтқару жасағы жұмылдырылды, дрон қолданылуда. Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар, әкімдік, полиция тарапынан да адамдар жаппай атсалысуда. Бірақ баланы табу қиынға соғуда.
Біз баланы іздеу барысы қалай жүріп жатқанын Келес ауданы әкімдігінің қызметкерлерінен сұраған едік. 6 сәуір күнгі сағат 11-дің шамасында хабарласқанымызда іздестіру шаралары әлі нәтиже бермегенін естідік. «Бала суға түсіп кеткен аяқ киімін алмақ болғанда құлаған екен. Су оны ағызып әкеткен. Содан бері іздестірілуде, табылмай жатыр», — деді бізге аудандық ішкі саясат, мәдениет және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Дәурен Ілес. Осылайша екі апта бойы жүргізілген іздестіру жұмыстары әлі нәтижесіз.
2-ге толмаған сәби мерт болды
Ал Сайрам ауданының Машат ауылында болған қайғылы оқиға кезінде жасы 2-ге толмаған бүлдіршін мерт болды. Бұл оқиға 31 наурыз күні кешкісін орын алған. Кішкентай қыз бала ойнап жүріп өзенге құлап кеткен. Ата-ана, туған-туыстары, ауыл жұртшылығы болып іздегенімен оны табу мүмкін болмады. Іздеуге облыс орталығынан, Шымкенттен жедел жеткен құтқару жасақтары, полиция, жедел жәрдем қызметі, арнайы техникалар жұмылдырылды, спутниктік байланыс құралы, арнайы дрон қолданылды. Су ағызып әкеткен сәбидің денесі арада төрт күн өткен соң, 4 сәуір күні табылды. Су баланы өзенмен төмен қарай 7 шақырымдай қашыққа ағызып әкеткен екен.
Қазір өзен-көлдердегі судың молайып жатқан кезі. Таудағы еріген қар, жауған жаңбыр өзен суларын көбейтіп жатыр. Сондықтан өзен жағасындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек. Өзен-көлге жақын, таяу маңнан канал суы өтетін ауыл тұрғындары әсіресе балаларды қараусыз қалдырмауды естен шығармаған жөн.
«Маевкада» да сақтық маңызды
Бүгінгі күндері Оңтүстік өңірінде жұрт табиғат аясына шығып, демалуды бастап кетті. Дала төсіне, өзен жағалауларына шығып қызғалдақ арасында суретке, видеоға түсіп, мәре-сәре боп жүргендер бар. Көп ұзамай «маевкалар» маусымы басталады, жұрт отбасымен, ұжымдастарымен табиғат аясына, саялы, сулы жерлерге барып бой сергітеді. Осындай кездері де судан келетін қауіпті естен шығармаған жөн. Әсіресе балаларға аса абай болу керек. Өйткені олар судан келетін қауіпті аса сезіне бермейді. Оңтүстікте осындай «маевкалар» кезінде ата-ананың қарауынсыз қалған кішкентай балалардың, жеткіншектердің абайсызда суға құлап, қаза тапқан оқиғалары бұрын да болған. Көп ұзамай шомылу науқаны да басталады. Осы кезде де судан келетін қауіп жайын ескере жүрген абзал.
Көктем, «маевка» кезіндегі тағы да бір қатаң есте ұстайтын жайт – кененің шағуынан сақтану. Қыс бойы ұйқыда жатқан бұл жәндіктер қазір белсенді тіршілік әрекетіне кірісіп кеткен. Арасында «Конго-Қырым қанды безгегін», басқа да жұқпалы ауру тарататындары болуы мүмкін.
Қысқасы, табиғат аясында тынығамыз деп жүріп, жоғарыда аталғандай қауіпке ұрынып қалмаңыздар! «Сақтансаң – сақтайды» деген…
Д. Ораз.
