Шотландияның Сент-Эндрюс университеті мен АҚШ-тың Дартмут колледжінің ғалымдары бір қызық гипотеза жариялады. Лондоннан шығатын «Просидженз оф зе Ройяль сосайети» («Proceedings of the Royal Sosiety») ғылыми журналында жарияланған тұжырым адамды қызық ойларға жетелейді.
Біз қазір сөйлемейтін адамды көзге елестете алмаймыз. Қоршаған ортамен қарым-қатынастағы әрекеттер үшін бізге сөйлеу міндетті түрде керек. Күн сайын түрлі ақпараттар аламыз, сөйлесеміз, сырласамыз, әндетеміз – барлық іс-әрекетіміз сөзбен байланысты. Ал адамдар сөйлеуді қалай үйренген? Сент-Эндрюс университеті мен Дартмут колледжінің ғалымдарын, міне, осы сұрақ қатты ойландырған екен. Ондаған жылдар бойы маймылдарға жүргізілген зерттеулер кезінде олардың бір-бірін үйрету, аң аулауды ұйымдастыру, әлеуметтік иерархияны түсініп, мойындау, кейбір құралдарды жасау машығын ұрпағына беру сияқты маңызды нәрселерді ешқандай сөйлеусіз-ақ іске асыратынына назар аударылған. Осыдан егер мұндай істер үшін тілдің аса қажеті болмаса, онда адамға сөйлеу не үшін қажет болды деген сұрақ туған.
Бұл сұраққа байланысты Кэтрин Хобайтер есімді профессор: «Мәселе оттың пайда болуында», — деген тұжырым келтіріпті. «Жағылған оттың жанында уақыт өткізу оларға төрт сағатқа дейін кешкі белсенді уақытта бірге отыруға мүмкіндік берген. Бұрын бұл уақытта тас қараңғы, әркім өзімен-өзі болып жүрсе, енді адамдар оттың жарығына жиналып, алқа-қотан бірге отырады, бір-бірін, не істеп отырғанын көреді. Бәрі бірге болғасын өздерін қауіпсіз сезінеді. Адамдар осыны ұғына бастаған. Оттан шығып тұрған жарықтың ұзақтығы оларды өзара сөйлесуге ынталандырған. Бұған дейінгі қарабайыр дабылдар, ым, ишара, әрекеттер енді сөзге айнала бастаған. Оттың жылтылдауы ұйқыны ашады әрі мидың нейрондық белсенділігін үйлестіреді. Адамдар енді ортақ іс қажетін, бірлікті сезіне бастаған. Бұл жағдай адамдарды сезімдері мен ойларын өзара бөлісуге итермелеген, содан бірте-бірте сөз бен күрделі сөйлем құрау туындаған», — дейді олар.
«Адам алғашында аңдар мен құстардың үніне, желдің, шудың дауысына еліктеп дыбыс шығарған. Осы еліктеген дыбыстар бірте-бірте нақты ұғымдар мен құбылыстарға бекіген. Қоғам дами келе сөз де дамыған. Түрлі қауымдастықтар бір-бірін түсіну үшін сөзді дамытып қолдана түскен. Өйткені ол бірігіп аң аулауда, егін егуде, жаудан қорғануда, баспана салу кезінде ұғынысуда пайдалы болған. Дыбыс қоғамдық өмірдің сұранысына қарай іс-әрекеттерді үйлестіру, ұйымдастыру бағытында дами түскен. Өз кезегінде ол миды дамытқан. Адамның көмейі де дауыс ырғақтарын дұрыс жеткізетіндей болып қалыптаса бастаған. Мидың ойды, іс-әрекетті басқаруы дамыған. Бұдан 1 миллион 600 мың жыл бұрын адамдар тастан еңбек құралдарын, қару жасауды үйренген. Сосын сөз пайда болған, адамдар сөйлем құрауды үйренген. Адамдардың ірі қауымдастықтарының пайда болуына байланысты осыдан 50 мың жылдай бұрын тілдің дамуында бірден ілгері басушылық жүрген. Соның нәтижесінде ортақ бір тілден қазіргі 6 мыңнан астам тіл пайда болған», — дейді зерттеушілер.
Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Негізі түрліше пайымдағаны болмаса, «адамның сөйлеуі дәл осылай пайда болған» деп ешкім де тап басып айта алмайды. Ал қасиетті кітабымыз — Құранда баршамыздың түбіміз — Адам ата мен Хауа ананың, олардың балаларының бір-бірімен тіл қатысқаны туралы айтылады. Яғни тіл, сөз әу бастан, адам жаратылғаннан бар. Дегенмен «жұмыртқа бұрын пайда болған ба, әлде тауық бұрын пайда болған ба?» деп әр нәрсеге бас қатырғыш адамдар үшін бұл да бір қызық тақырып болып тұр екен.
