Мәселе

Сарыағашта халық жолды жапты

Тұрғындардың жолды жабуына не түрткі болды? Аптықпай, мән-жайды басынан тарқататын болсақ…
Апта басталысымен Сарыағаш ауданында бір топ ауыл тұрғыны республикалық маңыздағы жолды жапқаны туралы хабар жетті. Сұрастырып білгеніміздей, тұрғындар талабы инфрақұрылымның нашарлығына байланысты екен. Яғни, ауылда ауыз су, жол мәселесі әлі күнге шешімін таппаған. Халық өтініштеріне ешкім құлақ аспаған соң, жол жабудан басқа амалдары қалмаған секілді. Әрине заң талабын назарға алсақ, жолды жабуға болмайды. Тұрғындар наразылығы алдын ала әкімдікке ескертіліп, рұқсат алынуы тиіс. Олай жасалмаған жағдайда наразы топтың өздері әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Мұны Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінің тұрғындары білмеді емес, білді. Алайда, биліктің назарын аудару үшін бастарын бәйгеге тіксе де осылай етуге мәжбүр болғаны байқалады. Дұрысы жергілікті биліктің немқұрайдылығының салдары наразылықтың туындауына себеп болған сыңайлы. Осы оқиғаға қатысты Құркелес ауылдық округінің әкімі Мейіржан Тұрсынқұловқа хабарласқанымызда ол кісі былай деді: «Бүгін, 2024 жылдың қыркүйек айының 23 жұлдызында Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі Еңкес елді мекенінде сағат 10-15 шамасында ауылдың 32 тұрғыны Республикалық маңызы бар «А-15» автожолы бойына Рамадан және Шалхар көшелеріне асфальт төсеу мәселесі бойынша аталған жолдың 196 шақырымына жиналып, уақытша жолды жапқан. Тұрғындар жолды жабуға бара жатыр дегенді есітіп бірінші өзім бардым, артынша аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байғабылов, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің башысы Мұхит Досболов келіп, жиналған халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында бас-аяғы 2-3 минутта жол ашылып, тұрғындар үйлеріне тарады».

Көп ұзамай Сарыағаш ауданы әкімдігі де төмендегідей ресми мәлімдеме тартты: «Бүгін, 2024 жылдың қыркүйек айының 23 күні Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі Еңкес елді мекенінің тұрғындары Республикалық маңызы бар «А-15» автожолы 196 шақырымының тұсын ауыз су, жол және электр мәселелері бойынша жапқан. Жиналған тұрғындарға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокуроры Мақсат Мошқалов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Есенғали Бейсебаевтар жол жабудың заңсыз екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Құркелес ауылдық округі, Береке елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары 2017 жылы басталған. 2018 жылдан 2022 жылға дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралмаған соң құрылыс тоқтап тұрған. 2023 жылдың мамыр айында аудан әкімі А.Абдуллаевтың бастамасымен мемлекеттік бюджеттен қалдық қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жандандырылды. Қазіргі таңда Береке елді мекенінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүйеге орнатылған құдықшалардың қақпақтарын (сынған, ұрланған) түгендеу мен су қоймасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Оңтүстікауызсу» РМК тарапынан жаз мезгілінде ауыз суды тұтыну көлемі артуына байланысты ауыз су беруге мораторий енгізілген болатын. Осыған орай, Береке елді мекенінің ауыз су құбырларын тексеру, қысымдау жұмыстарын жүргізуге су алу үшін «Оңтүстікауызсу» РМК келіссөздер жүргізілуде.

Аталған ауылдық округке қарасты Еңкес елді мекенін сапалы электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында электр бағаналары, жабық трансформатор орнатылып, электр желілері тартылған. Сонымен қатар, құрылғылары жинақталды. Сондай-ақ, қосалқы станцияда 2 дана трансформатор қондырғысы орнатылды. Бүгінде аталған

трансформатор қондырғыларын электр жарығына қосу үшін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тиісті құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Құркелес ауылдық округіне қарасты Еңкес елді мекеніне «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында «RRR GROUP 2018» ЖШС және «Сарыағаш ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі арасында Шалхар, Рамадан L=3600 м, көшесінің жол жабындысын орташа жөндеу жұмыстары бойынша келісім шарт түзілген. Мердігердің кепілдеме хатына сәйкес, осы жылдың қазан айында көше жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады. Бүгінгі таңда, құбыр орнату және тас төсеу жұмыстары аяқталды».

Бұл ресми мәлімет, яғни кемшілік бар екенін әкімдіктің өзі де жоққа шығармайды. Кемшілік жөнделеді. Бірақ, қашан? Президенттің «2025 жылға дейін Қазақстанда жолдың жағдайы жақсы болу керек» деген тапсырмасы қайда қалды?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *